Ағаларды ардақтау парызымыз

 Ақын Абай: «Адамға ең керегі – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Мен сөз еткелі отырған осы азаматтардың бойынан табылар еді. Олардың өнегеге толы өмірі, елі үшін еткен еңбектері мәңгі ұмытылмайды. Қорғалжын өңірінің ардақтысы болған, туған ауылы – Сабындыны өркендетуге бар күш-жігерін сарп еткен, өзіме әкелік қамқорлығын танытқан Төлен Жұмабаев туралы ой толғамақпын. Бұл адамның жерлестеріне жасаған жақсылығы, елі үшін еткен игі істері ұшан-теңіз.
Ол кісінің фәниден бақиға аттанғанына да ширек ғасырға жуықтапты. 1991 жылы 70 жасты еңсіреп барып, бақилық болған еді.
Төлен Жұмабаев 1915 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Алакөл ауылында дүние есігін ашқан. Еңбекпен өрілген өмір жолы сұрапыл соғыс жылдарымен, соғыстан кейінгі жадау шаруашылықты  қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс келді. Әкеден ерте айырылса да, анасы Меруерттің  арқасында жетімдік қасіретін тарта қойған жоқ.
Оның іскерлік қабілетінің елге танылуы, басшылықтың көзіне түсуі кешегі 50-ші жылдардың басындағы тың игеру кезеңінен бастау алады. Сол тұста одақ бойынша «жиырма мыңыншылар» деген қозғалыс қанат жая бастаған-ды. Сол
«жиырма мыңыншылар» қатарына  Төлен Жұмабаев алғашқы кезден-ақ қосылады.
 1954 жылы ол тың өлкесінде жаңадан құрылған «Путь к Коммунизму»  колхозына басшылық қызметке жіберілді. Жаңа шаруашылықты аяғынан тұрғызу үшін уақытпен санаспай еңбек етті. «Еңбек ер атандырады» дегендей, ол Ленин, Құрмет Белгісі ордендерін, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек  ардагері» медальдарын иеленді.
Қазіргі кезде Сабынды орта мектебінде мұражай жұмыс істеп тұр. Бірақ, бір өкініштісі сол мұражайда еліне елеулі еңбек сіңірген атамыз Төлен Жұмабаев туралы бірде-бір деректің жоқтығы қынжылтады. Еңбек еріне лайықты іс атқарған, бар саналы ғұмыры туған жердің төсінде өткен аптал азаматтың өмір жолы жайлы мерзімдік басылымдарда жарияланса, мектеп мұражайының бір бұрышынан арнайы орын берілсе, құба-құп болып, атамыздың аруағы разы болар еді.
Иә, осындай елін сүйген, елі үшін еңбек еткен айтулы азаматтардан Қорғалжын ауданы кенде болмаған. Ауданның бірінші хатшысы болған Ақтан Төлеубаев, Әділхан Шабатов, хатшылары Ермек Бижікенов, Ілияс Бәйкенов облыста, аудандарда, сов-хоздарда басшылық қызметтерді атқарған, Жолымбет Сарқытбаев, Өтеген Әбілқасымов, Әйтім Жанайдаров, Қырықпай Түсіпов, Қабиден Байтілесов,  Бименде Қасенов, Қасымбек Мұқанәлиев, Қали Жүнісов, Тілеуберген Мәлғаждаров, Қабылда Қаржаспаев, Шәріп Сылқымбеков нағыз іскер және білікті басшылар болатын. Олар қазір ортамызда жоқ.
Сонау 60-шы жылдары Қорғалжын ауданына Ақтан Төлеубаев басшылық жасады. Шаруашылық істерін шебер басқарып, кейінгі жастардың білім алуын қатаң қадағалайтын. Бірде ол кісі Ақмола облыстық партия комитеті ғимаратының алдында 20 баланы алып барып,  обкомдағыларға мәселені төтесінен қойыпты.
–Мына балаларды ауыл шаруашылығы институтына алып келіп отырмын, бәрі де оқуға қабылдануы тиіс. Түбі осылардан «ломоносовтар» шығады, ал оқуға қабылданбаса мен басшылық қызметімнен кетемін, – депті. Ақтан ағамыздың адуын мінезін білетін ондағылар ақылдаса келе институт ректоры Мойсей Гендельманды қатыстырып, мәселені оң шешіпті. Кейін сол балалардың біразы оқу орнында білім алып, өндіріс саласын алға бастырған нағыз мамандар болып шықты.
Ауданды Әділхан Шабатов ағамыз басқарған кезеңде де шаруаның тасы өрге домалады. Партия саласындағы қызметін аудандық комсомол комитетінің хатшылығынан бастап, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымында жүргенде талай игілікті істерді жүзеге асырды. Қорғалжын ауданында телемұнара, аудандық мәдениет үйі, жаңа автобекет ғимараты іске қосылды.
Тағы бір айта кететін жай, Төлен Жұмабаев «Путь к Коммунизму» шаруашылығын басқарған жылдары ауылда үлкен саябақ бой көтерген еді. Өкінішке орай, кезінде ауылдықтардың мақтанышына айналған  осы бір бақ бүгінде күтімсіз қалған, ағаштары да сиреп, бұрынғы сәнін жоғалтты.
Кейін «Путь Ленина» атанған аудандағы осы іргелі ұжымды әр жылдары В.Хабаков, Н.Ермола, Қырықпай Түсіпов, Әбдірахман Смайылов, Келден Нұрланов, Сағынтай Ізтөлеуов, Қазақбай Смағұлов секілді азаматтар басқарды. Ұстаз, кейін ауылдық кеңестің төрағасы болған Балтабай Сүлейменов, партия ұйымының хатшысы міндетін атқарған Еркін Сәркенов, кәсіподақ ұйымының төрағасы болған Әбдікен Жұмағұлов, бас инженер Амантай Ибраев, ауыл кеңесінің төрағасы Теміржан Дос-паев, егіс бригадасының бригадиры Бағлан Ахметжанов, агроном Асылбек Ахметов, бас есепші Тасболат Керімжанов секілді ағалардың есімдерін бүгінде ілтипатпен ауызға алуға болады.
Төлен Жұмабаев жастар тәрбиесіне де көп мән берді. Солардың бірі – марқұм Ермек Мыңжасаров қатардағы бөлімше маманынан бас агроном қызметіне көтерілді. Сол кездері жұртты жұмысқа ұйымшылдықпен жұмылдыра білген Нұрмағанбет Еңсебаев, Доскен Отарбеков, Нұрмағанбет Ерсейітов, Шермұхан Ахметов, Қамидолла Сылқымбеков, Жақсыкелді Хамитжанов, Ғарифолла Амансүгіров, Қошан Байтілесов, Жәкен Шаяхметов сынды азаматтарды қорғалжындықтар айрықша ризашылықпен еске
алады.
 «Өзің үшін өмір сүру – озбағарлық» деген екен батыстың ұлы ойшылы Шекспир. Ал, мен тілге тиек еткен, өнегесін алған адамдардың барлығы да елі  үшін елеулі еңбек етті.
Ерін елі бағаласа, елін ері өрге көтерсе, осының өзі бір ғанибет.
                                                        Балташ МЕДЕУБАЕВ,
       Қорғалжын ауданының құрметті азаматы.   

Суретте: ірі өндіріс жетекшісі  болған Төлен Жұмабаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар