Агроөнеркәсіп кешенін ойдағыдай дамытуға не кедергі болып отыр?!.

Облыстық әкімдікте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен агроөнеркәсіп кешенін  дамыту мәселелеріне арналған кеңес болып өтті. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары, ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысқан отырыста саланың өзекті мәселелері талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында 2029 жылға қарай Ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайтудың стратегиялық мақсатын атап өткен болатын. Біздің міндетіміз – көрсетілген мерзімге жалпы өңірлік өнімнің өсуін екі есе арттыру. Ол үшін негізгі және басым бағыттар бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуді көздейтін 2030 жылға дейінгі облыстық іс- шаралар жоспары әзірленді, – деді облыс әкімі.

Кеңес барысында қаралған мәселелер ауқымы кең. Атап айтар болсақ,  агроөнеркәсіп кешенін, қайта өңдеу саласын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару…

– 2025 жылы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған. Бүгінгі нәтиже қандай? Межеленген жоспарға қарайтын болсақ, ауыл шаруашылығында бірқатар қолбайлаулар бар. Бізге макроэкономикалық көрсеткіштер қажет әрі маңызды, бірақ, олар ынталандырушы сипатта болып, өндірісті дамуға ықпалын тигізуге тиіс. Біз бұл межені бірінші орынға қоямыз және ол мақсатқа қандай да жолмен жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деп атап өтті Марат Мұратұлы.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 36 мыңға жуық ірі қара, 11 мың ұсақ мал және 23 мыңға жуық шошқа саны тіркелген. Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша статистикалық деректердің дұрыстығына осындай тексеру көршілес облыстарда да жүргізілгенін атап өтті, ондағы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысында – 125 мың, Қостанай облысында – 50 мыңнан астам мал басы тіркелген.

– Аудандар мен қалалардың әкімдеріне ескертіп айтарым, «қағазға семірген»  табын қажет емес. Сіздерде дұрыс есеп жүргізу үшін  барлық мүмкіндіктер бар, тексеру жүргізіңіздер. Біз ауқымды жұмысты таза парақтан бастауымыз керек: статистикалық көрсеткіштерді түзету, сенімділік пен объективтілік – бұл ең бастысы. Нақты деректерді көрсетіп, қолда бар дерекпен жұмыс істеп,  алға қарай адымдай басуды ойластыруымыз керек. Әйтпесе, ертең ретсіз көтеріліп, көрсетілген сандар бізге зиянын тигізеді, –деді облыс әкімі кеңеске қатысушыларға.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға байланысты мәселелерге де жеке тоқталды.

–Біз жылдар бойы қолданған механизмдер, құралдар енді жұмыс істемейді. Қазіргі заман талабы басқа және ол жаңа ғылыми негізделген тәсілдерді, жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Біздің өңірде техника шығаратын өндіріс орындары бар және біздің басымдығымыз осында болуы керек. Комбайндарды айтпағанда, егістікте пайдаланылатын 27 мың трактордың 16 мыңы 1999 жылдары шығарылған. Мұндай техникамен біз өндірісті қалай екі есе арттырғымыз келеді? Бұл мәселелерді шешпей, алға баса алмаймыз, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қосу жұмыстары мен алдағы егіс науқанына дайындық мәселесін де сын садағына алды. Өңір басшысы атап өткеніндей, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруды жүргізу міндеті әлі шешілген жоқ. Бұл бағытта фермерлермен тікелей жұмыс істеу керек. Яғни, топырақты, кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерін, өткізу нарықтарын, логистиканы талдау қажет. Жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін, кіріс бөлігін жақсарту үшін жерді тиімді пайдалануымыз керек. Билік пен бизнес арасындағы серіктестік үнемі назарда болуы қажет.

– Егер меншік иесі жерді дұрыс пайдаланбаса, онда түсіндіру жұмыстарына жүгінгеніміз абзал. Сонымен бірге, бизнеске қысым жасамау мәселесі де басты назарда болсын. Біз осыған қатысты тәсілдерді қайта қарауымыз керек деп есептеймін, – деп атап өтті Марат Ахметжанов. – Өнімділікті арттыру үшін тұқымның сапасына назар аударыңыздар. Бүгінде оларға қажеттілік 81 пайызға ғана қамтылып отыр.

Кеңес барысында сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов атап өткеніндей, ведомство барлық бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде: кездесулер, талқылаулар өткізіліп жатыр, қойылған мақсатқа жету үшін іс-қимыл алгоритмі әзірленуде.

– Әртараптандыру бойынша аудандардың мамандандырылу картасы жасалуда. Өңдеу саласының қуаттарын арттыру бойынша зауыттармен және шаруашылықтармен бірлесіп, Жол картасын әзірлеу жоспарлануда. Алайда, жалпы өңірде өнім көлемін ұлғайту үшін біз зәкірлік тәсілді қолдануды ұсынамыз, – деді ол.

– Мұны әр шаруашылықпен жеке пысықтау қажет. Сайып келгенде, алға қойылған міндеттерді іске асыру салаға инвестициялар ағынын қамтамасыз етуі тиіс. Онсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция көлемін 1,7 есеге арттыру міндетін қойып отырмыз, – деді бұған облыс әкімі.

Бұдан басқа, қайта өңдеу саласын дамыту үшін агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы әзірленген көрінеді.

– Осы мақсаттарға өткен жылы республика бойынша 100 миллиард теңге, оның ішінде біздің өңірге  15 миллиард теңге бөлінді, – деп атап өтті Кенеш Әлімжанов. – Бөлінген қаражат 32 мың тоннадан астам өнім беретін заманауи тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша жеті жобаға несие беруге жұмсалады.

Целиноград ауданының «Агрофирма «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеп тұрған бір мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын кеңейту жұмыстары аяқталуда. Целиноград ауданындағы «Ен-Дала» серіктестігі 1,5 мың басқа арналған ферма құрылысын бастап, соған мал сатып алуда. Аталған жеті компанияның қалған бөлігінде ірі қара мал, жабдық сатып алуға уағдаластықтар бар.

Аграршылар өз кезегінде өңірде ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін тексеруден өткен, бірақ, қаржыландырылмаған өтінімдерді уақытылы субсидиялау мәселесін шешуге кедергі болмайтынын атап өтті.

– Қолма-қол ақшаның болмауына байланысты өндірісті іске қосу мерзімдері ауысуда, бұл екінші деңгейдегі банктердің алдында да, уағдаластықтары бар басқа ұйымдардың алдында да айыппұл салуға әкеп соқтырады, – деп атап өтті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер.

Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі міндеттерді шешу бойынша іс-қимыл алгоритмін пысықтауды тапсырды.

– Біз табысты кәсіпорындарымыздың озық жұмыс әдістерін барлық жерде енгізіп, бизнеске көмек көрсетуіміз керек. Шаруашылықтармен бірге саланы дамыту үшін барлық жағдайларды қарастырып, мәселелерді жіті шешу қажет. Сонда тек қағазға сандарды салудың қажеттілігі болмайды, – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

Тамара САЛИМОВА,
Ұлмекен СӘДУАҚАСОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар