Облыстық әкімдікте

Алдағы жылу беру маусымына дайындық бүгіннен басталуы керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде 2019-2020 жылдардағы қысқы жылу беру маусымының қорытындылары және алдағы жылу беру маусымына дайындық, орман және дала өрттерін алдын алу шаралары мен облыстың үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды.

Әдеттегідей бұл жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен бөлек, онлайн режимде аудан және қала әкімдері де қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы жылу беру маусымы алдында облыс бойынша 666 қазандық, 75 шақырым жылу құбыры жөнделіп, 721 білім беру нысаны, 588 денсаулық сақтау нысаны, 567 әлеуметтік мақсаттағы нысан, 2353 көп қабатты тұрғын үй бойынша әзірлік жүргізілді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 6,4 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын.
–Соның арқасында қыс айларында жылу беру маусымы бірқалыпты өткізілді. Қазандықтар отын қорынан кемістік көрген жоқ. Ішінара кездескен шағын апаттық жағдайлар орын алды. Алайда, коммуналдық қызметтер оны жедел жойып, жылудан тарығу болмады. Тек, кейбір аудандар мен қалаларда жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылумен жабдықтау жүйелерін іске қосу кезінде кемшіліктер анықталды. Мәселен, Бұланды ауданының Макинск қаласындағы №2 орта мектепте, Аршалы ауданының Михайловка ауылындағы «Колокольчик» балабақшасында, Бурабай кентінің Энергетиктер көшесінде жылумен қамтамасыз ету параметрлерінің төмендеуіне жол берілгені анықталды, – деді Иван Юрченко.
Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстың бірқатар аудандары мен қалаларында дебиторлық қарызы барын атап өтті. Дебиторлық берешегі ең көп елді мекендер Көкшетау және Степногорск қалалары мен Бурабай, Атбасар, Целиноград, Зеренді аудандары.
Ал, 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық және жаңғырту жұмыстарына келетін болсақ, басқарма басшысы атап өткеніндей, ағымдағы жылы да жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге және жаңғыртуға айтарлықтай қаражат жұмсалмақшы. Осы мақсатта наурыз-сәуір айларында «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар бойынша 9,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылғыға қарағанда 3,6 есе артық.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жылу беру маусымына дайындықты осы бастан ширату жөнінде нақтылы тапсырмалар берді. Ол өз сөзінде жылу беру маусымының аса жауапты науқан екендігін тағы бір еске салды.
Мұнан соң облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов орман және дала өрттерінің алдын алу және оны жоюға дайындық шараларына тоқталды. Департамент басшысының айтуынша, жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында орта есеппен 500 өрт болады екен. Жыл басынан бері облыс аумағында барлығы 150 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға төмен.
Осы мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров орман шаруашылығы, орманды қалпына келтіру жұмыстарының орындалу барысы және 2020 жылғы өрт қаупі маусымына дайындық туралы баяндады. Бұдан әрі облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев облыстың 2020 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндап берді. Бірден айта кетсек, толымды жетістік те, ширатуды қажет ететін олқылық та бар.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова халықты жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды. Ол аудан әкімдеріне жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық мәселесін шешу жөнінде өтініш айтты.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев жылдың бірінші жартыжылдығының аяқталуына бар болғаны бір айдан сәл ғана астам уақыт қалғандығын, осы уақытта олқылықтың орнын толтырып, істі ширату қажет екендігін айта келе, жауапты басшыларға қатаң талап қойды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар