Қаржының тиімді ұқсатылуын қамтамасыз ету  – басты міндетіміз

Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің құрамындағы орталықтандырылған қазынашылық органдар жүйесі құрылды. Бұл жүйе республикалық бюджетті пайдалану процесінде кірістер мен шығыстарды тиімді басқару, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың жеделділігін арттыру, мемлекет қаражатының түсуіне, мақсатты және үнемді пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында ұйымдастырылды.

Еліміздің экономикалық және саяси реформалары барысында қазынашылық жүйесі дамып, нығая түсті. Тоқсаныншы жылдардың басында Ұлттық Банктің есептесу-кассалық орталықтарында аумақтық қазынашылық басқармалары қалыптастырылған болатын. Содан 1995 жылы қазынашылық жүйесі Қазақстан Республикасының әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кірістер мен шығыстардың жаңа бюджеттік классификациясын әзірледі. Бұл аралықта қазынашылық жүйенің функционалдық бөлігі пысықталып жатқан еді.

Сонымен бірге, өтпелі кезең үшін 1995 жылы Бюджеттік банк құрылып, кейін 1998 жылы бюджетті атқару жөніндегі функцияларды аумақтық қазынашылық органдарына беру арқылы таратылды. Ақмола облысының қазынашылық басқармасы түрлі әкімшілік-аумақтық құрылымдарға байланысты ресми түрде 1999 жылдың 6 мамыры құрылды. Облыстық басқарманың құрамында 16 бөлім мен 18 аудандық, қалалық қазынашылық бөлімдері болды. Сол жылы облыстық басқарманың штаттық құрамында 311 адам жұмыс істеді.  Облыстық басқарманы басқарған алғашқы басшы өз ісінің майталманы Айгүл Нәбиқызы Назарова бірқатар игі бастамаларды жүзеге асырды. Кейін 2001-2004 жылдар аралығында Зекен Ауданбайұлы Исмайылов басқарып, қазынашылық жүйесінің дамуына айтулы үлес қосты. Ақмола облыстық қазынашылық басқармасы 2004 жылдың тамызында Ақмола облысының қазынашылық департаментіне ауыстырылып, содан 2009 жылға дейін Асқар Сақтағанұлы Биахметов, кейін Рақым Ерғалиұлы Мұқатов, Сансызбай Құсайынұлы Бейсенов секілді басшылар басқарып, департаменттің дамуына өздерінің айтарлықтай зор үлестерін қосты.

2021 жылдан осы уақытқа дейін департаментті менбасқарып келемін. Ақмола облыстық қазынашылық басқармасы мен департаментінің басшылары мекеменің дамуы, алға басуы барысында зор жұмыстар атқарды, көп жағдайда олардың табандылығы мен ілгері ұмтылуларының арқасында департаменттің мызғымас іргетасы қаланды деп ойлаймын. Қазір де біз бір орында тұралап қалмай, дамып, алға ұмтылып, заманға сай технологияларды меңгеріп, жетіліп келеміз.

Осы өткен 30 жыл ішінде Қазынашылық мекемесі өзінің қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдей отырып, мемлекет қаржысын басқарудағы, бюджеттік шығыстар мен олардың мақсатты жұмсалуын бақылаудағы негізгі институттардың бірі болып танылды. Қазақстанның экономикасын нығайтуға, ұлттық бюджеттік жүйені қалыптастыру мен аяққа тұруына айтарлықтай үлес қосты. Қазынашылық жүйесі құрылғаннан кейін бюджетті игеруді ұйымдастыру жұмыстары да айтарлықтай өзгерді, мемлекеттік тапсырмалар мен қызметтерді іске асыру барысында бюджет қаржысын жұмсау, бюджеттік тағайындаулар мен оларды тиісті пайдалану бойынша бақылау күшейтілді.

Елімізде енгізілген бюджеттік реформалар қазынашылық жүйесін жаңғыртуға да қажеттілік туғызды. 2003 жылы жаңғырту жұмыстарына сәйкес қазынашылық органдарының ORACLE бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде әзірленген жаңа ақпараттық жүйеге көшуіне тура келді. Ал, 2008 жылы клиенттер (мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік құзырлы органдар мен бюджеттік ұйымдар) ұсынған қаржылық құжаттарды қабылдап, әрі қарай онымен жұмыс істеу үшін қазынашылық қызметтерді автоматтандыру, сонымен бірге, клиентке есептілікті электронды нұсқада беру бағытында  «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі әзірленіп, енгізілді.

Содан бері қазынашылықтың барлық аумақтық құрылымдары мемлекеттік бюджетті атқару процесінің толықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық ортада жұмыс істейді. Яғни, олар бұл жүйеде мемлекеттік мекемелердің төлемдері мен міндеттемелерін жоспарлау, бюджет кірістерін жинау, мемлекеттік органдардың міндеттемелерін тіркеу және олар бойынша трансферттерді жүзеге асыру, бюджеттің орындалуын бақылау және есеп беру процестерін жүзеге асырады. Қазынашылықтың ақпараттық жүйелері бюджет қаражатының аударылуын нақты уақыт режимінде есепке алады, барлық деңгейде мемлекеттік бюджеттің атқарылуын тиімді бақылауға және негізделген қаржылық-экономикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Ақмола облысының қазынашылық департаменті осы жобаны енгізу кезінде белсенділік танытып, осы бағдарламаны енгізуді пилотты мекеме ретінде өздерінен бастады.

Бүгінде департаментке 17 аудандық және 2 қалалық, бұған қоса, тағы 11 бөлім кіреді. Штатта 176 адам қызмет етеді.  Департамент 748 мемлекеттік мекемеге, 33 квазимемлекеттік сектор субьектілеріне, 68 мемлекеттік сатып алу субьектілеріне қызмет көрсетіп,  республикалық бюджетті игерудің қамтамасыз етілуі мен жергілікті бюджеттің орындалуы мен кіріс бөлігін бақылайды, сонымен бірге, мемлекеттік мекемелердің есебі мен төлемдерін қоса алғанда, түрлі қаржылық операцияларды өткізу бойынша қызмет көрсетеді.

Сонымен, Ақмола облысының қазынашылық департаменті өз тарихы мен дәстүрі, әдет-ғұрыптары, қалыптасқан, біртұтас ұжым болып табылады. Біздің ұжымда 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкерлермен қатар, жас мамандар да еңбек етуде.Рейтингтік бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қазынашылығының аумақтық бөлімшелері арасында Ақмола облысының қазынашылық департаменті бірнеше рет көшбасшы мекемелер қатарынан көрінген жайы бар.

Қазынашылық департаментінің тиімді жұмысының кепілі – департаменттің кадрлық құрамы деп санаймын, себебі олар өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратын жоғары білікті мамандар. Олардың арқасында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына тиімді бақылау қамтамасыз етіліп келеді. Біздің қызметкерлер еңбекке деген зор қабілетімен, қажыр-қайратымен және ең бастысы, өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. Осы ретте, қазынашылық жүйесінің ардагерлері мен қазір де қызмет атқарып жүрген және аумақтық құрылымдарда көптеген жылдардан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерді ерекше атап өткім келіп отыр. Олар: Р.Мұқатова, О.Нұрпейісов, Р.Сыздықова, А.Ысқақова, У.Джундыбаева. Е,Қайырбеков, Р.Дангилов, Т.Оралов, Н.Кривицкая, Е.Шамрина, В.Кот, М.Қуандықов, Л.Теміртасова, Г.Сәдуақасова, Т.Шәріпова, Г.Жантілеева, Р.Кенжебаева, А.Исабекова, В.Кулешов, А.Ибраева, О.Маевская, Б.Жапарова, А.Төлекенова, И.Еременко, А.Қарақанова, Б.Есмағамбетова, О.Середкина, К.Сәдуова, С.Талаптинова, Г.Қарымсақова, Ч.Казжанов, Т.Яковлева.

Департаменттің болсын, қалалық, аудандық қазынашылық басқармалары қызметкерлерінің болсын,алған білімі мен тәжірибесі, адалдығы мен кәсіби шеберліктері қазынашылық жүйесін одан әрі жетілдіріп, дамытуға, Қазақстан Республикасыүшін жемісті де нәтижелі еңбек етуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен облыстық қазынашылық департаментінің қызметкерлеріне нәтижелі жұмыстары, қандай жағдай болсын,оптимистік көзқараспен қарайтындықтары үшіншынайы алғыс айтқым келеді және осы саланың барлық еңбеккерлерін шын жүректен 30 жылдық мерейтойымызбен құттықтаймын! Баршаңыздың жұмыстарыңыз жемісті, отбастарыңыз аман болсын, жаңа белестерден көріне беріңіздер!

Александр ЩЕРБАК,
Ақмола облысының қазынашылық департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар