«Ұлт рухын көтерген ұлы сазгер»

Осындай тақырыппен Көкшетау қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті.

Мәдени шараның басты мақсаты өскелең ұрпақ бойында ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыра отырып, Шәмші Қалдаяқовтың әндері мен олардың шығу тарихы жайында кеңінен мағлұмат беру болып табылады. Халықтың өзі «Вальс королі» атап кеткен Шәмші Қалдаяқовтың әндері кез-келген мақтау мен теңеуге лайық. Ол қазақтың ән өнерінің бағына біткен жұлдызы. Оның сыршыл лирикаға толы әсем әуендері әрбір тыңдаушының жүрегінен орын таба білді.
Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған әдеби кештің өн бойы да тылсым сұлулыққа тұнып тұрғандай еді. Себебі, Шәмшінің әндері жан баласын сөз жеткізгісіз сұлулыққа бөлеп, жүректі тербей біледі. Кеш «Ән аға» әнімен ашылып, әрі қарай композиторға арналған кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаяны, шығармашылығы туралы жазылған кітаптар қойылған.
Ұлы композитордың әндері ғажайып саздылығымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленіп, тыңдармандардың жан жүрегін тербеп, рухани дүниесін ба-
йытты десек артық емес. Жасырары жоқ, бүгінгі жастар даңғаза дабыраға толы шетелдік әуенге әуес. Біз аталмыш әдеби кешке қатыса және қазақ композиторының шығармашылығымен етене таныса отырып, кейінгі ұрпақ Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлардың әуендеріне бойлай түссе дедік. Себебі, Шәмші әндерінде қазақтың сұлу әуезі тұнып тұр. Әсем ән әуелеген әдеби кештен жиналғандар осындай рухани нәр алып тарқасты.

Мөлдір ҚЫЛЫШБЕКОВА,
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің кітапхана бөлімінің 3 курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар