Басты талап – нақты жұмыс нəтижесі

Кеше облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында 2024 жылғы бірінші тоқсандағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жай-жапсары талқыланып, алда келе жатқан көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелері пысықталды.

Әкімдік отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, өңірдегі кәсіпорындардың басшылары қатысты. Жиынды өңір басшысы кадрлық ауыс-түйістерді таныстырудан бастады. Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып Қанат Доспаев тағайындалса, Ардақ Төлендин облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып бекітілді.

Күн тәртібіне сәйкес 2024 жылғы бірінші тоқсандағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен әлеуеті бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасады. Айтуынша, негізгі 7 көрсеткіштің 4-еуіне қол жеткізілген. Өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша көзделген меже орындалмаған. Өңдеу өнеркәсібінің төмендеуіне химия өндірісінің, машина құрастыру мен металлургия саласында сұраныстың азаюына байланысты орын алса, инвестиция тартудағы көрсеткішке қол жеткізбеу темір жол локомотивтеріне қатысты көрінеді. Дегенмен, инвестиция тарту көрсеткіші төмендегенімен, бұл салада облыс қазынасына түсетін түсім көлемі айтарлықтай, яғни 7,1 миллиард теңгеге ұлғайған. Бұл орайда, облыс әкімі Марат Мұратұлы:

– Көрсеткіштердегі үрленген инвестициялардың пайдасы жоқ, ең бастысы, бұл саладағы өңір қазынасына келіп түсетін қаржы артса болды. Түсім көбейсе, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік артады, бұл жердегі көрсеткіштің төмендігі маңызды емес, нәтижесіжақсы болса жетеді, –деп атап өтті.

Ал, тұрғын үйлерді пайдалануға беру мәселелері бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеу аудандардағы тұрғындардың өздерінің жеке тұрғын үй салуымен байланысты және қалаларда коммуналдық желілерге қосылудың қиындығымен түсіндірілді. Мәселен, облыс орталығын алып қарасақ, мұнда тұрғын үйлер құрылысының тоқтап қалуы жылу, электр, су желілеріне қосылуда жүктеменің көбейіп, жүйелердің жиі істен шығуымен түсіндірілді. Аймақ басшысы облыс орталығында тұрғын үйлерді салу жайының тоқтап тұрғандығын коммуналдық желілердің ескіруімен түсіндіре келе, облыс тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі – жеке құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алу арқылы шешілетінін айтты. Сонымен бірге, аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткіземіз деп, жұмыстың тиімділігі мен нәтижелігіне назар аударуды, жалған статистиканы малданбай, игілігін халық көретіндей, пайдалы істерді жүзеге асыруды тапсырды.

– Мен сіздердің тапсырған есептеріңізге қарамаймын, ауданда істеген жұмыстарыңыздың нәтижесі арқылы қорытынды жасаймын, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, облыста биыл 1700 жұмыс орны ашылып, облыс тұрғындарының орташа еңбекақысы 20 пайызға өсірілетіні, яғни, 300 мың теңгеге дейін жететіні атап көрсетілді. Бұған облыс қазынасынан 58 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.

Бұдан әрі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары туралы ақпараты тыңдалды. Өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 5,3 миллион гектарды құрайды.Егіс науқанына 15,1 мыңға жуық трактор, 16,6 мың тұқым сепкіш және 1,5 мың дана өнімділігі жоғары тұқым себу кешендерін жұмылдыру жоспарланыпты. Биылғы жылдың бұл саладағы ең өзекті мәселелерінің бірі – шаруашылықтарды тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Қазір тұқымдық материалға қажеттілік 536,8 мың тоннаны құрап отыр. Бүгінде осы жетіспейтін тұқым көлемін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыстағы ірі және орта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының негізгі бөлігі көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқыммен толық қамтылыпты. Сонымен бірге, «Азық-түлік корпорациясы» арқылы несие есебінен тұқым беру бағдарламасы жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, жақсы өнім алу үшін алқаптарға минералды тыңайтқыштар себуге де ерекше мән берілуде. Астрахан мен Сандықтау аудандарынан өзге аймақтар бұл жағын қарастырмапты және осы орайда, аудан-қала әкімдері өңір басшысының сынына қалды. Бір аптадан соң, көктемгі егіс науқаны басталады. Бірақ, кейбір аудандарда шаруаларға жеңілдікпен берілетін жанар-жағар майды жеткізіп, тарату жұмыстары тиісінше ұйымдастырылмаған. Аймақ басшысы Марат Мұратұлы:

– Мемлекет егін егу науқанын тиісті деңгейде атқару үшін қамқорлық жасап, жанар-жағар майды жеңілдікпен ұсынып отыр, ал сіздер соны жергілікті жерлердегі шаруаларға жеткізіп, таратуға жағдай жасамай отырсыздар. Ертең олардың отыны жетпей, басқа алып-сатарлардан қымбатқа алып, қарызға кіреді, – деп аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтындығын ескертті.

Отырысты қорыта келе, аймақ басшысы қала-аудан әкімдеріне әр өңірде іске асырылып жатқан жобалардың сапалы аяқталуын қадағалауды, көктемгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруға атсалысуды, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің сапалы болуын, бюджеттен бөлінетін қаржыны тиімді игеруді бақылауда ұстауды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар