Игілікті іс – елге ортақ

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелері алдында жергілікті атқарушы органдардың 2019 жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен биылғы жыл міндеттері туралы баяндап, есеп берді. Кеңес отырысын ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынтай Елубаев Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес, қоғамдық кеңес отырысында жергілікті атқарушы органдардың есебі тыңдалатынын айтып, жергілікті атқарушы органдардың 2019 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары мен биылғы жылға қойылған міндеттері туралы баяндама жасау үшін облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа сөз берді.

Әкімінің есебі бойынша былтырғы жылы экономиканың барлық салалары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру артып, құрылыс, шағын және орта бизнес дами түсті. Индустриялық секторда «КамАЗ-Инжиниринг», «Степногорск подшипник зауыты», «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерні жоғары жұмыс қарқынын қамтамасыз етті. Макинск құс фабрикасы іске қосылғалы құс етін өндіру екі есе артып, республика бойынша өңір үлесі 15-тен 23 пайызға жеткен. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 200 миллиард теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Өткен жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан облыс диқандары 5 миллион тонна астық жинады. Бұл жақсы табыс. Қазір біздің бидай алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталады. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға байланысты көптеген маңызды жобаларды қолға алмақшымыз. Былтыр 150 ет фермасы құрылып, 10 мың асыл тұқымды мал сатып алынды, – деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, 7 мал бордақылау алаңын құру, 9 сүт тауарлы ферма салу жоспарланып отырғанын айтты. Өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» жобасына мүлде қатыспаған Бұланды, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарын сынға алған Ермек Маржықпаев өз сөзінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
–Жеке қабылдауыма келген тұрғындар бас-пана, жылумен қамту, сапалы ауыз су, жол мәселелерін жиі көтереді. Бұл сұрақтар үнемі назарымызда. Мемлекет тарапынан мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. 2017 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біздің облыс республикада алдыңғы қатарда келеді. Өткен жылы 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен 9 жалдамалы және несиемен берілетін 11 тұрғын үй салынды. Биыл тағы 540 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар, – деді облыс әкімі.
Отырыста облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Ермек Маржықпаевқа толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшесі Қайрат Сұлтанов Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы 12 балалар сауықтыру орталығының былтыр тек төртеуі ғана жұмыс істегенін айтып, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бағдарламасын құрастыру жайлы ұсыныс білдірді.
Сөз арасында облыс әкімі Ермек Маржықпаев қазір расында да жазғы уақытта балалар тынығатын орындар жетіспейтіндігін айтты.
– Нұр-Сұлтан, басқа да қалалардан Бурабайда демалғысы келетін балалар көп. Кеңестік ыдырау кезінде біраз орталықтар жабылып қалды, – дей келе, әкім арнайы бағдарлама әзірлеп, жұмыс істемей тұрған балалар сауықтыру орталықтарының иелерімен кездесіп, мәселені бірге талқылау керектігін айтты.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері ауыл әкімдерін мемлекеттік бағдарламаларға оқытуды ұйымдастыру, ғылым саласындағы инновациялық жобаларды қаржылай қолдау, медицина қызметкерлерін баспанамен қамту, жастарға ұлы тұлғаларды көбірек насихаттау жайлы ұсыныстарын айта келе, облысымыздың экономикасын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарып жатқан игі істері үшін облыс әкіміне алғыс айтып, қызметіне оң баға берді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар