Ақмола облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінде Құтқарушылар күні мерекесі аясында «Заманауи қоғамда құтқарушы кәсібінің маңызы» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.
Конференцияға департамент бастығының орынбасары, подполковник Қанат Дос-паев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарғали Асылбеков, ҚР ІІМ Көкшетау техникалық институты басшысының орынбасары Жасұлан Досмағамбетов, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, білім ошақтарының студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараны жүргізіп отырған Қанат Доспаев ауқымды баяндама жасады. Онда Елбасымыз азаматтық қорғаныстың заманауи жүйесін құрғаны, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша маңызды шешімдер қабылдағаны айтылды.
–Ағымдағы жылы Елбасының бастамасымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесінде реформа жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрлігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне берілгендігі баршаға аян. Бұл қадам халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін біріктіріп, бір жерден басқарып
отыру мақсатында жүзеге асырылды,– деп атап көрсетілді баяндамада.
Департамент ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарғали Асылбеков ардагерлер кеңесінде 321 ардагер мен зейнеткерлер бар екенін және оларға кеңес тарапынан ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өтті.
–Былтыр төтенше жағдайлар ардагерлері арасында республикалық байқау жарияланған болатын. Солардың арасында еңбегіміз жанып, І-орынды жеңіп алдық. Дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болдық. Осының бәрі ардагерлерге көрсетіліп жатқан көмек. Әсіресе, Наурыз мейрамы, Қарттар айлығына ерекше көңіл бөлінеді. Сегіз жылдай қызмет атқарып келе жатқан ардагерлер кеңесіне төтенше жағдайлар органдары басшылары мен қызметкерлері, Көкшетау техникалық институтының оқытушылары бір күндік еңбекақыларын аударып, мұның өзі қарияларға көмек көрсету мәселесін шешуге үлкен пайдасын тигізіп отыр. Баршаларыңызға сол үшін ризашылығымызды білдіремін.
Өз кезегінде ардагерлер де қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, жастарға патриоттық тәрбие беруге белсене атсалысып отырады, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Осы шараға кәсіби біліктілігімен көзге түсіп, бейбіт заманда батырлық танытқан Асқар Жақыпов және Юрий Новосельцев те қатысты. Асқар көршісінің үйінен өрт шыққанда газ балонды сыртқа шығарып, үш бірдей бала мен олардың әжесін құтқарып қалған.
Юрий Новосельцев көп қабатты үйдің ең жоғары қабатынан бір жарым жасар және үш жастағы балалар жерге құлап кетейін деп тұрған жерінен көмекке келіп, аман алып қалғандығын айтып берді.