Болмысы бөлек талант иесі еді

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының ұйымдастыруымен жампоз жазушы-журналист, ақын-жыршы Жұмабай Есекеевті еске алу кеші болып өтті. Аталмыш мәдени іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері мен ақынның отбасы, туған-туыстары мен студент жастар қатысты.

Әдеби кешті «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының төрағасы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды. Кештің құрметті қонағы ретінде Жұмабай ағаның жұбайы Мәрәш Есекеева мен қыздары қатысып, сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісе келіп, аталмыш іс-шараны ұйымдастырған жандарға жылы лебізін білдірді.
–Қазақ ежелден қыз баланы еркелетіп, алақанына салып өсірген. Бізді де әкеміз бетімізден қақпай өсіріп, журналистік қызметінде уақыттың тапшылығына қарамастан, балаларына көңіл бөлуге тырысатын. Бізбен бірге барлық мерекелерді қарсы алатын. Тіпті, балабақшаға өзі апарып, өзі әкелетін. Мерекелік шаралар өтетін алаңдағы думанға ертіп апаратын. Оның әрбір сөзі, жүріс-тұрысы, айтқан ақыл-кеңесі үнемі жадымызда. Біз ешқашан әкеміздің көңілсіз жүргенін көрген емеспіз. Үйіміз домбыраның үніне шомылып тұратын. Сол қоңыр домбырамен бірге шуақ болып енген шаттық думан да біздің үйде еді. Ол кісі біздің мәңгі идеалымыз. Ата-анамыз үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бәріміз де еліміздің өркендеу жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Ажалға кім тоқтау бола алған?! Осы орайда, әкеміздің абзал есімін құрметтеп, біздің қайғымызға ортақтасқан барша қауымға зор алғыс білдіреміз,–деді қызы Гүлшат әкесі туралы естеліктермен бөлісе келіп.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Аида Амангелдинова Жұмабай ағаның «Кеудемнің көкала үйрегі» атты тақырыптағы электронды басылыммен таныстырды. Оның бір данасын ақынның жарына салтанатты түрде табыс етті. –Жұмекең Ақмола облыстық «Арқа ажары», кешегі «Көкшетау правдасы» газеттерінде көптеген жылдар еңбек етті. Замандастары мен соңынан ерген іні-қарындастары оның еңбегін зор бағалады. Осы орайда, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев бастаған біртұтас ұжымға, Байқал ініме, «Көкшетау» газетінің ұжымына зор алғыс білдіргім келеді. Сонымен қатар, өнерде сапарлас болған, Жұмабайдың көзін көрген, өнерін құрмет тұтқан жандарға алғысым шексіз. Ақын Серік Сапарұлы жетекшілік ететін «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығына да ілтипатым зор, – дейді жан жары Мәрәш апа.
Кеш барысында Жұмабай Есекеевтің шәкірті Сәрсенбай Хасенов ұстазынан үйренген әнін әуелете шырқап берсе, Арқаның ақын-сазгері Иран сал Жұмабай ағамен бірге жүрген өнер сапарлары туралы айта келіп, ән орындады.
Еске алу кешінде жастар Жұмабай Есекеевтің өлеңдерін оқып, туған-туыстары сағынышқа толы естеліктерін ортаға салды. Айта кетуіміз керек, сөз сөйлегендердің арасында Арқа өңірінде Жұмабай Есекеев атындағы жыршылар байқауы ұйымдастырылып отырса екен деген ұсыныс та болды. Құптарлық іс! Себебі, Жұмабай Есекеев таңды таңға жалғап, көмейінен жыр төге білетін жыршы болғандығын ел жақсы біледі. Ол жампоз журналист, қабырғалы қаламгер, айтыскер ақын еді. Ең бастысы абзал ағаның осындай сан қырлы өнері ел есінде. Себебі, хас өнерпаз ұмытылмайтыны хақ!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар