Кешегі кеңес заманында Көкшетау облысындағы кеңшар директорларының ішінде мықтылардың қатарында саналған Ғазиз Құсайынұлы Құсайынов тірі болса өткен жылдың соңында 90 жасқа толар еді. Өңірде табан аудармастан 20 жылдан астам бір шаруашылықты басқарып, әрі оны мықтап қалыптастырған басшылар көп емес қой. Жаңадан құрылған «Колос» кеңшарының барлық әлеуметтік-өндірістік нысандары Ғазиз Құсайынұлы директор болған жылдары салынды.
Менің есіме 1992 жылдың тамыз айы түседі. Біз сол кезде алғаш рет жақын танысып едік. Мен онда Көкшетау облысының Ленин ауданына қарасты «Қазан» кеңшарының бас инженері болып жұмыс істейтінмін. Бір күні таңертең күтпеген жерден аудан әкімі Қайыргелді Әкімбеков шақырып жатқаны туралы хабар түсті. Қайыргелді Әлімұлы өзіне тән тік мінезімен:
–Егер кеңшарға директор болуды ұсынатын болсам, басқара аласың ба? – деп сұрады.
Отыз бір жасқа аяқ басқан кезім еді. Бұған дейін ірі кеңшардың бас инженері болып төрт жыл жұмыс істегенмін. Оған қоса басшының бірінші орынбасарымын әрі директор жоқ кезде оның да міндетін атқаратынмын. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласында біршама тәжірибе жинақтап қалғандықтан мұндай ұсыныс түсіп жатса, құптаған жөн деп шештім.
–Қай кеңшар ұсынылып отыр? – деп сұрадым.
Әкім болса Ғазиз Құсайынұлының зейнет демалысына шығуына байланысты әңгіме «Колос» кеңшары туралы болып отырғанын жеткізді.
Көкшетау облысы әкімшілігінің басшысы Ж.С.Кәрібжанов пен оның орынбасарларымен әңгімелесуден өту кезінде алдағы жауапкершілік жайын ойлаумен болдым. Ғазиз Құсайынұлы 23 жыл басшылық жасаған, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымдарын құрған кеңшарды басқару, Кеңес Одағының ыдырауымен тұспа-тұс келген дағдарыс тұста барын сақтап қалу оңай шаруа емес еді.
Бірнеше күннен кейін, барлық әңгімелесулерден өткен соң «Колос» кеңшарының директоры етіп тағайындалғаным туралы бұйрықты алып, жұмыс күнінің соңына қарай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығымен бірге шаруашылыққа келдік. Ғазиз Құсайынұлы бізді жылы қарсы алды. Естен кетпес жалынды жылдарын өткізген кеңшардың болашағына алаңдайтынын да айтып жатыр. Маған бата берді. Бұдан соң кеңшар ұжымына таныстырды. Келесі күні кеңшар шаруашылығымен танысуды бастадым. Алғашқысы Тұғыржап бөлімшесі. Шағын ауыл жақсы әсер қалдырды. Сексен түтіннен тұратын ауылдағы тұрғын үйлер негізінен екі пәтерлі екен. Қай жағына қарасаң да тап-таза. Барлық көшелер асфальтталған. Ол кезде облыстың кейбір кеңшарларында бөлімшелер былай тұрсын, кеңшар орталықтарының көпшілігінде мұндай жағдай жоқ еді. Ауылда отыз орындық балалар бақшасы мен сегіз жылдық мектеп жұмыс істейді. Мектеп жанында жаңа білім ошағының іргетасын орнатуға қам жасалыпты. Жоспар бойынша болашақ білім ошағы 120 орындық, әрі спорт залын салу да қарастырылған. Кейін біз үш жыл ішінде осы мектепті ПМК-205 ұжымының күшімен өз қаржымыздың есебінен салдық. Бірақ, өкінішке орай пайдалануға бере алмадық.
Орталық қоныс Үлгілі селосының бас жоспары тамаша жасалған екен. Ауыл орталығында футбол стадионы, күрес өткізілетін спорт залы, мәдениет үйі, жазғы би алаңы бар. Айнала тұрғын үйлер салынған. Орталық көшелерге асфальт төселген. Шамамен тұрғын үйлердің 90 пайызы орталық жылу жүйесіне қосылған. Балалар бақшасы мен профилактория мінсіз. Кеңшарда 20 мыңға таяу қой, 1900 бас етті бағыттағы қара мал, 480 жылқы бар. Осы табын-табын малдың қоражайы да салынған. Егістік көлемі 16 мың гектарды құрайды. Машина-трактор паркі аздап жаңартуды қажет етеді екен. Әсіресе, орталық МТМ мен тракторларға техникалық қызмет нысаны көңілге қуаныш тудырды. Өз шаруашылығының және төңіректегі ауыл-село тұрғындарына сатуға балапан шығаратын инкубатор цехы жұмыс істейді. Мамандар өздерінің қызметтеріне лайықты. Олардың барлығы Ғазиз Құсайынұлының шәкірттері. Үлкен өндірістік өмір мектебінен өткен, кез-келген міндетті атқара алатын мамандар. Егер бір сөзбен айтсақ, жұмысты ұйымдастыру деңгейі, технологиялық тәртіп өндіріс қалыбы мен әлеуметтік нысандардың барлығы өте жақсы жағдайда. Ғазиз Құсайынұлының ұзақ жылдар бойы бойындағы бар күшін, білімін кеңшардың материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының көркеюіне жұмсағаны көрініп тұр. Тұрғындар бұрынғы басшыларына қалтқысыз құрмет көрсетіп, Ғазике деп атайды екен. Ол кісінің сөзін бұлжымас заң ретінде қабылдайды.
Бұл кезде әлі социалистік қоғам еді. Қазіргі күні керек затыңды ақшаңа сатып алатын болсаң, ол кезде барлығы жоғарыдан бөлінетін. Жасыратыны жоқ, шаруашылыққа қажетті техниканы, құрылыс материалдарын алу үшін жақсы таныстарың болуы керек. Ал, Ғазиз Құсайынұлының облыста беделі өте зор болды. Оны барлық деңгейдегі басшылары жақсы танитын. Ғазиз Құсайынұлы өзінің бар абырой-беделін шаруашылықты өркендетуге жұмсады.
Құрметті демалысқа шыққан соң Ғазиз Құсайынұлы өзінің туған жері Еленовка селосына қоныс аударды. Бізге де жиі келіп тұратын. Әр келген сайын шаруашылық нысандарын аралап көріп, кеңсеге соғатын. Мен болсам облыстан келетін әлдебір комиссиядан гөрі Ғазикеңнің келген сапарына алаңдаушы едім. Біз жиі-жиі пікір алмасып тұрдық. Мен өзімнің жоспарларым, сол кездегі жағдай туралы айтып отыратынмын.
Жағдай шын мәнінде былай болды. Кеңшар өндіретін өнім құны күрт төмендеп кетті. Астық, ет, жүн өнімдерін мемлекет бұрынғыдай толымды бағаға сатып алуды тоқтатты. Амалсыздан арзанға өткізе бастадық. Кеңшардың негізгі өнімдерінің бірі жүн болатын. Ал, оны тапсырған кезде одан түсетін пайда сала жұмысшыларының еңбекақысына да жетпей қалды. Дәл мұндай жағдайда тұрақты табыс туралы не айтуға болады. Қой шаруашылығы, жалпы барлық мал шаруашылығы шығынды салаға айналды. Бір тонна көмір алу үшін бір тонна астық тапсыру қажет. Біздің шаруашылықтың барлық әлеуметтік нысандарын және жеке секторды қамтамасыз ету үшін жылына бес мың тонна көмір қажет. Мұндай жағдайда әлеуметтік саланы сол қалпында сақтап қалу қиындай түсті. Мектептің, мәдениет үйінің, балалар үйінің, басқа да нысандардың шығынын кеңшар көтеретін. Маған шығыны көп қой шаруашылығы мен әлеуметтік-тұрмыстық саладан құтылу туралы кеңес те айтылып жатты. Бірақ, мен олай жасай алмадым. Осы жақсы істердің артында Ғазиз Құсайыновтың тұрған абырой-беделін сыйладым.
Ол өте ақылды адам болды. Қоғамның өзгерісін, соған байланысты туындап жатқан қиыншылықтарды жақсы түсінді. Ғазиз Құсайынұлы маған бір мәрте де жаман жұмыс істедің деп айтқан жоқ деп айта аламын.
Ғазиз Құсайынұлын өзімнің ұстаздарымның бірі деп санаймын. Оның қарамағында жұмыс істемесем де ол кісі басшылық жасаған кеңшарды қабылдап алып, өз қолымен қалыптастырған жұмысын жалғастырып, өзі тәрбиелеген ұжымымен бірге еңбек еттім.
Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде үлкен өзгерістер болғандығын білеміз. Жақсысы да, жаманы да бар. Ауыл-селолардағы көптеген нысандар қысқарды. Ғазиз Құсайынұлы тәрізді ерен еңбек еткен ерлердің еңбегі зая кеткендей. Мұндай пікірмен келісуге болмас. Олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге аянбай атсалысты. Олар сол дәуірдің ерлері, патриоттары.
Нартай ЫСҚАҚОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты.