Адами құндылықтың қайнар көзі – театр

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жиырма үшінші маусымы үстіміздегі жылдың 3-ші қазанында ашылмақшы. Өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдерімен көрерменін көптен бері қуантып келе жатқан ұжым биылғы маусымын «Сал-серілер» драмасымен бастағалы отыр. Қойылымның режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Пьесаның сахналық нұсқасын жасаған жас дарын Манарбек Қыдырбайұлы. Танымал режиссер өз көрермендеріне жаңа көзқарас, жаңа шешім ұсынбақшы. Театрдың жаңа маусымы алдында ұжымды игі ізденістерге жұмылдырып отырған Мұратбек Үкібайұлын сөзге тартқан едік.

– Мұратбек Үкібайұлы, алдағы уақытта тындырылатын тиісті шаруалар туралы сөз сабақтамас бұрын жаңа маусымның шымылдығын ашқалы отырған қойылымға қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Рухани құндылықтың қайнар көзі – театр десек артық айтпағандығымыз. Кешегі аты аңызға айналған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтар қазақ әнін биік тұғырға көтергені тарихтан белгілі. Сал-серілер қазақтың ән дәстүрін орнықтырып, өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Бүгінгі жастар сол мол қазына, асыл аманаттың арқауын үзбесін деген ниетпен ұлы бабаларымыздың ғұмыр жолын бейнелейтін «Сал-серілер» драмасымен жаңа маусымның шымылдығын ашқалы отырмыз. Басты мақсатымыз – ең алдымен, ұлттық парасатты бойға сіңіру, қазақтың өнерін құрметтеу, қазақ өнерін қазақтың өзіне насихаттау, сал-серілердің шығармашылығы арқылы жастарды адалдыққа, шындыққа тәрбиелеу болып табылады. «Бiржан – сал-серi, әншi-композиторлардың бәрiнiң әкесi, ұстазы!» – деп Ғафекең, Ғафу Қайырбеков айтпақшы, аталмыш «Сал-серілер» драмасына арқау болған әр кейіпкер өз дәуірінің дарабоз тұлғалары екендігі анық. Сол себепті де, бұл қойылым Шахмет Құсайынов, Дулат Исабеков, Баянғали Әлімжановтың шығармаларын негізге алып жазылған. Драмада Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды дара тұлғалардың өмірлерінің ең бір мөлдір шақтары суреттеледі. Мәселен, Ақан серінің кемелденіп ел ағасы болған шағы өрнектелсе, Үкілі Ыбырай туралы көріністерде Кәкима екеуінің махаббаты нәзік иірімдермен жанды баурайды. Қойылымның өн бойы нақылға толы көркем сөзбен көмкерілген.
–Жаңа дүниеге де елеңдейтін халықпыз ғой. Жаңа маусым несімен ерекшеленбек? Осы жайында айтсаңыз.
–Таразы басын тең ұстайтын біздің ұжым жаңа маусымда бүлдіршіндерге де арнап көптеген жаңа қойылымдар ұсынады. Айталық, режиссер Болат Әбдірахмановтың Дональт Биссеттің «Опа-топа» ертегісі мен жаңа жылдық «Ойыншықтар хикаясы» сахналанады. Сонымен қатар, режиссер Фархадбек Қанафин түркі тілдес халықтардың қызықты ертегісін әзірлеп жатса, театрдың көркемдік жетекшісі Төлеубек Көңбай жыл соңына қарай көрерменін тағы бір тың дүниемен қуантпақ ниетте. Сондай-ақ, қараша айында Қырғыз елінен білім алып келген жас режиссер Айман Сыздықованың сахналауындағы Рей Кунидің «Funny Money» комедиясы көрерменге жол тартады.
– Әр кәсіптің қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Театр басшысы ретінде шешімі табылмай жатқан мәселелерді атай аласыз ба?
– Театрға арнайы дыбыс және жарық жабдықтары мен жеке автобус қажет. Ғылым мен техниканың дамыған заманында жарық әр қойылымның мәні және мазмұнымен ұштасып, дыбыс жаңғырмай, мөлдіреген күйі тыңдаушысын табуы керек. Ал, театрдың жеке автобусы болса, ел халқына рухани құндылықтың нәрін татқызып, ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетер едік.
Соңғы жылдары театр труппасы жас мамандармен толықты. Алайда, сол жастарды үй-жаймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай келеді. Бүгінгі таңда пәтер мәселесі онсыз да күрделі. Себебі, талай жылдан бері театр ұжымына бір баспана да бөлінбеген. Жас әртістер мардымсыз жалақыларын пәтер ақысы мен күнкөріске жеткізе алмай қиналады. Десе де «түн артында күн бар» демекші, көш жүре түзеледі деп ойлаймын. Облыс, қала басшылары өнер иелеріне жанашырлықпен қарап, өзектен теппейтініне сенімім кәміл.
– «Тыңдаушысы болмаса сөз жетім» демекші, театр залының көрермендерге толу жағы қалай?
– Құдайға шүкір, жарнамадан да кенде емеспіз. Облыстық, қалалық басылымдардың жаңалыққа жаршы болып отырғаны көңіл қуантады. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен облыстық телеарна арқылы жарнама таратылады. Тіпті, театр менеджерлері халық көп шоғырланатын жерде ақпарат жазылған бетшелерді үлестіруді де жолға қойған. Тек рухани ордаға келіп, сахнаға жан бітірген әртістердің өнеріне бір сәтке болсын көңіл бөлсе екен дейсің. Жалпы труппаның шыңдала түсуі, ізденісін тереңдетуі көрермен талабына да байланысты. Сондықтан, жаңа маусымда ақмолалық, көкшетаулық театр жанашырларының саны көбейіп, актерлердің шабытын шалқытар мол қошамет көрсетілер деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Театрдың жаңа маусымы жемісті ізденістерге толы болсын!

Сұхбатты жүргізген Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар