Досым оқыған кітап

Жас ұрпақты көркем әдебиеттің көмегімен тәрбиелеу қиын түйінге айналғалы қашан. Таяуда Бурабай ауданында болғанымызда «Досым оқыған кітап» деп аталатын жаңа жобаның жай-жапсарымен танысып, оңтайлысы осы екен дестік.

Ауданда 34 кітапхана жұмыс істейді. 16715 оқырманы бар. Дені ауылдық жердегі кітапқұмарлар. Рухани сұранысты қанағаттандыру үшін жыл сайын мүмкіндігінше жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырады. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламамен келетін құнды кітаптардың қатары жиі. Бір сүйініштісі, соңғы жылдары жергілікті ұлт тіліндегі әдеби кітаптар мен күнделікті басылымдар көбейіп келеді.
Қазір жас толқынды әдемі әдеби әлемнің сиқырлы сырымен қызықтыру оңай-оспақ шаруа емес. Оған қолдарынан күні-түні түспейтін қалта телефондарындағы әлеуметтік желі кесір болып тұр. Ал, оқи білгенге көркем әдебиет құнды дүние. Қасиетін ұқтыру үшін тым құрығанда өз бойлары мен ойларына шақталған шығармалардың сөлін бір рет татырса. Ол үшін не істеу керек? Еліктегіш жас көңілді ептеп аударған жөн. Біз сөз етіп отырған жобаның басты ерекшелігі де осы. Балалар өздері оқып, жетесіне тоқыған жақсы кітаптарды достарына береді, тіпті, мазмұн-мағынасын ауызша айтып берсе де олқы соқпас еді. Кеңесе қалған сәттерінде өзге дүние емес, кітап туралы сөз сабақтаса нұр үстіне нұр. Өйткені, балғын балалардың әдебиеті барша әдебиеттің баспалдағы.
Кітапханашылар да балаларға қандай кітап оқу керектігін айтып кеңес беріп отырады. Жобаның жолы ашылса, жас ұрпақ көркем әдебиетті серік етіп, жан азығына айналдыратындары даусыз. Қазіргі күні аудандағы кітапханалардың кішкентай оқырмандары батырлар жырын, елітетін ертегілерді оқып жүр. Кітапханашылар бала көңілін баурау үшін балалар әдебиетіне қалам тартатын жазушылармен кездесулер өткізуді де жоспарлауда. Оған мол мүмкіндік бар. Бурабайдың баурайына қаламгерлер жиі келеді емес пе?
Бұл орайда аудандық кітапхана жанынан «Автор және оқырман» жобасы ашылған. Оның басты мақсаты ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау. Алғашқы жүздесулер де өткізілді. Оқырмандардың қызығушылығы да көңіл сүйсінтерлік.
Енді бір ауыз сөз қиындық хақында. Мәселен, аудандық кітапхананың өз алдына жеке ғимараты жоқ. Ал, ауылдық жерлерде мәселе тіпті күрделі. Бірқатар ауылдық кітапханалар жергілікті білім ошақтарында, әкімшіліктерде, жалға беретін мекемелердің айналымға келмейтін бөлмелерінде орналасқан.
– Сондықтан оқырмандардың талап-тілегін сапалы орындау қиындық туғызуда,–дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Назира Рамазанова,–қайткен күнде де ойлы оқырманды кітапханаға тарту барысында тырбанып жұмыс атқарудамыз. Шығармашылық клубтар да ашылып, жұмыс істеуде.
Ілкімді ізденіс үстіндегі кітапханашылар ұжымының ыждаһатты шаруасы оңынан оралса, Бурабай баурайындағы жас толқын жақсы дәстүрді жалғастырмақ. Зайыры көркем әдебиетпен көңіліңді көркейткенге не жетсін, шіркін?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар