«Жомарт жүрек» сыйлығы қайырымды жандарға берілді

Көкшетаудағы «Достық» мейрамханасында өткен жыл сайынғы «Жомарт жүрек» сыйлығын табыс ету рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылы атқарылған шаралар жөнінде жан-жақты баяндап, осы бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, қайырымдылық істердің бастамашысы болып жүрген бір топ ақмолалықтарға марапаттады.

Салтанатты шарада «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі мен «ElJastar» театры бірлесіп жасап шығарған көкшелік ақын-жазушылардың аудио кітабының таныстырылымы болды.
–Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы барлық жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, қазақстандықтардың руханиқұндылықтарын жандандыруды көздейді. Облыста үстіміздегі жылы осы бағытта мемлекеттік органдар мен меценаттар тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Өңір кәсіпкерлері түйткілді әлеуметтік мәселелердің күрмеуін шешуге айтарлықтай үлес қосуда, мектептерді, ауруханаларды жарақтандыруға қол ұшын беріп, ауылдарды ұстап отыр. Олардың ішінде ең үздіктері «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жүлдегері атанды. Олар: «Жарқайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виталий Камышанский және «Шуйское XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұлов, – деді Айна Ермекқызы.
Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары аясында біздің облыста 2748 шара өткізіліп,2018-2019 оқу жылында барлық мектептерде мыңнан астам тегін IT-сыныптар ашылған. Жастардың ғылым мен білімге бет бұрып, инновациялық жобалармен айналысуына жағдай жасалуда. Солардың бірі – «Мамандықтар әлемі» жобасы.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында құны 5,3 миллиард болатын 583 әлеуметтік бастама жүзеге асырылған. Атап айтсақ, апатты жағдайдағы медициналық мекемелер, мектептер мен балабақшалар қалпына келтірілді, осындай 82 нысан жаңадан салынды. Осы орайда, Елбасының бизнес құрылымдарды бағдарламаға белсене араласуға шақырғанын, өз кезегінде ақмолалық меценаттар осы игі істердің басынан табылып жүргенін айта келе, облыс әкімінің орынбасары сондай бір топ азаматтарды «Жомарт
жүрек» сыйлығымен марапаттады.
«Жомарт жүрек» жүлдесіне ие болғандардың қатарында «Степногорск-Энергокомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынбек Қаршегенов, Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігінің бас директоры Уәлихан Сәпиұлы, зеренділік жеке кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов, Сандықтау ауданындағы «Байдалы» серіктестігінің директоры Бағдат Оразалин, Жақсы ауданындағы «TNK» агрофирмасы «Еңбек» серіктестігі базалық шаруашылығының директоры Дулат Досқожин, «Ереймен күрес клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қазыбек Балтабайұлы, «Азиякотломаш» серіктестігі филиалының директоры Тимур Қайратұлы да бар.
Сондай-ақ, бұл күні бағдарламаны іске асырудағы белсенділіктері үшін бірқатар жерлестерімізге Алғыс хаттар табыс етілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар