Анашым деп толғанамын осы күні

Біз ол кезде әлі жетілмеген жетімдер едік. Өйткені, әкеміз Кәкаш Әуелбеков дүниеден ерте өтіп, жалғыз анамыз Қарлығаш Арықбайқызы Әуелбекованың қолына қарап қалғанбыз. Ол кісі 1925 жылы 15 желтоқсанда Көкшетау облысы Казанка ауданының Қалмақкөл ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша сол жерде өсіп-жетіліп, отбасында ең үлкені болған соң бұғанасы қатпай жатып жастайынан еңбекке араласыпты.

Анасы үй шаруасын, мал жайлау, сиыр саууды, іс тігуді, тіпті шәлі тоқуға дейін үйретіп, осының бәрін көрсетіп қадағалап отырған. Білуімізше, анамыздың өзі мектепте жақсы оқыған. Әсіресе, есеп сабағына зейінді болған. Сондай зерек, кей есептерді бертінге дейін жатқа білетін. Күндердің күні бой жетіп, менің әкем Кәкаш Әуелбековпен көңілі жарасып, тұрмысқа шыққан. Сөйтіп, екеуі үй-күй болуға талпынып, осы жолда тынбай еңбек етіп, тіршіліктерін жасаған.

Жастайымнан байқағаным, анамыздың мінезі тік, қатал болды, шындықты бетке айтып салатын. Бірақ, орынсыз ешкімді қаралауды, жаралауды білмейтін. Сөздің де кейде бір айтылар жері, керек тұсы болады ғой. Сондайда анам әділдікті, ақиқатты сүйгендігінен болар, тосылмай жаңағыдай мінезімен жарқ ететін. Бір жағынан сол мінезі ауыл тұрғындарына ұнайтын. Елде де осындай шындықты дұрыс көретін, соған арқа сүйейтін жандар қай уақытта болсын аз емес қой. Осы мінезі анамызды өзгелерден ерекшелендіріп, биіктетіп те тұратындай көрінетін кейде маған.

Ол кезде біз Жаңасу ауылында тұратынбыз. Исі қазақтың біразына танымал атақты ауыл. Бұл топырақта халқымыздың біртуар перзенттері Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков ағаларымыз дүниеге келген. Сонысымен де бұл елді мекен бертін бүкіл Көкше еліне жақсы-жайсаңдардың, шоқтықты тұлғалардың елі болып таныла түсті. Міне, осы ауылда анамыз дүкенде сатушы болып қызмет істеді. Одан колхозда, нақты айтсам, қырманда таразышы жұмысын атқарды. Сөйтіп жүріп, дүниеге екі қыз, төрт ұл әкелді. Әкем марқұм сол біздің Казанка ауданындағы Ақкет ауылының тумасы болатын. Әкемнің ғұмыры қысқа болды. Кенеттен келген сырқаттан 49 мүшел жасында қайтыс болып жүре берді.

Сөйтіп, басқа салған соң не шара, анамыз алты баламен жастай жесір атанып, сол кезде біз, балаларының өзі ішіміз сезіп түйсінгеніміздей, тығырыққа тап болып қала бердік. Ең үлкен әпкеміз Алма ғана тұрмыста еді. Сол кезде небары 45 жастағы анамызға енді оңай соқпасын біз де бала болсақ та түсінгендей болдық. Бірақ, бұғанамыз қатпаған қалпымызбен қай қажетіне жарарымыз, ұсақ-түйек үй шаруасын ғана атқарғандай боламыз. Барлық қиындық анамыздың мойнында. Нені болсын әкенің жоқтығын білдіртпей, бір өзі қайыспай көтерді. Қанша баланың киімі, тамағы, басқа да керек-жарағы жалғызбасты анаға оңай емес еді. Сонда да ұнжырғасын түсірмей, жыласа біз жоқта жылап, біз барда қайта көңілімізді көтеріп, қайрат-жігер беріп, шамасы келгенше бабымызды, көңілімізді табуға тырысты.

Дана халқымыз айтқандай, «әке жетім – бір жетім, ана жетім – екі жетім». Сол жетімдікті анамыз бізге көрсетпеуге бар жанын салып, тағдырымыздың желқайығын бері бұрды, кейде қаталдықпен, кейде жұмсақтықпен ебін тауып, әлі де соншалықты бері қарай қоймаған заманның бар қиыншылығынан ептеп алып шықты. Біз өсіп есейген сайын, бұрынғыдай емес, қажетіне көбірек жараған сайын көңілі де көтеріліп, күліп жүретін болды. Жетім шіркін жетілмей ме, жетегіне анасы алғасын. Сол жағдай біздің де басымыздан толық өтті.

Біз әлі жаспыз, алдағыны ойлаудың өзі қиын соғып, абдырағандай болған кезде жаны ашыған аяушылықтары шығар, ауылдың үлкендері, мектеп басшысы, тіпті Көкшетаудан балалар үйінен де бір өкілдер келіп, анамызға «балаларыңды есейіп,  өз қолы өз ауыздарына жеткенше балалар үйіне беріп, өзің тұрмыс құрсаң қайтеді, әлі жассың ғой» деген ойларын да білдірсе керек. Бірақ, анамызтағы да өзінің қайсарлығына басып, «мен өзім тудым, өзім өсіремін, әлі көрерсіздер» деп отырып алыпты. Тіпті бұл сөз жанына шөгірдей қадалып, ренішке де барса керек. Содан қайтып, бұл сөзбен,бұл ишарамен біздің үйге ешкім келмейтін болыпты.

Ана жүрегінің, ана қайратының осы бір тылсым күшімен ақыры, тура солай болып, біз, кешегі жетімектер де өсіп жетілдік. Алдымыз өз жолымызды тауып, шаңырақ құра бастадық. Бәріміздің қамымызбен үйдің де, түздің де шаруасына жанкештідей жегілген асыл анамыз да зейнет демалысына шықты. Өзгелер қатарлы немере сүйіп, біздің тілеуімізді тілеп, «шүкір» деп отыратын болды. Бірақ, жастайынан көрген бейнет, бір өзі көтерген қаншама ауыртпалық денсаулығына да сызат салмай қоймаған екен. Бар ауыр да тағылымды ғұмыры  64 жаспен тұйықталып, ол жаққа да жақсылар керек дегендей, бақилыққа аттанып кете барды. Сол ауырып-сырқап жүрген күндердің бірінде, оңаша бір отырғанда «әкеңнен жастай қалып, тырбанып сендерді жеткіздім. Әйтеуір бақытыма орай, әке-шешесі барлардың өзі бұзақылық жасап, көзге түсіп жатқанда, сендер олай жерге қаратқан жоқсыңдар. Сол үшін өздеріңе де, Алла тағалама да ризамын» деп көңілдегі ақтық сөзін, жан сырын ақтарды.

Әр нәрсенің қадірі кейін білінетініндей, ананың да қадірін жасың толысып, жылдар өте келе түсінеді екенсің.  Қазір арамызда жоқ абзал жанды ойлаймын да, біздің жолымызда қандай қиындық көрсе де ешкімге тіс жарып, онысын айтпаған қайсарлығына, бізге деген мәңгілік аналық махаббатына қайран қаламын. Бүгінде  көз алдымда жатталып қалған сол бір аяулы бейнені сағынып отырмын. Ойым әртарапта. Жасың келсе де, сен үшін ана деген сол өзің көрген дара қалпында көңіл төрінде мәңгілікке қалады екен. Бәлкім, балалық шақтың шалалығымен қабағыңа кірбің түсірген кезім болса кеш, ана. Кей-кейде осылай да толғанамын. Жан анам, сен менің осы жаста да өмірімнің бар мағынасы мен мәні екенсің. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда мына ғаламнан кеудеме құйып алған  бір түйсігім сол!..

Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар