Әлеуметтік мәселелер дұрыс шешілсе, қоғам да тұрақты

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал талқыланып, халықты жылумен, сумен, жарықпен қамту мәселелері пысықталды.

Аудандар мен қалалардың әкімдеріне мереке күндері бұл тұрғыдан ешқандай төтенше жағдайдың орын алмауын қадағалау тапсырылды. Облыстық әділет департаментіне жаңадан басшы болып тағайындалған Бәукен Әлмешті таныстырудан басталған әкімдік отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов және аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

–Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы ең алдымен тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне байланысты. Егер коммуналдық және әлеуметтік қызметтер тиісті деңгейде ұйымдастырылса, тіршілік көзі – жылу, су, жарық халыққа толыққанды жеткілікті, қолжетімді болса, онда тұрғындар тарапынан арыз-шағым азаяды, міне, сонда қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты дей аламыз. Сондықтан, осы келелі мәселе бүгінгі отырысқа шығарылып отыр, –деді аймақ басшысы.

Отырыстың күн тәртібіне орай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты жүргізілген мониторингтің нәтижесін баяндады. Оның мәлімдеуінше, облыста қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Дегенмен, тұрғындарды дүрліктіріп, ашық митингілерге шақыратын бірен-саран жағдайлардың тіркелгені белгілі болды. Осыған орай, аймақ басшысы:

–Біздің елде демократия деп әркім өзінің ойына келгенін істеуге болмайды. Барлығы заң шеңберінде, Ата Заңымыз – Конституцияға сай болуы тиіс. Әр аудан басшысы өз аумағындағы өзекті мәселелерді, әлеуметтік жағдайлар бойынша осал тұстарды жақсы біліп, солардың шешу жолдарын дер кезінде қарастырып, жоспар құруы тиіс. Егер  тұрғындардың арыз-шағымнан кейін ғана әрекет ететін болсақ, ол дұрыс болмайды. Кез келген түйткілді мәселені әр әкім алдын ала шешіп отыруы керек, –деп орынды пікірін білдірді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев жылумен, сумен, жарықпен қамту мәселелері бойынша есеп беріп, облыстың жылу беру маусымына 100 пайыз дайындығын алға тартты. Алайда, қытымыр қыстың сары аязы қыспаққа алғанда, Көкшетау мен Степногорск қалаларының бірқатар тұрғын үйлері жылусыз қалғаны, кейбір аудандардағы білім беру нысандарына жылу жеткіліксіз деңгейде барып жатқаны жасырын емес. Осы ретте аймақ басшысы басқарма басшысының есебіне түзету жасап, жылумен қамтудың «толық дайындығын» сынға алды. Атап айтқанда:

–Егер жылу беру маусымына 100 пайыз әзір болсақ, Көкшетау мен Степногорск қалаларының тұрғындары қатты аязда неге жылусыз қалды? Жалған мәлімет бермеңіздер, –деді.

Бұған қатысты аймақ басшысы аудандарды аралау барысында жылу электр орталықтары мен қазандықтардың «толыққанды дайындығын» көрсете бергенше, халық үшін тиімді жұмыстарды атқаруды тапсырды. Басқарма басшысына қазандықтарды қабылдап аларда, толық инженерлік тексеріс жүргізу, ал, құрылыс басқармасына жаңа қазандықтарды салмас бұрын, оның жобасын тағы бір пысықтап,  білікті мамандарға көрсетіп, тексертіп алуды ескертті. Осы жұмыстардың барлығын жер-жердегі әкімдер мен басқарма басшылары жоғары жақтың  нұсқауы мен тапсырмасын күтпей-ақ, өздері жоспарлап, қарастыруы тиіс.

Сонымен бірге, аудандардағы су, жылу, жарық мәселелері бойынша әкімдерді орындарынан тұрғызып, бұл өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқандығын сұрады.

–Степногорск қаласындағы жылуға қатысты жағдай бойынша мемлекет тарапынан тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлерге жылу жеткізу шаралары атқарылған, алайда, жылу құрылғыларының ескіруінен бірқатар үйлер жылусыз қалды. Сондықтан, жазғы дайындық жұмыстары кезінде жергілікті атқарушы билік тұрғындар мен коммуналдық қызмет ұйымдарына ескірген, тозығы жеткен жылыту құрылғыларын айырбастауды ескертіп, оларды осыған міндеттеуі керек. Сол жылыту орталығы мен жылу тарату магистральдарын жөндеу үшін биыл қыруар қаржы бөлінді, бірақ, атқарылған жұмыс нәтижесі бір-ақ мысалмен жұмыстың бәрін теріске шығарды, – деп қазіргі жағдайды Степногорск қаласының әкімінен сұрап білді.

Әкімдік отырысында өңірдегі судың санитарлық сапасы бойынша облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина, аумақтағы өрт жағдайы мен алдағы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Доспаев есеп берді.

Жиын соңында аймақ басшысы жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мейрамды төтенше жағдайсыз, тыныш қарсы алу үшін маңызды тіршілік көздері – жылумен, сумен, жарықпен қамту мәселелерін бақылауда ұстауды, ал, құқық қорғау органдарына тәртіп сақтаудың күшейтілген режиміне көшуді тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар