Асылдың сынығы

Бүгінде бір жылда туып, бір жылда дүниеден өткен «Үш арыс – Үш бәйтерекке» арналған мерейтойлық шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Міне, сол алыптардың бірі – қазақтың көрнекті жазушы-драматургі, ақын Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай, Алаш ардақтысының жиені, Петропавл қалалық №1 емханасының дәрігері Дәметер Сейітжановамен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Дәметер Әбілқасымқызы, сіздің атаңыз Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жан-жақтан шақыртулар алып, еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан үлкен кездесулерге қатысып, көңіліңіз бір марқайып қалғанын білеміз. Сол әсерлеріңізден оқырмандармен де бөлісе отырсаңыз.
– Иә, биылғы жыл Қазақстан халқы үшін өте ерекше жыл. Үш арыс – Үш бәйтерекке айналған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлинге 125 жыл толып отыр. Бір жылда дүниеге келіп, бір жылда дүниеден өткен қастерлі тұлғалар. Халқына еңбегі сіңген, бар-жоғы 43 жастарында қазақ елі үшін құрбан болған. Бір-бірімен ажырамас дос болып, әдебиетте бірге қызмет істеген айтулы алыптар. Алдымен әңгімемді мынадан бастасам, біз нағашы атамызды – Би ата дейтінбіз. Оның кенже қызының атын Гүлсім деп Сәкен атамыз қойған екен. Ал, Ілияс абақтыға қамалғанда Фатима анамыз Болатты дүниеге әкеледі. Сонда Бейімбеттің қызы Рәзия анамыз Гүлжамал апамызбен бірге барып, Болатты перзентханадан алып шығады. Содан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттей арыстары түрмеге қамалып кете барады. Сол кезде Семей балалар үйіндегі Бейімбеттің үш баласы – Рәзия, Мереке, Еділге Фатима апай өзінің қолынан келген көмегін жасап тұрыпты. Ол кез өте бір ауыр кезеңдер еді. Үш баланы суретке түсіріп, Гүлжамалға КарЛАГ-қа жібереді екен. Міне, балаларың аман-есен, деп. Қазір сол суреттер Алжир мұражайында сақтаулы тұр. Би атам қазақтың ұлы жазушысы, драматург, сценарист, қазақ әңгімесінің құты болған екен. Әңгіме жанрында Бейімбетті әлемдік әдебиеттің ірі тұлғаларымен қатар қоюға болады. Шерхан Мұртаза, Сәкен Әлімқұлов, Оралхан Бөкей, қазіргі Асқар Алтай, осылардың бәрі Бейімбетті ұстаз санайды. Аға буын мен орта буын ғана емес, кейінгі буын да Бейімбетті өздеріне ұстаз тұтады. КазГУ-дің профессоры, әдебиетші ғалым Темірғали Нұртазин Би атамыздың бір ғана әңгімесін студенттерге талдағанда Б.Майлинді «Әңгіменің ырыс-құты» деп атаған. Би атамыз әңгіме жазудың асқан шебері болуымен қатар, алғаш қазақтың «Амангелді» киносының сценарийін жазысқан бірінші киносценарист. Осындай ірі тұлғаның 125 жылдығы республика көлемінде тойланып, жер-жерде мақтанышпен аталып өтуде.
Қостанай елінде маусым айында Таран ауданына Бейімбет Майлиннің аты берілді. Бізбен бірге біраз азаматтар Би атамыздың туған ауылында болды. Осының бәріне ұрпақтары атынан ризашылығымызды білдіремін. Одан кейін айта кеткім келетіні, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында Сәкен Сейфуллин елінде болдық. Онда да той керемет өтті. Ол жерде де Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер бірге аталып жатты. Сонда бір мың қыз-келіншек қазақтың дәстүрлі дәмі он мың литр қымызды бір мезгілде күбіде пісіп, сапырып, әлемге тағы бір мәрте паш етіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Одан кейін Талдықорған облысында Ілияс Жансүгіровтің туған елінде болдық. Сондағы Құлагер ескерткішін көріп, бір тамсандық. Оған Ілияс атамыздың ұрпағы Болат Жансүгіровтың жолдасы Қарлығаш қыздарымен келді. Біз Би атамыздың ұрпақтары жиналып бардық. Сәкен атамыздың ұрпақтары келді. Алматы қалалық әкімшілігі шақырып, сондағы кездесуге қатыстым. Сол Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының үлкен залында Қостанайдың қазақ драма театры сахна тілімен Бейімбет атамыздың өмірін баян етті. Одан кейін Қойшығұл Жылқышиев деген азаматтың ұйымдастыруымен Алматыдан Атырау облысына аттандық. Осылайша «Үш бәйтерек – Үш алып – Үш арыс» тойы одан әрі жалғасты. Міне, күні кеше сондай жолсапарларда болып қайттық. Тағы бір айтарым, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақтелекомның» бас директоры Қажымұрат Жұмабекұлы Темірхановтың басшылығымен Көкшетау, Қарағанды, Қостанай қалаларында үлкен конференциялар ұйымдастырылды.
Қостанай облысының Рудный қаласында 23 қазан күні №7 мектеп-гимназиясына Бейімбет атамыздың аты берілді. Онда бізді мектеп директоры Қымбат Берманова құшақ жая қарсы алды. Сол мектеп жанынан ескерткіш тақта ашылды. Ішінде керемет музейі бар дарынды балаларға арналған мектеп екен. Барлық жерде атамыздың атын дәріптеп, еңбегін бағалап, құрметтеп жатқаны біз үшін зор мақтаныш. Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы кітапхананың баспасөз орталығында Би атамызға арналған тағы бір әдеби кештің куәсі болдық. Ғабит Мүсірепов атындағы кітапханада да конференция өтті. Петропавл қалалық №10 орыс мектебінде де кездесу ұйымдастырылыпты. Қостанайда Бейімбет атамның 100 жылдығына арнайы салынған мешіт үйі де жұмыс істеп тұр.
Енді міне, 15 қараша – Би атамыздың туған күні. Ол күні алдымен өз отбасымызбен, яғни, Рәзия Бейімбетқызының он бір баласы жиналып, атамызға құран бағыштаймыз.
– Осы жерде Бейімбет Майлиннің қызы, сіздің туған анаңыз Рәзия анамызға тоқталып өтсеңіз.
– Рәзия анамыз әкесінен 12 жасында ажыраған. 1937 жылы әкесін көз алдында алып кеткен. «Амангелді» киносын түсіріп болғанын күткендей, Сәкен мен Ілиястан соң, Би атамыз да абақтыға қамалады. Кинода басты рөлде Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, тағы басқалары ойнайды. Осы кино шығарда атамыз Қазақстанның делегациясымен Мәскеуге декадаға барады екен. Сонда Максим Горький «біздің Чапаев сияқты сіздердің батырларыңыз кімдер?» деп сұрайды екен. Содан ол кісі бірден осы киноны шығаруға кіріседі. Бірақ, өкінішке орай кино берілгенде титрда Бейімбет атамыздың аты аталмайды. Өйткені, оған «халық жауы» деген жалған жала жабылады. Анам марқұм айтып отыратын, «Ардақты әкемнің өмірі 43 жасында қыршынынан қиылды. Ол кеткеннен кейін де қиыншылықты аз көрмедік, алайда, мен өміріме ризамын, әкемді ақтап, оны дәріптейтін халқы бар» деп. Көкірегі қарс айырылып, жүрегі езіле, жанарына жас толып тұрса да, қайраттанып, қайсарлана түсетін қайран анам.
Кейін «Анам отырған КарЛАГ-тағы азапты кезең есімнен кетпейді. Ол жерде менің анам сияқты үш мың қыз-келіншек қамауда отырды. Шешем Гүлжамал сол қапаста отырып, маған кеудеше, қолғап, шұлық тоқып қойған екен. Онысының бәрі 12 жасар балаға арналыпты. Шешем қамауға алынғанда көз алдында сол 12 жастағы қыз бейнем қалып қойған ғой», – деп қимастықпен еске алатын 82 жасында мәңгілік сапарына аттанған Рәзия анамыз.
– Сөзіңіз аузыңызда. Осы тұста Бейімбет атамыз «халық жауы» деп қамауға алынғаннан кейін, оның әйелі Гүлжамал анамыз да абақтыға жабылды. Естуімізше, оны артынан іздеп барған сіздің анаңыз Рәзия болатын. Сол аналарымыздың зұлмат жылдардағы өмір жолдарына толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, нағашы атам Бейімбет пен нағашы әжем Гүлжамалдың отбасында бес бала дүниеге келген. Олар Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім. Тұңғыштары Әукенді 16 жасқа толғанда «халық жауының баласы» деп айып батальонына жібереді. Содан хабар-ошарсыз кетті. Одан кейін менің туған анам Рәзия Бейімбетқызы дүниеге келген. Рәзия балалар үйінен шыққаннан кейін Қарағандыға барып, КарЛАГ-тағы шешесін іздеп тауып алғанда, танымай, тосырқап қалады. Сол кезде шешесі Гүлжамал жадап-жүдеген, түрмеде 4 жыл отырып қалыпты. Сөйтіп, анасымен жылап көрісіп, түрме бастығына барып, ауру анасына араша түсіп, «жіберіңіздерші», деп жалынады екен. Бірақ, жібермейді, әрине. Содан өзі де бар-жоғы 17 жастағы қайсар қыз: «онда қасында қалайыншы» деп анасын езіле аяп, қамқор болуға тырысады. Кім-кімнің де сай-сүйегін сырқырататын сол бір зұлмат жылдар-ай. Соғыс уақыты, 1942 жыл. «Халық жауының әйелі» ретінде Гүлжамал анамыздың түрмедегі қасіретті кезеңі еді бұл. Зобалаң уақыт анаға да, балаға да оңай тимеді. Айтуға ғана оңай. Бұл Рәзияның Мереке бауы-
рымен балалар үйінен шығып қалған кезі. Ол кезде 15 жасқа толғандарды балалар үйінде ұстамайды екен. Содан қайда барарларын білмей, әке-шешеден жастай айырылған жетімектер, қайраңда қалған балықтай күй кешеді. Сөйтіп, ФЗО-ға түсіп, онда бір жыл оқып, Қарағандыда шешесі бар екенін естіген ол, соған жеткенше асығады. Анасының қасына келгенде он алты-он жеті жаста болса керек. Сонда бір ай болып, қара суықта бірге қой бағып, түрменің ащы дәмін анасымен бірге татады. Бүгінде сол Батықта қамауда отырған аналарға ескерткіш қойылып, тақтаға «Бұл жерде Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал отырған» деген жазу жазылыпты.
Сөйтіп, өз анасының көңілін жайландырып, Қарағандыға келіп, Сәкен атамыз дүниеге келген Жаңаарқа жеріндегі біздің әкеміз Әбілқасым Сейітжановқа тұрмысқа шығады. Сонда үлкен шешемізбен бірге тұратынбыз. Ол кісі өте тәрбиелі, сабырлы жан болатын. 100 жасқа таяп барып, дүниеден озды. Алғаш әкеміз Әбілқасым Рәзия анамызды келін қылып алып келгенде, «жалғыз ұлым үйленді», деген Күлшім апаның қуанышы ұзаққа бармай, «халық жауының қызы» деп екі қолын қайырып, алып кетіпті. Содан апамыз «Бұл балаға не дейсіңдер? Жіберіңдер», деп жылайды екен. Сөйтіп, қолхатпен босатып алып шығады. Орысша оқыған анамызды «Бір ауыз қазақша білмейтін халық жауының қызы», деп айтпасын деп, әжеміздің өзі қазақшаға үйретіп алған екен. Апамыз намаз оқығын таза адам болды. Ол кезде ондай сөзді айтпайтынбыз. Өзіміз де сол апамыздан құран аяттарын оқуды үйрендік. Осылай, ата-анамыз 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 63 жыл бақытты ғұмыр кешті. Анам Рәзия Жаңаарқаның құрметті теміржолшысы болған.
КарЛАГ-та болғанда Рәзияның Еділ деген інісі жанында болады. Оны өзі тұрмысқа шыққан соң, балалар үйінен шығарып алады. Мереке әскерге кетеді. Екеуі 15-ке толып, балалар үйінен шыққанда, Еділ де қиналып, жылап қалған екен. Сонда Рәзия анамыз бауырына дем беріп, мен аяғымнан тұрған соң сені де алып кетем, деп уәде береді екен. Сол ниетін Алла қабыл етіп, бауырларын қанатының астына ала бастайды. Сөйтіп жүргенде 1945 жылдары КарЛАГ-тан шешесі Гүлжамал босап шығады. Ағасы Әукен табылмайды, хабарсыз кетті. Бірақ, Рәзия анамыз онымен тоқтамайды. «Менің әкем Бейімбетке «халық жауы» деген жалған айып тағылды», деп Мәскеуге дейін хат жазады. Оған қоса, ең кенже сіңлісі Гүлсімді іздейді. Барлық балалар үйлеріне хат жібереді. «Ондай бала жоқ» деген жауап келе береді. Бірақ, бірде бір жерден «Майлина Галина Беимбетовна» деген хат келеді. Содан қуанып, бұл сол қыз болу керек, деп ойлайды. Кейін ол бауыры Алматыда тұрып, медицина мамандығын алып, білікті дәрігер болып, сол Галина атымен өмірден ерте өтті.
Мереке Майлин Мәскеуде әдебиет институтында Болат Жансүгіров, Олжас Сүлейменовтермен бірге оқыды. 1957 жылы Би атамыз ақталғанда Мереке нағашымыз барып құжаттарын алмақ болады. Сонда олар, «құжаттарды Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданынан сұрастырған Рәзия Бейімбетқызына жібердік», депті. Сөйтіп, Бейімбет Майлиннің ақталған құжаты менің анамның қолына арнайы табыс етіледі. Ол күнде нағашы әжеміз Гүлжамал да бар. Осы бір көптен күткен қуанышқа куә болып өтті. Сөйтіп, оларды үкімет Қарағандыдан, Алматыға шақыртып, үй береді. Содан менің әкем: «Мен Алматыда емес, елімде тұрамын», деп қалып қояды. Ғабит ата: «Қызым-ау бұл сендерге берілген үй алыңдар, балаларыңа қалады», депті. Сол кезде Рәзияның жеті балалы болған кезі екен. Сөйтсе, әкеміздің қарапайымдылығын қарасаңшы, «Жоқ, мен елімнен көшпеймін» деп бұған көнбейді. Нағашыларым бәрі Алматыда тұрады. Мен де нағашы әжем Гүлжамалдың қолында Алматыда оқыдым. Ол кісі 1974 жылы 74 жасында сол Алматыда дүние салды. Балаларын, немере-шөберелерін көрді. Бүгінде Мереке нағашымның Болат, Нағима атты балалары бар.
Менің бір есімде қалғаны, жаңағы Гүлжамал анамыз, Мереке, Еділ нағашыларымыз Алматыдан қыдырып, Жаңаарқаға келеді. Сонда олардың келгені үлкен той. Барлық ауыл-аймақ жиналып, оларға құрмет көрсетіп, шығарып салатын. Сонда 100 жасаған әкемнің шешесі «Бейімбеттің отбасы келді» деп ерекше қуанатын. Жыл сайын соларды асыға тосатын. Ол бір керемет сәт болушы еді. Рәзияның «анам келе жатыр» дегенінен, вокзал басы адамға толып, пойыздан күтіп алатын.
Еділ Майлин әкесін абақтыға алып кеткенде бес жас-
та қалған екен. 1980 жылы 48 жасында ерте өмірден өтті. Алматыда тұрып, еңбек етті. Жарас, Дариға, Рүстем атты балалары болған, олар да ерте қайтты. Қазір артында немерелері бар. Еділден кейін Мереке нағашым қайтыс болды.
Жоғарыда айтқанымдай, Би атамыздың ең кенжесі Гүлсім-Галина Алматыда клиникада білікті дәрігер болып қызмет істеді. Медицина ғылымдарының кандидаты. Шұға, Арман атты екі баласы бар еді. Шұға да биыл о дүниелік болды. Оның Әділет, Бейімбет атты ұлдары қалды. Арман болса сол Алматыда тұрады. Гүлсім апамыз 63 жасында дүниеден озды. Өзім жыл сайын Алматыға барып тұрамын. Жуырда барғанда да Кеңсай зиратына жерленген Гүлжамал анамыздың басына құран бағыштап қайттық. Онда Сәкен атамыздың жан жары Гүлбаһрам анамыз да жерленген. Алматыда осы Сәкен атамыздың немересі тұрады. Ол да Сәкен Сейфуллин. Онымен Алматы, Атырау сапарымызда бірге дәмдес болдық. Өзі Сәкен қорының төрағасы екен. Ол Сәкеннің Мәжит атты інісінен туған. Сәкен атамыздың біз білетін Қанымжан Сейфуллина деген апасы болды. Біз оны үлкен апа дейтінбіз. Кішкентай кезімізде үйіміз қатар тұрды. Өте жақсы араластық. Содан бірде ортаға үлкен портреттегі Сәкен атамызды қойып, айналасында біздің елдің Алматыда оқитын жаңаарқалық жастары суретке түскен. Сол суретті апамызға әкеліп көрсетеді. Сонда Қанымжан апамыз, «бауырым-ау», деп суретті сүйетін. Бізге мұның бәрі қызық, «онысы несі екен?» деп ойлаймыз. Сонда Рәзия анамыз түсіндіретін, «олар да сендердей бірге туған бауырлар еді» деп. Ол кісі ұзын бойлы, 80 жастан асса да өзін ширақ сезінетін. Біздің де жүз жасаған әжеміз бар. Бірде таяққа сүйеніп қонаққа келді. Сонда біздің апамыз «сұлу қыз, төрге шық» дегенде бәріміз күлетінбіз. Сөйтсек, ол апамыз жас күнінде өте әдемі, сұлу қыз болған екен. Айта берсең, бұл да бір сыйластықтың белгісі еді-ау.
– Дәметер Әбілқасымқызы, манадан бері бізге Бейімбет атамыздың ұрпақтары туралы келелі әңгіме айттыңыз, енді өзіңіздің отбасыңызға қысқаша тоқталсаңыз.
– Менің жолдасым Талап Сансызбайұлы екеуміз Алматыда бірге оқыдық. Мамандығы инженер-механик. Солтүстік Қазақстанның азаматы. Өзім Алматы медицина институтын балалар дәрігері мамандығы бойынша оқып, бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды сол Алматыдағы Мичурин емханасында учаскелік дәрігер болып бастадым. Қазір жолдасымның елінде тұрамыз. 90 жасқа таяған апамыз бар. Кезінде Алматыдан үш баламен елге көшіп келген болатынбыз. Қазір зейнеткерлікке шықсам да, Петропавл қалалық емханасында балалар дәрігері болып қызмет істеп жүрмін. Жолдасым зейнет демалысында. Қайрат, Талғат атты ұлдарымыздан туған Әмина, Айсұлтан, Арсылан, Шыңғыс атты немерелеріміз өсіп келеді.
Біз Бейімбет ұрпақтары жүз жасаған ата-әженің тәрбиесін көргенбіз. Айта берсем, әңгіме көп. Бала күнімнен есімде қалғаны, жыл сайын Рәзия анамыз 15 қарашада бәрімізді қаз-қатар тұрғызып қойып, «Қане, бүгін қандай күн?» деп сұрайтын. Сол күні Би атамызды ерекше еске алатынбыз. Ол кезде қазіргідей қораптағы дайын тәттілер жоқ. Сонда он бір баласына ақ қағазға суретті әдемі қылып өзі салып, іс машинасымен тігетін. Қазір отбасымен Жаңаарқада тұратын үлкен апам Зәуре «Шұғаның белгісі» деп бастаса, «Кедей боп тудым, кедей боп өлем» деп мен жалғастырамын. Осылай бәріміз Бейімбет нағашы атамыздың шығармаларын айтамыз. Содан кейін бәрімізге бір-бір қорап үлестіреді. Әрқайсысының суреттері бір-біріне ұқсамайтын сондай әдемі. Сол Рәзия анамыздың дайындаған тәттілерінің әлі күнге аузыма дәмі келіп тұратындай. Ол бір ұмытылмас, сағынышқа толы күндер еді-ау, шіркін. Анамның қарындашпен салған суреттерін айтсаңшы, оны мен кнопкамен қабырғаға іліп қоятынмын. Сол кездегі қандай тәрбие десеңізші. Сізге рахмет. Мені сонау балалық шаққа саяхат жасатып, Би атам туралы танымдық әңгімеге жетелегеніңіз үшін.
– Келелі сұхбат берген сізге де көп-көп алғыс, Дәметер Әбілқасымқызы!

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар