Электронды қызмет көлемі артып келеді

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Ақмола облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі сөз етіліп, бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қаралды.

Облыста мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жайлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов баяндап берді. Ведомство басшысының айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жағынан біздің облыс республика бойынша алдыңғы үштіктің қатарында. Былтыр бұл көрсеткіш 79 пайызды құраса, биыл 84 пайызға жетіп отыр. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 4 миллион 500 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның 83 пайызы электронды форматта.
–Тұрғындардан білім беру мекемелерінің атына баланы бірінші сыныпқа қабылдау, сыныпқа бөлуге қатысты көптеген арыз-шағымдар түсетін. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасымен бірлесіп, Akmola.kz электронды базасын құрастырдық. Осының арқасында ата-аналар балаларының құжаттарын мемлекеттік мекемеге бармай-ақ, база арқылы тапсыра алатын болды. Мұның тағы бір артықшылығы, база балаларды сыныптарға автоматты түрде бөледі. Оған мектеп әкімшілігі, не мұғалім араласа алмайды. Сол сияқты, балабақшаларға жолдама алу үшін де аталмыш база пайдаланылады, – деген департамент басшысына қоғамдық кеңес мүшелері салық, медицина салаларында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бірқатар кемшіліктер орын алып жатқанын, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын әлі де болса арттыру керектігін айтып ескертті.
Одан кейін жаңадан бекітілетін және күші жойылған нормативтік-құқықтық актілер қаралып, қоғамдық кеңес мүшелері олардың бірқатарына қатысты уәждерін білдірді. Мәселен, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жыл сайын мемлекеттен миллиондаған субсидия бөлінеді. Соның арқасында кәсіпкерлер техника, мал, басқа да шаруашылыққа қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін жауып отырады. Ал, бірақ та, қарапайым халық осыдан қандай пайда көріп отыр? Ақмола астықты өлке бола тұра, ауыл шаруашылығы саласына қомақты сомада субсидия бөлінгенімен, жыл сайын қажетті азық-түліктің бағасы, оның ішінде нан мен сүттің, еттің бағасы өсіп жатқанын айтқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл осы мәселені шешуге назар аударды.
Қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлу мәселесіне жаңаша көзқараспен келу қажеттігін айтып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдеріне бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар