Тұрақтандыру қорының азық-түлік бағасы тұрақты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жазинаның қатысуымен брифинг өткізілді.

Гүлмира Амангелдіқызының айтуынша, ағымдағы жылы Ақмола облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жыл соңына дейін бірқатар білім беру және денсаулық сақтау нысандары ашылады. Жалпы, биыл МЖӘ арқылы 45 жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Елордада жыл соңына дейін «AQMOL» сауда желісінің екі дүкені ашылады деп жоспарланып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «AQMOL» фирмалық дүкендер желісінде 2019 жылы 495 миллион теңгеге 300 тоннаға жуық өнім сатылды. Қазіргі таңда Елордада осындай 5 дүкен бар. Олардың барлығы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бұл сауда үйлерінде халық көп тұтынатын, жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік өнімдерін делдалсыз өндірушіден бірден сауда орындарына шығару арқылы бағаны тұрақты ұстап тұруға зор мүмкіндік бар. Осындай мақсатпен құрылған «AQMOL» дүкендерінде өңіріміздің сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың өнімдері сатылады.
Сонымен қатар, Көкшетау қаласында үш шағын базар ашылмақшы. Бұл сауда нүктелерінде тұрақтандыру қорынан тауарлар сатылады. Қазірдің өзінде көкшетаулықтар Ақмола облысының тұрақтандыру қорынан «Қамқор» коммуналдық базарында «Есіл» ӘКК павильонынан азық-түлік сатып ала алады.
Айта кетуіміз керек, соңғы уақытта күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларыныӊ бағасы біздің өңірімізде республикалық орташа деӊгейден жоғары болып отырғандығы байқалады. Сауда нүктелерінде сатылып жатқан азық-түлік тауарларыныӊ біразы жергілікті жерде өндірілетіндігіне қарамастан, онда көбіне өзге аймақтардан және шет елдерден әкелінген тауарлар сатылатыны бағаныӊ көтерілуіне ықпал етіп отыр. Осы орайда, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарлары бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізеді деуге негіз бар.
– «Есіл» ӘКК тауар өндірушілермен 7 өнімнің атауына 6 шарт жасасты. Өнім төмендетілген бағамен сатып алынады және ішкі нарыққа оның бағасы маусымаралық өсіп отырғанда шығарылады. Қазір қарақұмық жармасын қала тұрғындары 267 теңгеден, күріштің бір килограмын 280 теңгеден сатып ала алады. «Қалалық сүт зауыты» ЖШС-і сары майының килограмы 2400 теңге, ал атбасарлық «Сочинское» бес литрлік күнбағыс майы 1900 теңгеден сатылуда. Мұндай келісімдер картоп өсіретін шаруашылықтармен де жасалды. Осыған орай кейін павильонда картоп пен сәбіз де сатылады, – деген басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Амангелдіқызы бағаны тұрақтандыруға ықпал ететін жобаларды жүзеге асырудыӊ маӊыздылығын атап өтті.
Брифинг соңында журналистер маңызды сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар