Ботай қонысындағы ашылған үйлер орындарын сақтау және музейлендіру тәжірибесі

Ескерткіштерді музейлендіру тәжірибесінде консервациялау, реконструкциялау, реставрациялау терминдеріне анықтамалар беретін болсақ, Асқар Бейсебаевтың 2008 жылы шығарылған «Археологиялық терминдер» сөздігі еңбегінде консервациядегеніміз «Зерттеу жұмыстары жүргізілген археологиялық ескерткішті сақтауға қою әдісі. Археологиялық  консервацияның бірнеше түрі бар. Ескерткішті қорғау мақсатында жай ғана көміліп тасталатын (мысалы, жергілікті халықтың күйдірілген кірпішті құрылыс материалына алып кетуінен,тағы басқасынан сақтайтын) консервацияның дөрекі түрі қазір қолданылмайды. Консервация ескерткішті қирап, тозудан сақтауға және оны реконструкциялау мен реставрациялау үшін қолданылады. Консервация сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нәзік және тез бұзылатын бұйымдар өз ортасынан шығарылып алынып, басқа ортаға түскенде тез бүлінуінің алдын алу мақсатымен бірден сақтауға қою үшін де қолданылады».  Ал, археологиялық реконструкция термині  – «қайта қалпына келтіру – жекелеген бөлшектері, қалдықтары, үзік-сынықтары бойынша ғимараттың, бұйымның, киімнің, адам немесе жануардың, тағы басқа пішіні мен кескіннің өзіне ұқсас бұйымдар, құрылыстар, тірі организмдердің анатомиясы жайында қолда бар білім негізінде қалпына келтіру » деп қазақша анықтамалар ұсынған.

Еуразия құрылығының Қазақстан аумағында тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасырлық ескерткіштер көптеп орналасқан. Оларда кешенді қазба жұмыстарынан бөлек сақтау, келер ұрпаққа насихаттау үшін бірнеше археологиялық тарихи музей қорықтар ашылуда.

Олардың ішіндегі археологиялық «Ботай» музей қорығы жұмыс жасауда. Бұл музей қорыққорғайтын ескерткіштер аумағында археологиялық ізденістер бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, ашылған нысандар ашық аспан астындағы музейге айналуда.

Ботай халықаралық археологиялық экспедициясының  43 жыл бойы үздіксіз жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында Ботай қонысынан өте бай археологиялық материал жиналды және бірқатар шетел ғалымдарының ғылыми ізденістері мен зерттеулері Қазақ даласындағы үй құрылысына қатысты бірталай ғылыми жаңалықтар ашты.

Ботай қонысындағы соңғы зерттеулердің арқасында 6000 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның ежелгі тұрғындарында болған әлеуметтік-экономикалық және дүниетанымдық контекстердің жоғары деңгейі туралы айтуға мүмкіндік беретін маңызды нәтижелер алынды. В.Ф.Зайберттің пікірінше, бұл адамдар – алғашқы жылқышылар, олар экожүйені тиімді пайдалану дағдысын меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар, күрделі құрылыстарды салуға да бел буды. Оның дәлелі ретінде Ботайдың ежелгі архитектуралық мәдениетін негізге ала, ғалымдармен бірлесе отырып,жасалған ботайлықтардың тұрғынүйлерінің экспериментальді макетін тілге тиек етуге болады. Мамандар тек сыртқы келбетін ғана емес, сонымен қатар, тұрғын үй интерьерінің элементтерін де қалпына келтірді. Бұл тұрғын үй, сондай-ақ, ботайлықтардың басқа да шаруашылық және діни ғимараттарының макеттері мемлекеттік бағдарламалардың басқа ғылыми нәтижелерімен бірге біздің еліміздің ежелгі тарихының аса маңызды беттерін баяндайтын ашық аспан астындағы тағы бір бірегей қазақстандық брендке айналатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, осы Ботай мәдениетінің дамуы мен трансформациясының нәтижесінде адамдардың табиғи процесстерді күнтізбелік тұрғыда қабылдау және жылқы шаруашылығының экономикалық тұрғыда қоршаған ортада күрт артуы себебінен далалықтардың психологиялық және мәдени менталитеттері қалыптасып, орныға түскен еді.

Қазіргі таңда Ботай қонысы және Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясына арналған В.Ф.Зайбертің «Энеолит Урало-Иртышского междуречья» (1992), «Тайны древней степи» (2007), «Ботай мәдениеті» (2009), «Ботай – у истоков степной цивилизации», «Сакральные контексты ботайской культуры» (2018), «Ботай» монографиясы қазақ, орыс және ағылшын тілінде  (2021) жылдары жарық көрген.

Ботай қонысында нағыз сәулетшілік тәсілдермен үйлердің орындары анықталып, қазба жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде Ботай үйі құрылысы жайлы көптеген еңбектер және қысқа ғылыми эксперминталды үйлер тұрғызылып, жағдайы мен төзімділігіне сарапттамалар жүргізіліп, Ботай архитектурасына қатысты әр түрлі тұжырымдар ұсынылып келеді.

Тұрғын үй ұйымдастырылған кеңістік ретiнде адам мәдениетi мен тұрмысының маңызды жақтарының бiрi болып табылады және тұрмыс мәдениетi мен экономикасы халықтардың көптеген проблемаларын шешуге мүмкiндiк бередi. Соңғы кездері зерттеушілер бұл тақырыпты барынша мұқият зерттеуде, бірақ, нақты материалдың анық жетіспеушілігінің түрі, ерте дәуірдегі тұрғын үйлерге өте сирек жүгінеді.

Ботай қонысында қазіргі таңда 1980-2023 жылдар аралығында 200 ге жуық үйлердің орындары ашылып,  барлығы 15 мың шаршы метр мәдени қабат ашылды. Қоныстың аумағында бірнеше баспаналардың шұңқырлары зерттеліп, баспаналар жартылай жерге отырғызылғанформалары көпбұрышты, үйлердің тереңдігі 0,6-0,8 метр,  аумағы 25-120 шаршы метр болып отыр.

Археологиялық материалдар бойынша  ботайлықтардың үй салудағы дәстүрлері жайлы зерттеліп, алғашқы рет өткен ғасырдың аяғында ғылыми эксперминтальді үйлер салына бастап, төзімділігіне қатысты ғылыми еңбектерде жазылды.

Сол кезде ашылған Ботай мәдениетінің құрылыс салу өнері, архитектурасына байланысты алғашқы тұжырымдар, қолдағы бар шикізатты пайдалана отырып алғашқы тәжірбилер жасалынып, өкінішке орай ол екі жыл ғана тұрған.

Келесі ғылыми-эксперминтальді құрылыс салу кезеңінде 2000 жылдары тұрғын үй кешені тұрғызылған болатын, өкінішке орай, мұндада бұл бар-жоғы 15 жыл бойы ешқандай жөндеуді керек етпей ұзақ тұрды, алғашқы  үй секілді ауа райы жағдайы жаңбыр, қар суының кіруіне байланысты бұл үйде сақталмай, төбесін жапқан бөрене ағаштары ортасына құлап, үлкен шұңқырға айналды,нәтижесі қазба жұмыстары барысында ашылған үйлердің стартиграфиясы жоспарының дәлме-дәл екендігін анық көрсетіп отыр. Бұдан Ботай мәдениетінің тайпаларыда үй салу өнерінде осындай мәселелермен кезігуін аңғаруға болады. Бұл Ботай қонысындатұрғызылған үшінші үй еді.

2019 жылы көп жылғы ізденістің нәтижесінде  Ботай қонысында Ботай тұрғын үйінің ғылыми-экспериментальді кешені бой көтерген болатын. Бұл тұрғын үй кешені 42 жылғы ізденістер мен қажырлы еңбектің арқасында қазіргі заманауи техникаларды пайдалана отырып, жауын-шашынға төзімді қылып, Ботай қонысынан және табиғи қорғалатын қорықтан тысқары ескерткіштің қорғау аймағының сыртынан тұрғызылған болатын. Құрылыс барысында көп жылғы ізденістер барысында Ботай үйлерінің стратиграфиясы құрылысының қабаттары да ескерілді. Бұл құрылыс жүргізілмес бұрын қоныста бұрын тұрғызылған экспериментальді кешендерінің тәжірибесі ескеріліп, көп жылғы ізденістер арқасында жаңа заманғы құрылыс материалдары пайдаланылып, тұрғызылып туристерге ұсынылған болатын.

Көрнекті археолог Ботай мәдениетін алғаш ашушы, зерттеуші ғалым В.Ф.Зайберттің Ботай архитектурасына қатысты тұжырымы бойынша қоныстан ашылған үйлерді Орта Азия мен Кавказ далаларында кеңінен тараған «Дарбаза» әдісімен салынған деген пікір білдірілді, бұндай құрылыс орталық тіреулерсіз жасалатындықтан, ішкі кеңістікті молырақ етеді. Төбесіндегі көлденең бөренелер бір-бірінің үстіне жататын болғандықтан, салмақ күш орталықтан шетіне қарай бөлінеді. Жоғарыда айтылған ботайлық архитектура еуразиялық кеңістікте мейлінше жақсы тарағандықтан, осындай архитектуралық ұстаным қола дәуірінде және одан кейінгі уақыттарда киелі  деп есептелді. Осындай «Дарбаза» әдісімен салынған  Амударияның төменгі ағысы энеолит дәуірінің кельтиминар мәдениеті Джанбас қонысынан да табылған, археолог С.П.Толстовтың пікірі бойынша шошала тәріздес құрылыстың  биіктігі 8-10 метрге жеткен деп қаралса,  археолог М.П.Грязнов та сегіз қырлы «Дарбаза» тәрізді   биіктігі 4 метрүй деп өз тұжырымын ұсынған болатын.

Бір ескеретін  жайт,бұл 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазреставрация» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының реставратор, архитектор мамандары  тарапынан Ботай қонысында 2 үй тұрғызылып, Ботай музей қорығына пайдалануға берілген болатын.

2021-2022 жылдары Ботай қонысы аумағында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ботай қонысындағы археологиялық ғылыми-эксперименттік зерттеулер және Ботай мәдениетін жеткізгіштердің қамтамасыз ету жүйелерін, өмір салтын және дүниетанымдықкиелі мән-мәтіндерін модельдеу» жобасы аясында 2019 жылы бой көтерген ғылыми эксперминтальді тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі музейлендіру аясында ішкі интерьерлік жұмыстар қолданысқа енгізілді.

2023 жылы «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлері бірлесе отырып, қоныс аумағынан 2000 жылдары қазба жұмыстары барысында ашылған нысанға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

2023 жылы тұрғызылған Ботай тұрғын үйінде көп жылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде алынған археологиялық деректер барысында Ботай үйінің стратиграфиясы мен жоспарының жаңа деректері негізінде Ботай тұрғын үйіндегі сыртқы және ішкі безендірулері мен Ботай адамының өмір сүру кеңістігінің қауіпсіздігін құру мақсатында сыртқы ортадағы жылу және гидрооқшаулау, жайлы ішкі безендіруді қалыптастыру және дәстүрлі дала безендіруіне келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қазірге таңда Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан Ботай қонысы өзініңматериалдық мәдениеті бай екендігін көрсетіп отыр. Қазба жұмыстарымен қатар, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отырса, аймақ тарихының тағы белгісіз тұстары ашылады деген ойдамыз. Оны туристерге ашық аспан астындағы музей ретінде пайдалануға болады.

Осылайша соңғы жылдары қолға алынған Ботай қонысындағы жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстары аталмыш ескерткіштердің сақталу мерзімін ұзартуға, сол арқылы тарихи бейнесін сақтап қалуға септігін тигізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деген сенімдеміз.

Қуаныш ШАҚШАҚОВ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат
министрлігінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар