Жергілікті жолдар желісі кеңеюде

Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Арсен Жанғасқанов атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді.

Аталған басқармаға жүктелген негізгі міндеттердің бірі облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісінің құрылысы, қайта жаңарту, жөндеу және қалыпты ұстау болып табылады. Арсен Есенгелдіұлының айтуынша, 2019 жылы өңірдегі жергілікті және республикалық маңыздағы 400 шақырымдық автомобиль жолдары жөндеуден өткізіліпті. Белгіленген тапсырмаға сәйкес, 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға жеткізілмек.
Көлік қатынасы мен логистикасын дамыту заманауи инфрақұрылымды қамтамасыз етуді талап етеді. Сондықтан, халықаралық және республикалық жолдар жүйесін біріктіретін облыс үшін сапалық көрсеткіштерге айрықша назар аударылуда. Бұл – жол қауіпсіздігінің басты талабы екендігі белгілі. Биыл осы мақсатқа, яғни, жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекендер жолдары құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлінді. Осы қаржы ауқымында қазірдің өзінде 411 шақырымдық жол жөнделді.
Бұл істерге жеке тоқталған басқарма басшысы: «Мұның 58,5 шақырымы – құрылыс және қайта құруға, 34,5 шақырымы – күрделі, 251,9 шақырымы орта, 66,5 шақырымы ағымдағы жөндеуге жатады»,-деп атап көрсетті. Сондай-ақ, күрделі және орта жөндеу жұмыстары аясында 96 су өткізгіш құбыр төселіп, 480 жол белгілері және 358 айырым көрсеткіштеріне арналған тақтайшалар орнатылыпты.
Арсен Жанғасқанов ауқымды жұмыстар барысында ауылдық жолдарға айрықша маңыз аударылғанына екпін түсірді. Бұл орайда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ықпалы зор екендігі айтылды. Бөлінген қаржы есебінен Целиноград, Аршалы, Шортанды, Зеренді, Бурабай аудандарының көше жолдары жөнделіп, елді мекендер шырайлана түсті.
Келесі жылы Қазақстан мен Ресей мемлекеттері ынтымақтастық Форумының Көкшетау қаласында өткізілуіне байланысты дайындық жұмыстарының шеңберінде, жолдарды жөндеуге Үкіметтен қомақты қаржы қарастырылған. Қазіргі күні Қопа көлі аумағында құрылыс жұмыстары, Н.Назарбаев даңғылы мен С.Жүнісов көшесі және Н.Назарбаев даңғылы Абай көшесі қиылыстарында жолдарды қайта құру, Сүлейменов көшесінен Н.Назарбаев даңғылына дейінгі бөлікте, Васильковка және Центральный шағын аудандарында орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма басшысы А.Жанғасқанов сөзінің соңында бүгінгі күні облыс аумағындағы жергілікті маңыздағы 5626 шақырымдық автомобиль жолының 4011 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екендігін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар