Жұлдыздар жарқыраған сәт

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер қызметкерлері күнін мерекелеу аясында және

Жастар жылына орай өткізілген «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысып, мәдениет пен өнер саласында табысты еңбек етіп жүргендердің бір тобын марапаттады. Үздік өнері мен шығармашылық жетістіктері үшін бас жүлденің иегерлері атанған Целиноград, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне автокөліктердің кілттерін тапсырды.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде мәдениет саласының қызметкерлерінің қазіргі қазақстандық қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтіп, шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдірді. – Ақмола облысы ұлттық музыка өнерінің алтын бесігі. Бұл өңірде қайталанбас поэтикалық шығармашылықты құрастырған ұлы ақындар Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ дүниеге келді. Бүгінгі таңда өңірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастама жасаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. Ұлттың мәдени және тарихи құндылықтарын сақтау және молайту мақсатында көптеген игі шаралар жүзеге асуда. Шығармашылық қызметтің шыңынан көрініп, игі істеріңізде табысқа жете беріңіздер, – деп жүрекжарды тілегін білдірді аймақ басшысы.
Ағымдағы жылғы байқауға облыстың 17 ауданы мен 2 қаласынан 211 ауылдық округтен 49 мың адам қатысты. Аталмыш байқау барысында 110 жаңа шығармашылық ұжым, 151 жаңа өнер иесінің есімдері белгілі болып, жас солистер анықталды. Солардың арасындағы ең үздіктері қорытынды гала-концертте өнер көрсетті. Сонымен қатар, мәдениет сарайының екінші қабатында «Киелі өнердің – өшпес ізі» атты халықтық сәндік-қолданбалы шығармашылық өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Осы орайда, жалпы аудандық және қалалық байқауларға барлығы 820 шебер қатысып, олар 3500 түрлі жанрдағы жұмыстарды ұсынғандығын атап өтсек дейміз. Көрмеге қойылған нағыз шеберлік пен шалқар шабыттың озық үлгісіне айналған бұл бұйымдар жиналған қауымның зор қызығушылығын тудырды.
Ал, Көкшетау мен Қараөткелдің жазиралы даласын ән мен күйге бөлеген өнер байқауының шымылдығы Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Егіндікөл, Астрахан аудандарындағы би ұжымдарының орындауындағы «Рухани қазына» атты хореографиялық композиция-
сымен ашылды. Дала төсінде қызғалдақ гүлдей жайқалған қыздар сахнаның ажарын ашып, от болып алаулаған жастық пен жаз өмірдің жарасымды үйлесіміндей көз қуантты. Арқаның ән мектебінің айшықты қолтаңбасындай болып кеткен, жоғары диапазонды дауыспен шығандата шырқалып, асқақ естілетін биік әрі нәзік, сырлы да сұлу иірімді, кейде сабырлы, қоңыржай, кейде сыбызғыдай сызылған сүйкімді әндер талай ғасырдан бері ұмытылмай күні осы уақытқа дейін айтылып келеді емес пе. Соның айғағындай байқауда өнер көрсеткен Целиноград, Аршалы, Жақсы, Ерейментау, Шортанды аудандарының дәстүрлі әншілері Арқа әндерін тамылжыта орындап, кәсіби шеберліктерімен көпшілікті тәнті етті. Бұл әншілерді кербез Көкшетау мен сырлы Сырымбет, бұла Бурабай мен ежелгі Ерейментау, Жалғызтау шыңдарына ән-тұмарын байлаған Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың ізбасарлары деп қабылдады көрермен.
Сондай-ақ, көпті тамсандырған әншінің бірі целиноградтық Батима
Изенаева. Ол Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұл» әнін әуелете шырқады. Шолпыдай сыңғырлы күміс көмей әнші ән орындау шеберлігімен көрермен көзайымына алды. Күмбірлі күйден шашу шашқан дәулескер домбырашылар да жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады. Осы орайда, ұлттық өнерді өркендетуге өзіндік үлес қосып жүрген жарқайыңдық Қасым Елдос, Төлепберген Шыңғыс, Асылхан Дүйсенғалиев, есілдік Орынбасар Диас, Саим Базғалиев пен Біржан сал ауданының өнерпазы Нұржан Сағынайды атап өтсек дейміз. Қорғалжын ауданының атақты «Дударай» халықтық фольклорлық ансамблі де абырой биігінен көрінді. Өнер тұнған Ерейментау жерінен келген «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблі, ақкөлдік «Мрия» мен «Аккольские Артложки» фольклорлық ансамбльдері де тамаша өнер көрсетті. Бір сөзбен айтқанда ақмолалық өнерпаздардың өнеріне тамсана отырып, мәдениет ұрпақты сабақтастыратын алтын көпір екендігін нық сеніммен айта аламыз.
Осы орайда, өңіріміздің мәдени өмірінің жанданып, көркеюіне үлес қосып жүрген мәдениет саласының қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Үздік өлкетанушы» медалімен марапатталды. Олардың арасында ақын-сазгер Иран сал Тасқара, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, облыстық орыс драма театрының жоғары санатты әртісі Виктор Крылов, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблінің балетмейстері Гүлмира Ордабаева және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен 24 адам марапатталды.
Ал, байқаудың жүлделі орындары аудан орталығы, селолар мен облыстық маңызы бар қалалар арасында үш деңгей бойынша бөлінді. Үш бағыт бойынша үздік деп бағаланған Целиноград және Есіл аудандары мен Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне өңір басшысы автокөліктің кілтін табыс етті.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар