Бизнес пен спорт – ел дамуының ажырамас бөлігі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың, 2019 жылы дене шынықтыру және спорт саласын дамытудың қорытындылары шығарылып, биылғы жылдың жоспарлары тиянақталды.

Аппарат кеңесінің күн тәртібіне сай алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Жалпы, бұл бағдарлама қолға алынған 2010 жылдан бері облыста жалпы құны 144,7 миллиард теңгенің 1293 жобасы қолдау тапқан. Бағдарлама қатысушылар тарапынан 1025,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 87,2 миллиард теңге салық түскен. Сондай-ақ, 22,7 мың жұмыс орны ашылды. 2019 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, ол ақша толық игерілді.
– Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қаржы пайыздық ставканы субсидиялауға, несиелерді кепілдендіруге, гранттық қаржыландыруға, шағын қалалар мен елді мекендердің тұрғындарын несиелеу-ге жұмсалады, – деді Ербол Оспанов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы биылғы жылға 3310,5 миллион теңге қаржы қарастырылып отырғандығын атап өтті. Бүгінгі күнге дейін бұл қаржының 1061,2 миллион теңгесі игерілген.
Осы ретте, облыс басшысы өңірде кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолға алынған шараларды әлі де пысықтап, оны жүзеге асыру жұмыстарын одан әрі ширату қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бо-йынша Ақмола облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев облыстағы дене шынықтыру мен спортты дамыту жөнінде баяндама жасады. Ол өз сөзінде өткен кезеңде атқарылған іс-шараларды тілге тиек ете келе, спорттық әлеуетті пайдаланудың жай-жапсарына тоқталды. Жалпы, 2019 жылдың қорытындысы облыстың спорт саласы үшін жаман болған жоқ.
– Облыста спорттың инфрақұрылымын дамытып, халықтың бұқаралық спортқа деген сұранысын арттыру, оған қоса, жоғары спорттық жетістіктерді одан сайын молайту спорттық ұйымдардың жұмыстарының негізгі бағыты. Қазіргі уақытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын және Ақмола облысының аймағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бағытында біршама жұмыстар атқаруда, – деді Әсет Бүкібаев. – Аймақты дамыту бағдарламасында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Оның алғашқысы азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысуын қамту болатын. Бүгінгі күні облыста 219 мыңға жуық адам спортпен айналысады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама көп. Жастардың балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің секцияларына, арнайы спорт клубтарына баруын қамтамасыз ету қарастырылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл спорт мектептеріне және балалар мен жасөспірімдердің спорттық клубтарына қатысушылардың саны 1,3 мың адамға көбейді. Облыстың Степногорск қаласы мен Жарқайың, Жақсы, Атбасар, Біржан сал, Ерейментау Зеренді аудандарында басқа өңірлерге қарағанда, спортпен шұғылданушылар көбірек тіркелген.
Спортқа қызығушылығы бар, онымен айналысамын деген азаматтарға облыста 2444 спорттық нысан қызмет етеді. Олардың 1711-і
ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Өткен жылдың басынан бері жаңадан 36 спорт нысаны іске қосылды. Астрахан және Ерейментау аудандарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері пайдалануға берілді.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Атбасар, Бұланды, Ерейментау, Жарқайың және Аршалы аудандарының әкімдеріне қазіргі заманғы спорттық нысандардың санын арттыруды, жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, аудан және қала әкімдеріне спорт мектептерінде жаттықтырушы мұғалімдер мен ауылдық округтерде нұсқаушы-әдіскерлердің еңбекақысын сақтап қалу бойынша міндеттер жүктеді.
Аппарат кеңесінің соңында облыстағы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысы сияқты кезек күттірмейтін мәселелер сұралып, тиісті ведомство басшыларының алдына нақтылы міндеттер қойылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар