Жер қорлары түгенделіп, айналымға енгізілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бауыржан Ерназаров жер қатынастары саласындағы уәкілетті мекемелер қызметінің 2019 жылғы қорытындысы жөнінде айтып берді.

Бүгінгі күні аймақтың жер қоры 14 613,2 мың гектарды құрайды. Соның ішінде облыстың ең үлкен өңірі – Ерейментау ауданының жер қоры 1765,8 мың гектар, ең аз саналатын Көкшетау қаласының жер қоры 42,5 мың гектар. Облыстың жер қорының жалпы құрылымында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 74 пайызды немесе 10 822,1 мың гектарды құрайды. Елді мекендердің жерлері 1 325,4 мың гектарды, өнеркәсіп, көлік, байланыс және өзге де ауыл шаруашылығынан тыс жерлер 136,1 мың гектарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері 519,0 мың гектарды, орман қорының жерлері 522,7 мың гектарды, су қорының жерлері 201,2 мың гектарды, бос жерлер 1 085,5 мың гектарды, Нұр-Сұлтан қаласы пайдаланатын жерлер 1,2 мың гектарды алып жатыр. Бауыржан Ерназаров өз сөзінде Мемлекет басшысының 2016 жылғы тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында ағымдағы жылы орман, су қоры, шаруашылық жерлері бойынша қолда бар жер қорын талдау, жерді құжаттамалық тексеру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
– Осы мәселе бойынша облыс әкімінің өкімімен облыстық жұмыс тобы құрылды. Осындай іс-шаралар облыс аудандарында, қалаларында өткізілді. Орман, су қорының жерлері мен қосалқы жерлерді талдау бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жер заңнамасына сәйкес есепке алу деректері, сондай-ақ, жер учаскелерінің меншік иелері өзектілендірілді. Нормативтік-құқықтық актілер, арнайы деректер базасы, жер-кадастрлық істер деректері негізінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес орман, су қоры жерлерін пайдалану құрылымы анықталды. Облыстық жер қатынастары басқармасы көрсететін жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 12 бірлікті құрайды. Осы мемлекеттік қызметтің жетеуі «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда көрсетіледі. Жыл басынан бері басқарма 35 мемлекеттік қызмет көрсетті,–деген басқарма басшысы жерді ұтымды пайдаланудың маңызды факторы жерді ресурс ретінде экономикалық айналымға тарту мәселесі болып табылатынын айтып өтті.
–Сауда-саттық, яғни, конкурстар, аукциондар өткізу арқылы жерді беру бюджетті толықтырудың жақсы көзі ғана емес, бұрын пайдаланылмаған жерлерді ұтымды пайдаланудың ең үздік жолы болып табылады. 2019 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы айналымына көлемі 96 982 гектар 167 жер учаскесі тартылды. Оның ішінде егістік – 16 677 гектар, жайылым – 78 644 гектар, шабындық жер – 276 гектар, өзге де алқаптар – 1385 гектар. Аукциондар арқылы 430 жер учаскесі сатылды. Мемлекеттік бюджетке бұдан 902 миллион теңге қаржы түсті. Бүгінгі күні Ақмола облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру құқығы тұрғысында 164 келісім-шарт жұмыс істейді. Жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылардан ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу ретінде бюджетке шамамен 20,6 миллион теңге құйылды,–деп атап көрсеткен Бауыржан Ерназаров тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар