Ақмола, Көкше – таланттар мекені

Ақмола, Көкше жері ежелден ән мен жырдың алтын бесігі саналған. Кешегі Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ Оқжетпестің биігіне ән байлап, Сарыарқада сал-серілік құрып, өнері асқақтаған, өнерпазын ардақтаған киелі жер бұл. Халық өңір өрісін өнерінен таниды. Ал, Ақмола, Көкше – таланттар мекені.

Жалпы, адам өмірінде «мәдениет» ұғымы қалай пайда болды деп кімде-кім ойланып көрді ме? Біз әртістің сахнадағы жүректен шыққан әнін тыңдап эмоцияға берілеміз немесе актердің кәсіби ойынын бақылап, бұл ойын екенін ұмытып, болып жатқан оқиғаны сезіне отырып, зор қуанышқа бөленеміз! Осы орайда, адамзат өмірінде мәдениет қана рухани қажеттіліктерімізді жүзеге асыруға көмектесіп, біздің ішкі әлемімізді дамытатыны хақ дегіміз келеді.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні салыстырмалы түрде жас мереке болып табылады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Әлем Қазақстанды тек мұнай ресурстары мен ірі сыртқы саяси бастамалармен ғана емес, сонымен қатар, мәдени жетістіктермен де тануы тиіс. Біздің мәдениетіміз әлемнің барлық құрлықтарында және барлық басты тілдерде үндесуі тиіс» деп айтқан болатын. Сондықтан, 2013 жылы Қазақстан Республикасында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтті. Оны мұражайлардың, кітапханалардың қызметкерлері, театр қайраткерлері, концерттік ұйымдардың, мұрағаттардың, мәдениет үйлерінің, клубтардың қызметкерлері, барлық жанрдағы әртістер атап өтеді. Мәдениет – бұл мемлекеттің, азаматтық қоғамның және өнер қайраткерлерінің жасампаз ынтымақтастық кеңістігі. Осы саладағы басты міндеттердің бірі саланы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадр мәселелерін шешу болып табылады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, заманауи қазақстандық Мәдениетті жаһандық әлемде ілгерілету және гастрольдік географияны кеңейту шеңберінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінің Дибба және Фуджейра қалаларында өткен концерттік алаңдарында көпшілік жоғары бағалаған хореографиялық қойылымдарды көрсетті.
Ұлттық өнерімізді Қытай елінде де паш еттік. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бес жылдығына және Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығына арналған іс-шараға Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары – «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» хореографиялық ансамблі және әнші Аякөз Қалмағанбетова қатысты.
Өңіріміздегі облыстың екі театры, орыс және қазақ театрлары Қазақстанда да, шетелде де гастрольдік қызметтің ауқымын кеңейте отырып, түрлі жанрдағы қызықты қойылымдарымен қуантуда. Мәселен, облыстық орыс драма театры жыл сайын Йошкар-Ола қаласындағы (Марий Эл Республикасы) «Мост Дружбы» Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетіп келеді, сонымен қатар, ағымдағы жылы Буинск қаласында (Татарстан) өткен «Буа-пространство диалога» ұлттық театрлардың ІІІ халықаралық фестиваліне қатысады деп отырмыз.
Облысымыздағы өлкетану, әдебиет және өнер, Көкшетау қаласының тарихы және Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайлар өз қызметтерін жемісті жүзеге асыруда. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы ескерткіштерді есепке алу, қорғау, консервациялау, қалпына келтіру, насихаттау және пайдалану жөніндегі жұмыстарды үйлестіреді. Қазіргі уақытта тарихи-өлкетану және М.Ғабдуллин мұражайларының реэкс-
позициясы жүріп жатыр. Сондай-ақ, соңғысында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыстың кітапхана жүйесін жаңғырту бойынша бірқатар іс-шаралар белгіленген. «Цифрлық Қазақстан» жобасы басталды, кітап қорын сандық форматқа көшіру бойынша жабдықтар сатып алынуда, Q-кодтау бойынша да жұмыстар әрі жалғасуда. Бұл шаралар барлық салаларда, соның ішінде мәдениет саласында бұқаралық белсенділікті одан әрі дамытуды көздейді.
Көркем өнерпаздық жеке тұлғаның эстетикалық қажеттіліктерін қалыптастыруға, дәстүрлерді сақтауға және таратуға ықпал етеді. Жыл сайын Ақмола облысында «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауы өтеді. 4 сәуірден 4 мамырға дейін Көкшетау және Степногорск қалаларының 17 ауданының шығармашылық ұжымдары орындаушылық шеберліктің үздік жетістіктерін көрсетті. Биылғы жылы байқауға 49145-тен астам адам қатысқаны қуантарлықтай. Мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдарының дайындық деңгейі көз қуантты. Үздік нөмірлер мәдениет және өнер күніне арналған гала-концертте көрсетілетін болады.
«Көкшетау» мәдениет үйінің «Шалқыма», «Көкшетау» хореографиялық ансамбльдері халықаралық фестивальдар мен конкурстардың лауреаттары болып табылады.
Мәдениет қызметкерлері жұртшылықтың, ғылыми топтардың кең ықыласына ие болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын іске асыра отырып, саланың алдына жаңа міндеттер қойып, тарихи ескерткіштер мен Қазақстан тарихын сақтау және көпшілікке тарату жолын әрі қарай жалғастыра береді. Бүгінгі күні театрға, кино, мұражайға бару, бос уақытта кітап оқу, музыка тыңдау адамға өзін жақсы түсінуге көмектеседі, жұмысқа шабыттандырады және өз өмірінде маңызды шешімдер қабылдауға рухани азық береді, көргеннен, естігеннен немесе оқығаннан кейін көптеген рахат алуға көмектеседі.

Кәсіби мереке күні өңіріміздің мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер біздің қоғамымыздағы жоғары және асыл миссияны атқара отырып, бүкіл тарих бойы адамзат жасаған рухани құндылықтарды сақтауға көмектесесіздер. Сіздерге бақыт, денсаулық, амандық, жаңа шығармашылық және кәсіби табыстар тілеймін!

Рустам БИКЕНЕВ,
Ақмола облыстық мәдениет,
архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар