Андрей Штыр: «Ақылшым – Абай хәкім!»

Бұл күнде Көкшетаудың іргесіндегі Куропаткино селосын қоныс еткен Андрей Штыр Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Баянауыл елді мекенінің тумасы. Қаймағы бұзылмаған қазақ ішінде өскен, жергілікті ұлт тілінде орта мектепте білім алған. Әріден толғап, мақалдап, мәтелдеп, көркем сөзді кестелей сөйлегенде, сәл ғана әсірелеп айтқанда, сөздің түбін түсіреді. Жай ғана сөз емес, ажарлы, құнарлы сөз. Ептеп қазақы қалжың қосып, сөз әрін келтіріп, тірілте түседі екен. Әуел баста таңырқағанымыз да рас.

–Таңырқайтын несі бар, ол кезде біздің Баян ауылында дархан даланың даналығын бойына жинаған абыз ақсақалдарының төрт көзі түгел еді,–дейді Андрей Адамовичтің өзі, – сол қара шалдардың шапанының етегінде отырып ел тарихы жайындағы, ел қорғаған ерлер, билік айтқан билер туралы әсерлі әңгімелерін құлақ қойып тыңдайтынбыз. Содан қалған жұқана ғой. Шынымды айтсам, өмірдің жұмбағы көп, кейде бір қос қақпаның арасынан жол таба алмай тұрғанымда, Абай атаммен сырласамын, ақыл сұраймын. Түсіне білгенге бәрін, тегіс айтып кеткен ғой. Тек сол асыл сөздердің мәнін ұқпайтынымыз, басшылыққа алмайтынымыз ғана жаман.
Есіліп аққан Есіл өзенінің жағасында өсіпті. Кіндік қаны тамған Отаны да осы. Кейін ес білген соң әжелерінен естіген ата тарихы былайша соқталанса керек. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Саратов облысындағы немістерді қазақ даласына көшіріп тастаған ғой. Жарықтық сол кезде аштықтың, жоқшылықтың дәмін татқан әжелері қашан көздері жұмылғанша жергілікті жұрттың жақсылығы мен бауырмалдығын айтып кеткен екен. Алғашқы бетте көз көріп, құлақ естімеген қиян шетке қоныстанған немістер жүдеу-жадау болса керек. Бірақ, аз уақыттың ішінде ауыздары аққа тиіп, ел қатарлы тіршілік ете бастаған. Сол шақты көзімен көрген Данил Данилович дейтін нағашысы өз ұрпағына:
–Біз осы қазақтардың арқасында аман қалдық. Олар болмағанда мен де болмас едім, сендер де болмайтын едіңдер. Жер басып жүргеніміз аузындағысын жырып беріп, шыбын жанымызды сақтап қалған осылар. Олардың алдындағы қарызымызды ешқашан өтей алмаспыз,–деп разылығын білдіреді екен.
Данил Данилович қызмет бабымен іргедегі Пресновкаға қоныс аударғанда, балаларына Баян ауылында тұратын Талас Исабайұлы дейтін ақсақалды қатты тапсырып кетіпті. Қазақ тілінде айтқанда, аманат. Сөйтсе, Данил Даниловичтің аталары әлгі ақсақалдың әкесінің қамқорлығын көп көрсе керек қой. Соның өтеуі ретінде шегелеп тапсырған.
– Отын-шөбі, басқа да қажетті қарекеттері сендердің мойындарыңда,–деген ата қонысын қимай, артына қарай-қарай көшіп бара жатқан Данил Данилович,–өзім келіп қадағалап тұрамын.
Әке сөзін құп алған балалар айтқанын екі етпеген.
–Қазақтың арқасында,–дейді Андрей,–аузын арандай ашып келген ажалдан аман қалдық деп отырушы еді, жарықтықтар. Қазір ара-тұра елге барғанда қара қорымға барып, ел ақсақалдарына құран бағыштаймын. Өзімнің де анам, қаншама ет жақын туыстарым бір зиратта жатыр ғой. Ал, әкем болса, жасы келген соң туған жері – Саратовты сағынды. Топырақ сол жерден 63 жасында бұйырды. Ал, Баянның іргесіндегі зиратта әкемнің әкесі, өзімнің анам, анамның өгей шешесі, бәрі жатыр.
Туған жер еске түскенде, көңілі шіркін елжіреп кетеді екен. Қолдың саласындай аққайыңдар шоқ-шоқ болып үйіріле өскен, ен даланың төсін бал сулы Есіл өзені кесіп өтетін бұл төңіректің көркі әлдебір шебер суретші салған көркем сурет іспетті ғой. Осы бір табиғаттың тамашасына жергілікті жұрттың мейір-шапағаты қосылғанда, Андрей үшін шынында да жер жәннаты тәрізді болып елестейді.
–Бүгінде біраз жұрт бала тәрбиесімен басын қатырып жүр ғой,–дейді Андрейдің өзі,–мен айтар едім, алдымен Абайды оқу керек. Бар тәрбие хәкім атамыздың айтқанында. Кішкентай кезімізде көркем әдебиетке үйір болып өстік. Ол кезде неміс, қазақ деп бөлінбейтінбіз, ауылда біреуде жақсы кітап болса, кезекке тұрып, бір-бірімізден қалап алып оқушы едік. Өзіміздің жерлес ағаларымыз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтың шығармаларын. Иван Шуховты да оқыдық. Сәбеңнің жастық шағындағы көрген қиыншылықтарына жанымыз ашитын, ал, қазақ тілін бір кісідей білеміз десек те, Ғабең шығармаларын оқығанда сөзінің сұлулығына, әр сөзінің бір-біріне ажар шашып тұратындығына таң қалатынбыз. Бұл шығармалар жерлес жазушылар жазғандықтан ба екен, біздің түсінуімізге, түйсінуімізге оңай болды.
Өз айтуына қарағанда, әскери борышын Қиыр Шығыста өтеген екен. Қатты жалғызсырапты. Үйіне хат жазғанда, қазақ тілінде тілдесетін адам таба алмай жүргендігін айтып, мұңын шағады екен. Ол уақытта орыс тіліне шорқақ, таза қазақ ауылында өскен соң ептеп акцентпен сөйлейді. Кейін Күсепке, жаңа қонысқа көшкенде де тілдесер кісі таппай қиналғаны бар. Бұл елді мекен тыңгерлердің қонысы. Жергілікті ұлт сирек. Оның өзі орыс тілінде сөйлеседі. Андрей Адамович өткен жылы ортаншы ұлын үйлендірген.
–Қазақтың бар салт-дәстүрін сақтады,–дейді Күсеп селолық округінің әкімі Беркенде Бекболатов,–беташар айтылып, шашу шашылды. Жас келінге көрімдік берілді, қариялар бата берді.
Қазақпен құда болғанына қатты қуанған. Құйрық-бауыр жесіп тұрып, құдалығымыз мыңжылдық болсын деп тілек тілескен.
–Сол тойға қонақ болып мен де барғанмын,–дейді облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов,–тамаша өтті. Бір кезде кенже ұлы жеңгеме арнап ән салып берейін деп, «Арыстың жағасында» әнін шырқады дейсіз. Әлгіден соң өз ана тіліне шорқақ кейбіреулер ұялғандарынан ортаға шығып сөйлеуден бас тартып жатты.
Бауырынан өрбіген үш ұлы да қазақ тілін өз ана тілі есебінде санайды. Үлкен ұлы Андрей Андреевич Краснояр селосындағы №1 кәсіптік-техникалық колледжде оқып жүрген кезінде өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген қазақ тіліндегі қалалық, облыстық байқауларда топ жарса, республикалық байқауда Гран-приге ие болыпты. Бұл байқаудың бір ерекшелігі, техниканың қосалқы бөлшектерінің атауларын қазақ тілінде айтып, қызметін баяндап беру керек екен. Жастайынан техникаға үйір, әрі қазақ тілін жетік меңгерген Андрейге бұл тапсырма қиын болмаса керек. Балалары әсіресе, халық әндерін айтқанды жақсы көреді. Күмбірлетіп домбыра тартып, ән салғанда Андрей Адамовичтің өзі Есілдің жағасында қалған ата жұрты есіне түсіп, елжіреп кетеді екен.
–Туған жерден тамыр үзіп қалмау керек,–дейді Андрей Адамович,–қазақ даласының қасиеті мол. Елбасының Нұрсұлтан Назарбаев та ұлы даланың бар қасиетін ұлықтауымыз керек деп міндет қойып жатыр ғой. Өте дұрыс. Жергілікті жұрттың салт-дәстүрін ой таразысына салсаңыз, барлығы адамгершілікке үндейді. Ал, дала данышпандарының кейінгі ұрпағына қалдырған мұрасы ше? Мен өз білгенімді, бұрынғы ел ақсақалдарынан алып қалған мұраны балаларыма үнемі айтып отырамын. Бұрын Алладан ақ сүт емген келін кездессе екен деп тілеп едім, тілегімді берді. Тәрбие көрген келін жолықты. Ұрпағым аман-сау өсіп жатыр, барлығы қазақ елінің азаматтары. Тіршілікте одан өзге не тілерсің?!
Өзі де ел ағасы жасына жеткен Андрей Адамовичтің пайымынша, алдымен адам болуың керек. Қай нәсілден болсаң да, адамшылықтан ажырамасаң, тастай батып, судай сіңесің. Әсіресе, құшағы кең, кісілігі кемел қазақ ортасында…
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар