Істегендері заңға қайшы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалиновтың төрағалығымен өткен әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары тәртіпке шақырылды.

Алдымен, облыстық табиғи монополия-ларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің конкурс өткізу тәртібін бұзған ісі қаралды. Департамент конкурсты демалыс күні өткізбекші болған. Оның үстіне бақылаушылар ескертпемен таныспаған. Бұл жағдай жөнінде аталмыш департаменттің басшысы Ербол Есіркепов есеп берді. Ол өз сөзінде конкурс өткізу тәртібін бұзған мамандарға ескерту жасалғанын айтты. Бұдан кейін Зеренді ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің тәртібі көңіл көншітпейтіні жөнінде айтылды. Соңғы екі жылдың ішінде жетпістен аса мемлекеттік қызметші ауысқан. Сексеннен астамы жұмыстан шыққан. Оның ішінде аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен бас мамандар бар. 113 мемлекеттік қызметші тәртіпке шақырылған. Конкурс комиссиясы да заң бұзушылыққа жол берген.
Сыбайлас жемқорлық оқиғасы орын алыпты. Зеренді ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жүсіпбеков өз есебінде аудандық әкімдікте тәртіптік комиссия құрылғанын, онда  өз міндетіне немқұрайлы қарап, жұмысын толық атқармайтын мемлекеттік қызметшілердің тәртібі мұқият қаралатынын, Симферополь селолық округі әкімінің тәртібіне қатысты жергілікті тұрғындармен кездесу өткізілгенін айтты. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл мәселе  жөнінде тиісті шешім шығарылатынын алға тартты.  Жарқайың аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Айсұлу Хасеноваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Бөлім басшысы өзінің қарамағындағы мамандардың намысына тиетін сөз айтып, Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Айсұлу Хасенова өз есебінде әріптестерінен жұмысты талап еткенін айтып, артық кеткені үшін кешірім өтінді. Дегенмен, әдеп жөніндегі кеңес бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялау жөнінде шешім шығарды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының талаптарын бұзған Бурабай ауданындағы Бурабай кентінің әкімі Шыңғыс Темірбековке қатысты тәртіптік іс қаралды. Аудандық прокуратура мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын комиссия қабылдап алғаннан кейін өткен жылдың қараша айында жоспарлы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жөндеу жұмыстары толық жүргізілмегені анықталды. Бұл жағдайды Шыңғыс Темірбеков мойындамаған. Ол өз есебінде мердігер жөндеу жұмыстарын толық атқарғанын, тек қоқыс тастап кеткенін алға тартты. Жұмыстың сапасы көктем айларында белгілі болады деп ақталды. Аудан прокуроры Аманбай Дархан тексеру кезіндегі және бүгінгі күнгі нысанның суреттерін көрсетті. Суреттерде қаңылтырдан парапет жасалғаны, қоқыстың әлі жиналмағаны көрініп тұр. Оның үстіне кент әкімінің орынбасары прокуратура тексерісінен кейін құрылысшыларды әкеліп, парапет жасатқан. Бұл істі әдеп жөніндегі кеңес тиісті органның тексерісінен кейін қайта қарайтын болды.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар