Ұрпақтар жадындағы  Қарабай батыр

Биылғы жылдың 12 қаңтарында Атбасар ауданының  Сергеевка(Карабай) ауылында Қарабай батыр атындағы мешіт ашылып, жамағатпен алғашқы жұма намазы оқылды. Жиналған жұрт көп болды. Атбасардан, Астрахан ауданынан, Есіл, Қима, Астана, Екібастұз, Павлодар, Баянауыл, Жезқазған, Қарсақпай, Алматыдан ағайындар бас қосып жұма намазға тұрды. Мешіттің ашылу салтанатына ауыл, аудан әкімдері, аудан имамы, облыстық мәслихат депутаты қатысты. Осы мешіттің құрылысына жетекшілік еткен Сабыржан Кенжебаев игі тілектерін білдірді.

Мешітті ашу идеясын ең алғаш Алматыдан келген Қарабай батырдың ұрпағы  Жәкібаев Дәулет қажы ұсынған болатын,  өкінішке орай,Дәулет бауырымыз «ковидтен» қайтыс болды. Бірақ, оның бастап кеткен ісін Сабыржан ақсақал жалғастырып, жергілікті кәсіпкер шешен азамат Огаев Магомедке қолға салды.Негізгі шығынды осы жігіт мойнына алып, Сергеевка(Қарабай) ауылында зәулім мешіт бой көтерді. Сонымен бірге, Алланың үйінің құрылысына Қарабай батырдың ұрпақтары, марқұм Жәкібаев Дәулеттің ұлы Дастан Кеңесов, Дәулеттің АҚШ-тағы апайы Жәкібаева Шолпан, бауыры Жәкібаев Талғат, Қарсақпайдан Сәдуақасов Досымжан, Төлепберген қажы, Ысқақов Бақытжан өз үлестерін қосты. Әсіресе, Алланың үйінің бас құрылысының шығынын көтерген шешен азаматтары: Огаев Магомедке, әкесі Огаев Башта атаға Қарабай ұрпақтарының айтар алғысы шексіз. Игілікті істері Алладан қайтсын.

***

Енді Қарабай батырдың шыққан тегі, кім болғаны жайлы берер сөз. Қозған Абылдың ұлы Түкейұлы Қарабай бабамыз 1790 жылы туған, 1859 жылдары өмірден қайтқан. Ең алдымен, Түкейұлы Қарабай батыр Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысының Ақмола-Атбасар өңіріндегі белді, белсенді мүшесі. Кенесары Қасымұлының шақырумен Қозған руының барлық ауылдары қосылып, оларды екі би Асат Атымбекұлы мен Қарабай Түкейұлы басқарған.

Қарабай Түкейұлы 12 мың жылқы біткен ағасы Нарбайға қолқа салып, Кенесары ханның әскерінің мініс малы мен сойыс малын түгендейді. Өз баласы Жансары мен немересі Сарыша патша әскері отырған Ақмола бекінісін 2 рет шауып, өртейді. 1940 жылы зерттеулерде тарих ғылымдарының докторы Х.Бекхожиннің ұлт-азаттық көтерілісі туралы монографиясында Қарабай батырдың  Кенесары ханның жасауылы екендігі айтылған.

Б.Насеновтің «Кенесары – Дала маршалы» кітабында Қарабай батыр туралы 8 құжат көрсетілген. Қаз ССР Ғылым Академиясының корреспондет-мүшесі Е.Исмаилов көп зерттеген. «В момент его вторжения в Киргизию под его славным стягом находились батыры Ағыбай, Шәкір, Жауке, Текебай, Бұғыбай, Кобек, Бөрші, Базар, Таныш, Жанайдар, Нұрабай, Қарабай, Қарабас и другие…» деп жазады профессор Ж.Қасымбаев «Война в Киргизии» атты кітабында.

1849 жылы Атбасар болысына қарайтын Бекшентай мыс жәрмеңкесі ашылғаннан бастап, ол әр 3 жыл сайын өтіп отырған. 1852 жылы орыс көпесі Ушаков Қарабайдан кен орнын 20 жылға жалға алған. Бұл мыс жәрмеңкесін Қазақ жеріндегі ең алғашқы тауар биржасы десек қателеспейміз. Қарабайдың немересі, Қазан университетінің түлегі Ыбырай Шоқыбайұлы 1880жылдары Атбасарда алғашқы орыс-қазақ училищесін ашқан. Осы мақсатта Бекшентай мыс жәрмеңкесінен түскен қаражатты пайдаланған. Осы училищеде Атбасар өңірінің тарихи тұлғалары Байұлы Тұрғанбек, Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары Хасен Қошамбаев,  ҚазАССР Орталық сайлау комитеттінің хатшысы Оразбек Мұхамедов, ағарту саласында көп еңбек еткен Зейнолла Төреғожин, Халел Нұрмұхамедов, Қорғамбек Нұрымов, тағы басқалары оқыды. Кейін бұл азаматтар 1938 жылдардағы репрессияның құрбаны болды. Қазір ол училище үйінің орнында Ленин көшесіндегі қалалық гастроном ғимараты орналасқан.  Кенесары көтерілісінен соң Қарабай Атбасар жерінде болыс болған. Ал, тұқымдары уездегі ауқатты, білімді, көзі ашық, беделді кісілер болған.

1877 жылы Қойсары Қарабайұлы болыс басқарушысы болған. Қойсарыдан тараған Толқынбай, Еркінбек, Мұса, Сәдуақас ұрпақтары Қарсақпайда мыс зауытын салуға ат салысқан. 1877 жылдан 1930 жылға дейін Қарабай немерелері Жарқын Боқыұлы, Жақып Шоқыбайұлы, Жарқын Тектекұлы, Мұхамед Боқыұлы, Жамбай Сәркеұлы, Татығұл Нарбайұлы Атбасар жерінде  ел басқарған еді.

***

Қарабай ауылының орыны туралы дерекке келсек. Белгілі өлке зерттеушісі Клара Әмірова апамыз 1990 жылы Ақмола қаласынан шыққан «Ауылым – Атамекенім» атты кітабынын 42 бетінде былай дейді: «Қарашекпінділердің бір тобы Есіл өзенінің ең шұрайлы деген жерін жайлап отырған Қарабай ауылдарының зираты тұрған жерді таңдайды. Ата-бабаның қасиетті орны – аруақтардың мүрдесі жерленген жерден өздеріне үй тұрғыза бастайды. Қарабай батырдың ұрпақтарының қарсылығын елең қылмайды. Ашу-ызаға булыққан азаматтар, түнде салт атпен келіп, салынып жатқан үйлерінің қабырғаларын құлатып кете беріпті.  Кейін селоны салушылардың  үлкендері ұрпақтарына естелік, өсиет ретінде айтып отырады екен. Селоның атын «Қасиетті Сергейдің» құрметіне «Сергеевка» деп атап кеткен. Бертін келе Қарабай батырдың зираты селоның ортасында қалған». Аталмыш кітаптың 49 бетінде К.Әмірова тағы да былай депті: «Осылайша қоныстанушылар кейінгі өз ұрпақтарына өткенді еске алып, тәрбие бергенде «Қазақтар бізге қала салғызбаған, үйімізді құлата берген, естеріңде болсын» деген өсиетін бүгінгі күнге дейін ұмытпай жеткізуде. Ал, Қарабай батырдың зираты мен ұрпақтарының қабірі табандарының астында жатқанын айтатын ұрпақ кезігіп қалса, олар «ұлтшыл көшпенділер» болып шыға келеді».

Сергеевка ауылының бұрынғы аты Қарабай ауылы болғанына, бұдан артық қандай дәлел керек?! Көрнекті зерттеуші ғалым Ғизат Габдуллин Омбы қаласынан 1880 жылы шыққан Ақмола өңірінің ескі картасын тапты. Онда да тайға таңба басқандай «урощиче Қарабай»  деп жазулы тұр.

Сөз соңында Алланың қалауымен ашылған Қарабай батыр мешіті құтты болып, іші жамағатқа толсын. Осымен тоқтап қалмай жалғасын табуға Алла нәсіп еткей демекпіз. Осы мақаламызды Атбасар жерінің адал азаматы, жанашыры, зерттеушісі Клара Әмірова апамыздың сөзімен аяқтаймыз: «….Мәңгүртке айналған ұрпақ, шалажансар тіл,  апатқа ұшыраған табиғат, атамекен шежіресі, жоғалған жер атауы, тағы тағылар қалайша жаныңды ауыртпайды… Әр болыс, әр ауылдың тарихын зерттеушісі табылса, бір-бір том болары сөзсіз. Елімізде белгісіз де, келешексіз де ауылдар болмауы керек. Олар біздің сола жаздаған тамырларымыз».

Бақытжан ЫСҚАҚОВ.

Алматы.

(Арнайы «Арқа ажары» газеті үшін.)

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар