Пәтер алудың тиімді бір жолы

Әрбір мемлекеттің өзіндік стратегиялық мақсаттары мен міндеттері болатыны белгілі. Қазақстан үшін әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – азаматтарды қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі күні әрбір қазақстандық, жоғары деңгейдегі табысы болмаған жағдайдың өзінде, мемлекеттік тұрғын үй жинақтау жүйесі бойынша мерзімінен бұрын баспаналы бола алады. Бұған қатысушылар ипотекалық несие рәсімдеу арқылы тұрғын жайды сатып алудың тиімді де қолайлы мүмкіндігіне ие болады. Қаржы жинақтаудың аталған моделі жеңілдетілген несие алуға және қолжетімді бағамен баспаналы болуды қарастырады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов баспасөз конференциясында тұрғындардың жинақтау депозитін ашу арқылы өзінің тұрғын үй жағдайын қалай жақсартуына болатындығын айтып берді.
«Біздің банк республикамыздағы тұрғын үй құрылыс қаржысын жинақтаудың бірегей банкі, – деді ол. – Өзінің құрылғанына он бес жыл толып отырған банк осы жылдар ішінде ауқымды жұмыстар атқарды – 6000-нан астам адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бүгінгі күні 38 мың ақмолалық біздің банктің клиенттері болып табылады. Биылғы жылдың өзінде 1141 салымшы жеке баспана иесі атанды. Бұл ретте 658 пәтер бұрын салынған үйлерден сатып алынғанын, ал 383 пәтерге «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қол жеткізілгенін атап өту қажет. Мұндай тәсіл азаматтардың кепілді қаржы жинақтау қабілетін арттырып, жалпы тұрғын үй секторын дамытуға септік жасауда. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, бірінші және екінші деңгейдегі тұрғын үй нарығына қатысып, жер телімін сатып алып, құрылыс салу немесе қолданыстағы пәтерді жөндеу мақсатында да қызмет көрсетеді».
Былтырғы жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Баспана» аталатын жеке тарифтік бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл жүйе азаматтарға 50 айлық есеп көрсеткіші деңгейіндегі төмен сомадағы (1134500 теңге) салымдар ашуына мүмкіндік береді. Бұған қосымша, осы бағдарлама аясында келісім шарт сомасын ұлғайтуға, депозиттерді біріктіруге, отбасы мүшелері және туыстар арасындағы мәмілелерді үйлестіруге де болады.
Депозиттерді ашу үшін банк бөлімшесіне хабарласу керек немесе клиент өзіне ыңғайлы уақытта кеңесшімен кездесу мерзімін белгілей алады. Салымдар бойынша өсімнің базалық ставкасы 2 пайызды құрайды. Жыл соңында әрбір салымшыға 20 пайыздық мөлшердегі жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы белгіленеді, оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен (481000 теңге) аспауы керек. Биылғы, яғни, 2018 жылдың қорытындысымен ең жоғары төлем 96200 теңгені құрайды. Есеп шотын банк филиалында, сондай-ақ, банкомат/терминалдары мен өзге банктердің мобильді/интернет банкингтері арқылы және кәсіпорын бухгалтериясында еңбекақының белгілі мөлшерін ұстап қалу тәсілімен толтыруға болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» клиенттері әртүрлі бағдарламаларға қатысу өтініштерін рәсімдеуді, салымдар жағдайын тексеру және басқа операцияларды жүргізуді онлайн режіміндегі жеке кабинеті арқылы атқара алады.
Алдағы, 2019 жылы тұрғын үй бағдарламалары арқылы 759 жаңа пәтерлерді сату жоспарланып отыр: мұның ішінде 400 пәтерге ие болу әкімдіктердің қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде, ал, 179 пәтерге қоныстану «Өз үйім» (Свой дом) бағдарламасымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп «Ақмола жастары» атты жаңа бағдарлама түзілуде. Осы қадамның нәтижесінде 616 жергілікті жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда. Олар алғашқы 180 пәтерге келесі жылдың өзінде қоныстанатын болады. Аталған бағдарламаларға қатысу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы ретінде болашақ пәтер құнының кемінде 20 пайыздық көлемін жинақтау (депозит) қажет. «Ақмола жастары» бағдарламасының шартында 35 жастық шектеу белгіленген. Салым төлемі бойынша өсім ставкасы жинақталған соманың көлеміне және таңдап алынған бағдарламаның шарттарына байланысты болып, жылына 5-тен 7 пайыз аралығында белгіленеді.

Салтанат ДОСЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар