Енді арызды қабылдау бөлмесі арқылы беруге болады

Өткен бейсенбі күні Ақмола облыстық полиция департаментінде және Көкшетау қалалық басқармасында азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі ашылды.

Қабылдау бөлмесінде алдын-ала бекітілген кесте бойынша прокурор және полиция қызметкері азаматтардың өтініш, арыздарын қабылдайды. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының кадр жұмысы бойынша орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреев полиция жұмысының ашықтығы азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтатын негізгі факторлардың бірі екендігін айтты.
–Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына негізделген азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі айтылған болатын. Бұл облысымызда бірінші ашылып отырған қабылдау бөлмесі. Алдағы уақытта облыстың басқа қалалары мен аудандарында да азаматтарға арналған қабылдау бөлмелері ашылады. Мұнда тұрғындарға қабылдау жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Тегін интернет, оған қоса адалдық дүкені жұмыс істейді, – деді
департамент бастығының орынбасары.
Айта кетейік, бұл күні департаменттің Көкшетау қалалық басқармасында да қабылдау бөлмесі ашылды. Онда халыққа жағдай жасаудағы бірқатар талаптар ескерілген. Мәселен, бұл жерде қарулы күзет тұрмайды, кіре берісте құрсаулы терезелер жоқ. Ғимаратта азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлмелер бар. Сондай-ақ, бұл жерден тұрғындар арнайы төлемдер де жасай алады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар