Ойлы көрермен олжасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа маусымы белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспановтың сахналауымен қойылған «Сал-серілер» драмасымен ашылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Манарбек Қыдырбайдың инсценировкасы бойынша қойылған қойылым режиссердің сәтті шешімі мен актерлердің қажырлы еңбегінің арқасында көрермен көңілінен шықты.

Көкшетау – ежелден ән меккесі атанған сал-серілер мекені. «Сал-серілер» драмасы қазақ даласына ән туын тіккен Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ өмірлерінен сыр шертеді. Қойылымның басты мақсаты – даланың еркін жыршысы болған өрелі өнерпаздарды келер ұрпаққа насихаттау, олардың әндерін қайта жаңғырту, ұлттық дүниетанымды кеңейту болып табылады.
Көрермендердің өздерімен сұхбаттаса қалсаңыз, бірі өскелең ұрпаққа рухани қуат беретін тың деректерге толы танымы бөлек тағылымды қойылым десе, енді бірі әрқайсысының өмірі бір аңыз, қазақ өнерінің төрт бірдей алыбын бір қойылымға сыйғызу санаға сыймайды деген пікірді алға тартады. Қалай дегенмен де, өнері өнеге, өмірі аңыз болған тұлғалар туралы қойылымды тамашалауға келгендердің басым көпшілігі жастар екендігін аңғардық. Алдымен көрермендердің пікіріне құлақ салайық. Сәуле Еркенқызы премьераны тамашалауға жалғыз өзі емес, отбасымен бірге келген.
– Мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қызмет атқарамын. Өз басым ағылшын тілінің мұғалімі болсам да, студенттеріме адам баласы әуелі өз елін, өз тілін, өз дәстүрін, өз тарихын біліп қана қоймай оған құрметпен қарауы керек деп айтып отырамын.
Өкінішке орай, біз ұрпаққа ғұмырлық азық болатын рухани мұрамыздан қол үзіп, ажырап барамыз. Осы орайда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асып, көптеген атап өтерлік мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, рухымыз асқақтай түсті. Соның бір айғағы бүгінгі қойылым. Жасырары жоқ, кейінгі жас-
тар даңғазаға толы батыстың әуеніне әуес. Әлгінде қойылымды тамашалай отырып, қазақы бояуы қанық, әуезге бай қаншама әсем әндер шырқалды. Біржан мен Ақан, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың әндерін тағы бір мәрте естіп, құлақ құрышын қандырып, бір серпіліп қайттық. Бүгінгі қойылым көңілден шықты. Байқағанымыздай, театр труппасының көбі жастар,– деп ой бөлісті ол.
Сәуле апай дұрыс айтады. Расында да, қазіргі көрерменді таңқалдыру қиын. Соңғы кезде арзан сөзге, жеңіл әзілге құрылып, түрлі әлеуметтік тақырыптарды арқау еткен қойылымдар көптеп сахналанып жүр. Бұл керек те шығар. Алайда, тамыры тектіліктен таралған хас өнерді насихаттайтын, дархан даланың дарабоз ұлыларын ұлықтайтын, есімдерін кейінгі ұрпақ есте сақтап һәм еліктеуі үшін «Сал-серілер» сияқты кесек дүниелер ауадай қажет. «Өткенсіз бүгін жоқ», демекші, біз ұрпақ сабақтастығы болуы үшін өткен мен бүгіннің арасына соны соқпақ салуымыз қажет-ақ. Жасырары жоқ, соңғы кезде жарқ ете қалған жаңа, елді елең еткізер спектакльдер тым аз.
Осы орайда, жаңа маусымның шымылдығын ашқан «Сал серілер» драмасы ойлы көрерменге олжа болды деуге әбден негіз бар. Режиссердің төрт бірдей алыптың ғұмыр жолындағы нәзік иірімдерге толы, мұң тұнған, сыр тұнған, жыр тұнған әдемі кезеңдерін бір сахнада түрлі шырғалаңнан туған ситуациялармен сыйпаттап, көрерменіне ұсынуы өте ұтымды шықты. Сіз бір ғана қойылымнан Біржан мен Сараның айтысынан үзіндіні, Ақан серінің Үкілі Ыбыраймен кездесуін, Ыбырай мен Кәкиманың арасындағы ыстық ықыласын, Балуан Шолақтың орыс қызы Татьянаға деген сыйластық сезімін тамашалай аласыз. Жалпы, сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну – сал-серілерге тән қасиет. Осыны дұрыс түсініп, түйсіне білген актерлердің сыртқы келбеті мен жан әлемінің кіршіксіз тазалығының өзара үйлесуі биік парасаттылық пен адамгершілікке негізделген, ұлт келбетін аңғартып тұр.
Қалай дегенмен де, қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын ән арқылы қалдырды десек артық айтқандық емес. Сол сыр тұнған әуендерді тыңдасаңыз, жүрегіңізді тылсым күш сиқырлап, сол әуез, сол күй, сол жыр көпке дейін көкірегіңізден кетпей, сезім жетегінде көңіліңізді көкке өрлетеді емес пе. Ал, бүгінгі әндерден қазақтың келбетін елестету мүмкін бе? Дабыра, салдыр-гүлдір, даңғаза дыбысқа толы қазіргі әндер өскелең ұрпаққа қандай сезім сыйлайды? Арқадағы әншілік дәстүрдің ұлы атасы – Біржан салдың, кейін «Ауылым қонған Сырымбет саласында» деп шырқаған, өмірі аңыз Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндері қандай ғажап?! Осындай сұлу әндерді әуелеткен актерлер де көрерменінің ыстық ықыласына ие болды.
Әсіресе, актер Құмарбек Қалқатаев Біржанның рөлінде дауыс ырғағын, мимикасын, болмысын оқиғаның өрбуіне сай құбылтып, тап өз басынан өтіп жатқандай етіп жеткізе білгендігін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар, Балуан Шолақтың образын актер Төлеубек Көңбай өте сәтті сомдап шықты. Орыс қызы Татьянаның назды қылығы өз көрерменін сүйсіндірсе, күлдіре отырып жылатқан сол бір сахналық көріністен заманның салқын лебі есіп тұрғандай әсерде боласың. Осының барлығы бүгінгі жастарды іңкәрлік, ғашықтық сезімдеріне жауапкершілікпен қарауға, қыздың аппақ арын аялауға үйрететіні анық. Себебі, қыз ұяты ұлтқа сын.
Адамның жан әлемін ашуға талпыну, қуаныш пен реніш, сүйініш пен махаббат жайын безбендеу бұл – бір адамға, бір ұлт өкіліне ғана емес, өмір заңын түйсінген, тіршіліктің шектеулі екендігін мезгілінде байыптаған кез келген адамға ортақ түйін. Сонымен қатар, кез келген сахналық қойылымның жарқын әрі есте қалатын көріністері қоюшы суретшінің еңбегінің нәтижесі емес пе. Осы орайда, Ақбала Тұрғынбаеваның да еңбегін атап өтуге болады.
Көрерменнің жан дүниесін рухани байытып, әсем әннің әлеміне жетелеп, жол көрсететін мұндай қойылымның көрерменіне берері мол.

Ұлмекен Шаменова.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар