Жастарға жоғары білім керек пе?

Кеше ғана мектеп бітірген түлектер бірыңғай ұлттық тестілеуден өтуге дайындалуда. Олардың қазіргі бар армандары – жоғары балл жинап, мемелкеттік грант арқылы оқуға түсу. Дегенмен де, сонша еңбектеніп оқуға түсіп, университет, колледж бітірген жастардың бәрі бірдей өз мамандығына сай жұмысқа орналаса алмайды.

Жоғары білім алып, жұмыссыз жүрген жастар қатары жыл санап өспесе, кемитін түрі байқалмайды. Неге десеңіз, жоғары білім беретін оқу орындары біздің елімізде басқа елдермен салыстырғанда біршама көп екен. Көптеген пысықайлар ақша табудың сенімді жолы деп жоғары және арнаулы орта оқу орындарын ашып алған. Бір ғана Көкшетауда екі университет пен Астана қаласының бірнеше жоғары оқу орындарының филиалдары бар. Осы оқу орындарын жыл сайын мыңдаған жас мамандар бітіріп шығады. Олардың көп болса, 30-40 пайызы ғана өз мамандықтарына сай жұмыс тапса, қалғандары жұмыссыздар санын көбейтеді.
Елбасымыз Н.Назарбаев бірнеше жыл бұрынғы халыққа арнаған Жолдауында қазіргі қолданыстағы мамандықтардың жартысы енді бес-он жылдан кейін қажетсіз болып қалады дегенді айтқан еді. Қазіргі қарқынды даму бүгін қолданыста жүрген жалақысы мол мамандықтардың көбінің керексіз болып қалуын туғызатынын түсіну үшін данышпан болудың еш қажеті жоқ. Осы орайда, ертең қажетсіз болып қалатын немесе оқу бітірген соң жұмыссыздар қатарына қосатын жоғары білім алудың қажеттілігі бар ма? –деген сауал туындайды. Қазір әлемдегі ең бай адам болып саналатын Билл Гейтс, Уоррен Баффет сияқты алпауыттардың жоғары білімдері жоқ екен. Олар жоғары білімсіз-ақ сонша дәулетке ие болып, мыңдаған адам жұмыс істейтін компанияларды басқарып отыр.
Иә, мол табыс түсіретін мамандықты университетте оқымай-ақ, интернет арқылы да алуға болады екен. Интернет курстардың біразы тегін болса, бірқатары ақылы. Бүгінде шапшаң қарқынмен дамып бара жатқан желілі маркетингпен айналысатын МЛМ компаниялардың көбінің өз оқу курстары бар. Мәселен, ресейлік Лайф из Гуд компаниясында 4-ші деңгейге жеткен адам арнайы бір апталық курстан өтеді, ал 6-шы деңгейге көтерілген адам осы компанияның академиясында тегін оқу құқығын алады. Жалпы, МЛМ компаниялардың бәрі өз қызметкерлерін оқытуға, білімдерін жетілдіруге мүдделі. Осыған орай, сондай компанияларға кірген әрбір адам міндетті түрде оқып, қажетті кәсіби білім алады. Ал, МЛМ компанияларға кіру тегін және ондай компаниялар жыл санап көбеюде.
Өткен жылы баласы ҰБТ-дан төмен балл алған Қызылордада тұратын бір танысым енді оны ақылы оқуға оқытатынын айтты. «Ең арзан оқу Көкшетауда екен, жылына 400 мың төлесе болғаны», – дейді ол. Жыл сайын 400 мың теңге төлеп университетте оқып алған мамандығына сай ертең жұмыс табыла ма, жоқ па – белгісіз. Және жоғары білімді мамандардың алатын жалақылары да жартымды емес екенін көріп жүрміз. Сонша уақытыңды, ақшаңды кетіріп жоғары білім алғанша, интернет арқылы қажетті бір мамандықты игеріп, сонымен жұмыс жасаған тиімді екенін өмір көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын интернет арқылы жұмыс істеуге шақыратын компаниялар қатары көбеюде. Олардың төлейтін жалақысы да жоғары. Сондықтан, жастардың уақыттары мен ақшаларын босқа шығындамай, осы заман талабына сай дамып бара жатқан интернет мамандықтарды игеруге ұмтылса, сол өздеріне пайдалы болар еді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар