Тау алыстаған сайын биіктейді

«Өмір деген өтпелі, өтеді де кетеді, өлім жүйрік өмірден қуады да жетеді» деген рас екен. Сонау жас кезімізде қатар жүріп, талай қызық-қуанышымызды, той-думанымызды бірге өткізген құрбы-құрдастардың, дос-жолдастардың көбінің бүгінде о дүниелік болғандарын қимастықпен еске аламыз, сағынамыз, әрине. Табиғаттың заңына, Алланың ісіне ешқандай қарсылық жасай алмасақ та, олар әлде де болса ортамызда жүре тұрса, бүгінгі күнді көрсе, басатын жер, жұтатын ауа бәрімізге жетпес пе еді деген қимастық көңіл ғой біздікі. Ал, бүгінде ондай адамдар туралы көрген-білгенімізді айтып, естелік жазу бізге бұйырғанына не шара.

Сондай аяулы азамат, ел ағасы, кезінде талай биіктерден көріне білген жолдасымыз Қайреден Кәрібайұлы болатын. Онымен таныстығымыз сонау алпысыншы жылдардың бас кезінде басталған. Біз – жолдасым Октябрь Әлібеков, мен, тағы екі журналист Мәди Хасенов пен Жұмамұрат Тұяқбаев 1961 жылы Алматыдан, Орталық партия комитетінің жолдамасымен Целиноградқа, «Тың өлкесі» газетіне қызметке келген болатынбыз. Университетте алған білімімізді тәжірибеде көрсетіп, газет жұмысына біраз төселе бастағаннан кейін шаруашылықтарға іссапарға шығып, еңбек адамдары, олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы әртүрлі тақырыпта материалдар бере бастадық. Мен сәбилі болуыма байланысты аса алысқа бара алмасам да қаладағы өндіріс орындарына, мектептерге, зауыт-фабрикаларға барып, тігіншілер, шеберлер, ұстаздар, дәрігерлер жайлы мақалалар жазып тұрдым. Ал, жігіттер аудандарға, шаруашылықтарға барады. Содан бірде Октябрь, Жұмамұрат, фототілші Сыздық деген азамат үшеуі Астрахан ауданына қарасты «Путь к коммунизму» совхозының «Өндіріс» деген бөлімшесіне барып, оның басқарушысы, жас жігіт Қайреден Кәрібаевпен танысады, материал жазады. Бұл 1963 жылдың сәуір айы болатын. Ол кісінің іскерлігімен қоса жан-жақты біліктілігі, сөзге шебер мәдениеттілігі, ақкөңіл де ашық мінезімен адамдарды бірден баурап алатын адами қасиетін жыр қылып айтып, нағыз дос тауып келгендей болған еді. Шын мәнінде сол кездесуден бастап біз жанұямызбен етене араласа бастадық. Жұбайы Роза да салмақты, қолы ашық, ақжарқын жан еді.
Қайрекең қызмет бабымен көп жерлерге ауысып отырды. Алғашқы еңбек жолын Толқынкөл орта мектебіндегі интернатта тәрбиеші болып бастаған. Содан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, бөлімше басқарушысы, «Образцов» совхозы бастауыш партия ұйымының жетекшісі, «Жарсуат» совхозының директоры, халық депутаттары Макин аудандық атқару комитетінің төрағасы, Теңіз, Атбасар аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, кейін халық депутаттары Ақмола облыстық Кеңесінің төрағасы қызметтерінде болған кездерінің өзінде де біздің қарым-қатынасымыз бір үзілген емес.
Қайреден Кәрібаев осы аталған қызметтерге өзінің іскерлігімен, адал еңбегімен, әділ де талапшыл мінезімен жеткендігін біз жақсы білеміз. Әрине, қай жұмыста болмасын қиындықтар, кедергілер, сынап-мінеулер болмай қалмайтыны, әсіресе, адамдардың барлығына бірдей жағу да мүмкін емес екендігі белгілі. Дей тұрғанмен де ол қай буында қызмет істесе де, ең алдымен, адамдардың жағдайын жасап, тұрмысын жақсарту арқылы оларды өзінің соңынан ерту мәселесін өзіне бірден-бір мақсат етіп қоя білген азамат. Бұл тұрғыда да Теңіз ауданына бірінші хатшы болып барғандағы кездескен қиыншылықтарын әңгіме арасында айтып отыратын. Қорғалжын ауданынан енші алып, өз алдына отау тіккен Теңіз ауданы жайлы: «теңіздіктердің басы қосыла қоймас, оған Кәрібаевтың шамасы келе қояр ма екен, өйткені, одан бұрынғы басшылар да ештеңе істей алмай, тіпті, өз бастарымен әлек болып кеткен» деген әртүрлі қаңқу сөздер Қайреденді одан әрі шыңдай түскен. Сөйтіп, ел арасында әдетке айналып кеткен көптеген келеңсіз жайлар, уақытында жұмысқа шықпаушылық, ішімдікке салынушылық тәрізді теріс әрекеттер аз уақыттың ішінде жөнге келтіріліп, басы бірікпейді деген халық етек-жеңін жинап, ел болайық деп ұрандата бастаған, кімнің кім екенін түсінген. Тіпті, олар Теңіз ауданында кеңес өкіметі орнады деп те қуанған.
Мінезі тұйықтау, аса көп сөйлемейтін жұбайы Розаның өзі мына бір оқиғаны үнемі айтып отыратын. Шаруашылықта мал төлдету науқаны басталған шақта сақманға баратын адам жетпей жатады. Сол кезде Қайреден Розаны бас қылып аудандық мекемелерде істейтін қызметкерлердің әйелдерін түгелдей сақманшылыққа жіберген. Сөйтіп, «бірінші хатшының әйелі қой төлдетуге барыпты» деген сөз көптің аузында жүрді.
Қайреден Кәрібаев өзі ғана жұмыс істеп қойған жоқ. Өзімен бірге талай жастарды да тәрбиелеп, өсіріп отырды. Солардың ішінде мен білетін генерал Аманкелді Жармағамбетов, Сансызбай Есілов, Владимир Миллер, Қалымтай Қазыбаев, Серік Әлімов, Жанбай Қанафин деген азаматтар болды.
Қайрекең Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып кеткенде теңіздіктер оны қимастықпен шығарып салып, кейіннен қандай да бір қызық-қуаныштарына, тойларына шақырып тұратын. Бір жолы ол жаққа бізді де бірге ала барғаны бар. Біраз үйлерде болып, қоштасып шыққанымызша кеш болып кеткен, машинада Октябрь, Роза үшеуміз әңгіме соғып келеміз. Қайрекең ұйықтап қалған тәрізді еді. Бір кезде ол: «әй, сендер үшеуің қосылып алып мені жамандап келесіңдер ме? Мен бәрін естіп, тыңдап келемін. Айта беріңдер, бәрібір менсіз күндерің жоқ қой» деп қалды. Мұның өзі оның қандай жағдайда да, қай кезде де өте сергек отыратындығын көрсетсе керек.
Қайрекеңнің үлгі боларлық тағы бір ерекше қасиеті – қызмет бабында ғана емес, үй шаруасына да, қонақ күту, оны шығарып салу, құданы қарсы алу, тіпті сол келген қонақтарының қайсысының қай жерге отырғанына дейін өз бақылауында ұстайтындығы. Мынадай бір оқиға есімде қалыпты. Қайрекеңнің 60 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық жүріп жатқан. Құдасы, әрі еңбектес жолдасы Аманкелді Құсайынов пен оның жұбайы Майраға, бізге әртүрлі тапсырмалар беріп қойған. Октябрь әдеттегідей жалпы ұйымдастырушылық жұмыстарымен жүр. Тойға келгендер түгел келіп болып, үстелге қазақтың үлкен дәмі табақ-табақ ет қойыла бастаған. Жылқының шекесін қарасақ ет жасасып жүрген келіндердің біреуі шекедегі мидың жартысын тәтті екен деп жеп қойыпты. Мұны Қайрекең көрсе не болары белгілі. Аманкелді мен Майра жанталасып, мидың орнына ұсақтап ет турап, үстіне пиязды толтыра салып Қайреденге білдірмеген болдық. Сөйтіп, бір сасқанымыз бар еді.
Біздің Октябрь екеуі өте қатты сыйласатын, әрине, әзілдесетін де. Кезекті бір әңгіме барысында: «Әй, Рахия, сенің мына байың тым өкпешіл ғой өзі. Сен немене, оған үнемі өкпе пісіріп бересің бе? Әлде бала күнінде анасы оны тек өкпемен ғана асыраған ба?» – деп жимияды. Мен қапелімде не айтарымды білмей, сасыңқырап қалдым.
–Оны қайдан шығардыңыз, – дедім мен де күліп.
Сөйтсем бірде бір іссапарда болғандарында қонақта жүреді ғой. Сондағы бір үйде қойдың басы Октябрьге тимей, басқа бір адамға беріледі. Шыққаннан кейін Октябрь қалжыңдап: «бастың жолы менікі еді, сен ана кісіге бергенің не?» десе керек. Содан жүрген жерлерінде: «басты Октябрьге беру керек, әйтпесе, ол өкпелеп қалады» деп қағытып жүретін.
Ел Президенті тәжірибелі басшы, сенімді де іскер кадр ретінде оған біраз лауазымды жұмыстар ұсынған. Бірақ, ол бәріне де рахметін айтып, өз еркімен зейнетке шығып, «Қазақстан Республикасының айрықша еңбек сіңірген дербес зейнеткері» атанды. Алайда, ол мен демалысқа шықтым деп үйде қарап жатпады. Өзінің туып-өскен жері «Өндіріс» ауылына басшылық жасады. Онда «Қыпшақ» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, халқына қызмет етті, біраз игілікті шараларды жүзеге асырғанын көзіміз көрді. Өкінішке орай, бұл қызметі ұзаққа бармады. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деген рас екен. Күш-қайраты қайтпаған, әлде де болса талай істің ортасында жүретін кезінде сұм ажал ортамыздан жұлып әкетті ғой. Уақыт деген қандай шапшаң өтеді десеңізші. Оған да он жылға жуықтаған екен. Егер тірі болса сексен жылдығын тойламас па едік. Ол сырқаттанып, емделіп жүрген кезде Октябрь де миына қан құйылып, төсек тартып жатып қалған еді. Өзі тұра алмай жатып Қайрекеңді көп іздеді. «Менің ауырғанымды естімеді ме екен, маған бір келіп кетпеді-ау» деп үнемі айтып отырды. Ал, біз де оның сырқаттанып жүргенінен бейхабар едік. Енді бүгінде екеуі де бұл өмірде жоқ. Қайтып келмейді де. Тау алыстаған сайын биіктей бермек. Жатқан жерлері жайлы, жандары жәннатта болғай. Арттарында қалған ұрпақтары барда, оларды өлді деуге де болмас, сірә. Ұрпақ жалғастығы бола берсін!

Рахия ӘЛІБЕКОВА,
ардагер журналист.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар