Жастар – дамудың қозғаушы күші

«Бүгінгі жастар еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Мен барша жастарды мақтан тұтамын»деп атап көрсеткен болатын еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Мемлекет басшысы үміт артқан, жаңа Қазақстанның құрушы тетігі саналатын жастар Ақмола облысының да мақтанышы әрі дамытушы күші.

Осы орайда, облыстық ішкі саясат басқармасы ғимаратының акт залында облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өңірлік жұмысшы жастар арасында «Алға жастар» форумы өткізілді. Жиынды, Ақмола облысы «Жастар-ресурстық орталығы ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты әртүрлі салалардағы дарынды, қоғамдық өмірде белсенді, көптеген жетістіктерге жеткен жастармен танысып, өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды толғандыратын сұрақтар мен мәселелерді талқылау болып табылады. Аталған шараның шымылдығы, аймақ басшысының алғысөзімен басталды.

– Құрметті кездесу қатысушылары, жалынды жастар!  Сіздерді келе жатқан 2024 Жаңа  жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылда баршаңызға қуаныш, жақсылық, амандық тілеймін! Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін! Әрдайым іргеміз бүтін, бірлігіміз бекем болсын! Менің ойымша, жастар – ашық, белсенді және  өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деп, атап өткен болатын. Біздің аймақта жастарды жан-жақты қолдауға, жас қазақстандықтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыспен қамтамасыз ету, отбасын құру, әр бағытта өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Осы жасалып жатқан барлық жұмыстар, іске асырылып келген жобалар – жастардың жан-жақты дамуына бағытталған, – дей келе, әкім жастармен кездескеніне қуанышты екенінін айтып жеткізді.

Сондай-ақ, айтып өткеніміздей кездесу барысында өңірлік белсенді жастар облыс әкіміне өз өтініштері мен ұсыныстарын ашық түрде жеткізіп, жобаларын таныстырды. Диалог шеңберінде облыс жастары туралы пікірлер, Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын қабылдау, жастардың интернетке тәуелділігі, жұмысшы жастар форумына шақыру, қос тілділік, денсаулық сақтау қатарлы бағыттар қамтылды. Ал, өз кезегінде жастардың пікір-ұсыныстарын тыңдаған әкім оларды қолдайтынын айтып, тек пайдалы, халыққа көмегі тиетін істерді атқаруға шақырды.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс көлемінде 212223 жас азамат өмір сүрсе, оның 93091-і ауыл, 119142-сі қала жастары болып есептеледі. Жалпы, өңірдегі халық санының 27 пайызын жас азаматтар құрайтыны белгілі болды. Жыл басынан бастап «Жұмыспен қамту» органдарына жастар арасынан 10540 адам жүгінсе, жұмыспен қамту бағдарламаларымен  8751 адам қамтылған, оның 5267-сі ауылдық жерлерден. Бәрімізге танымал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде 86 маманға бюджеттік несиелер және 799 маманға көтерме жәрдемақы берілген. Бұл еңбекпен қамту, тек жұмысқа орналасу ғана емес, сонымен бірге, жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға, өз істерін ашуға мүмкіндік жасау болып табылады. Сондықтан, биылғы жылдан бастап, осы мақсатқа қол жеткізу үшін 185 жас адамға 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие берілген.

Сонымен бірге, шара соңында марапаттау рәсімі жалғасты. Онда бес адам облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері – он бір адам диплом, бір миллион теңгенің сертификаттарымен, «Jas Aqmola» сыйлығының лауреаттары – он бес адам диплом, 300 мың теңгенің сертификатымен, «Aqmola power» инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары тоғыз адам диплом, 50-100 және 150 мың теңгенің сертификатымен, «worldskills kazakstan 2023» ұлттық чемпионатының жүлдегерлері – тоғыз адам диплом, 75-100 және 150 мың теңгенің сертификатымен, оған қоса, әртүрлі саладағы үздік деп танылған қырық тоғыз жас ақмолалық облыс әкімі М.Ахметжановтың қолынан марапатталды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар