Қылқалам халықтарды жақындастырады

«Көкшетау» мәдениет сарайында «Qazaqstan. A la Prima» форумдары шеңберіндегі «Бурабай аңыздары» атты суретшілердің халықаралық форумының қорытынды көрмесі өтті.

Форумды Ақмола облысының әкімдігі мен облыстың мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы, облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы, «Qazaqstan. A la Рrima» серіктестігі бірлесіп өткізді.
Бурабай еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі – Қазақстанның інжу-маржаны. Көркем табиғат туристерді көбірек тартады. Суретшілердің халықаралық форумының Бурабайда өтуі өнермен айналысқан жандарды шабыттандырып, тың дүниелерді ұсынуға ықпалын тигізетіні анық. Сонымен қатар, мұндай шараның облыстың туристік әлеуетін дамытуға қосатын үлесі де зор.
Жиырма кәсіби суретші қатысқан жобаға 10 елдің таланттары келді. Форумның мақсаты –
еліміздің көрікті, тарихи құндылықтарға бай жерлерін насихаттап, шығармашылық байланысты нығайту және тәжірибе алмасып, еліміздің туристік әлеуетін көрсету. Шара он төрт күнге созылды.
Форумның жабылу салтанаты көрмемен аяқталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, өз сөзінде, қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, әрбір қазақстандықтың көркемдік, шығармашылық әлеуетін дамытуға назар аударылған. Осы негізде ұйымдастырылған форум облысымыздың айтулы мәдени оқиғасына айналды. Ақмолалықтар мен өлке қонақтары сіздердің туындыларыңызды қызыға тамашалап, лайықты баға береді деп сенемін, –
деді, ол.
Әр түрлі бағыттағы қылқалам шеберлері Бурабайдың көркем табиғатын бейнелеп қана қоймай, ата-бабаларымызды, батырларымызды, ел тарихын бейнелеу өнері арқылы жеткізді. Көрмеге қойылған әлі бояуы кеппеген туындылар тарих пен бүгінгі күн тынысынан сыр шертеді.
Көрмені тамашалауға келген балалар көркемсурет мектебінің шәкірті Әлима Әубәкірова таңқалысын жасырмай, көрмеден алған әсерімен бөлісті.
– Бұл жерде өте жағымды орта қалыптасқан. Кірген кезде музыкалық оркестр қарсы алады. Одан әрі көптеген көркем картиналар еліктіріп әкетеді. Әрбір суретті көрген кезде ондағы көңіл-күй мен суретшілердің сезімін, көзқарасын түсінесің. Кейбір картиналарға сағаттап қарап тұрғың келеді, – дейді сурет салуды ұнататын Әлима.
Форум аясында шығармашылық кездесулер, баспасөз конференциясы, шеберлік сыныптары және дөңгелек үстел өтті. Ашық аспан астында жүргізілген жұмыстардың қорытындылары осыдан кейін Қазақстан Республикасының «Нұр-Сұлтан» мемлекеттік музейінде жалғасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар