Дәрі-дәрмек пен блок-бекеттер мәселесі талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары және облыстық жедел штаб төрағасының орынбасары Мәлгаждар Тәткеевтің төрағалығымен өткен жиында төтенше жағдайға байланысты өңіріміздегі қайта қойылған блок-бекеттер қызметі мен дәрі-дәрмек мәселесі талқыланды.

Облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен, қабылданған құжатқа сай қауіпті індетпен күресте Көкшетау қаласымен қоса, Степногорск қаласында да карантин шектеулері күшейтілетін болды. Осылайша ағымдағы жылдың 24 маусымы күні сағат 00:00-ден бастап Көкшетау қаласы карантинге жабылса, 26 маусым сағат 00:00-ден бастап осындай шаралар Степногорск қаласында қолға алынды. Барлық автокөлік пен азаматтарға бұл қалалардың аумағына кіріп-шығуына тыйым салынады. Тек транзиттік жүк көліктері мен азық-түлік тасымалдайтын автокөліктерге ғана рұқсат берілген. Сондай-ақ, аталмыш қала тұрғындарына маска мен бір реттік қолғап киіп, қолды антисептикпен өңдеп отыру керектігі айтылды.
Жиында сөз алған облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңіріміздегі коронавирус пандемиясына байланысты күрес қарқынды жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеме жасаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов қауіпті індетті емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектерге тоқталды. Басқарма басшысының айт-
уынша, негізінен антибактериалдық терапияға цефтриаксон, цефтазидим, цефуроксим, левофлоксацин тәрізді препараттар қолданылады екен. Сондықтан, бұл дәрілерге медициналық мекемелердің сұранысы артып отырғанын жеткізді. Жалпы, дәрі-дәрмек тапшылығының басты себебі, баға айырмашылығында. Әсіресе, дәріханаларда қымбат препараттар жеткілікті мөлшерде болғанымен, көпшілік жиі тұтынатын дәрі-дәрмек жылдам сатылуда.
Сондай-ақ, жиынға «СК-Фармация» компаниясының өкілдері де қатысып, қажетті дәрілер демалыс күндері Елордаға жеткізілетінін айтты. Сөйтіп, қоймадағы препараттар бірден өңірлерге жолданатын болады. Осылайша өңіріміздегі медицина мекемелерінің дәрі-дәрмек қоры жуық арада қайта толықтырылмақшы. Бүгінде «Арша» медициналық кәсіпорны да Көкшетаудың әлеуметтік мекемелері мен ауруханаларын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келеді. Бұл кәсіпорын өңірімізде өзінің үш жеке дәріханасы арқылы дәрі-дәрмек саудасымен айналысуда. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, аспирин, парацетомол сынды жиі қолданылатын сұраныстағы дәрілер жеткілікті.
Жиында инфекциялық ауруханалардағы орын тапшылығы мәселесі де көтеріліп, жағдайды тұрақтандыру үшін Есіл мен Жарқайың аудандарында 15, Атбасарда 30 төсек-орын жасақталғаны белгілі болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. М.Тәткеев Бурабай ауданында бұл мәселе өзекті екенін алға тартты. Осыған орай, «Жастар» ғимаратының бос тұрғаны, алайда нысан елді мекеннен қашық орналасқаны да сөз болды. Десе де, меншік иелерімен ғимаратты жалға алу туралы келіссөз жүргізу қажет екені айтылды. Оған қоса, өңірдегі блок-бекеттер мәселесі талқыланып, ондағы ұзын-сонар кезек пен жүк көліктерінің өтуі қиындағаны сөз болды. Жалпы, облыс орталығында жүк тасымалын сылтау-ратып, заңсыз кіруге тырысқан тұрғындар да анықталған. Ал, бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында қосымша блок-бекеттер мен тыйым салу белгілерін орнату ұсынылды. Ол жерлерде де тәртіп сақшылары мен медицина мамандары тәулік бойы карантин шараларын қатаң қадағалайтын болады. Дәл қазіргі уақытта блок-бекеттерде жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге де арнайы талап қойылған. Олар әр екі сағат сайын бекет аумағын зарарсыздандырып отырулары тиіс. Олардың барлығы арнайы киімдермен және құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, блок-бекеттерде арнайы рұқсат қағазы бар жолаушылар да тексеріліп, дене қызулары өлшеніп, егер дене қызуы көтеріліп тұрса, бірден жедел жәрдем шақырылып, ауруханаларға жіберіледі. Мұның бәрі өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмау, қауіпті індетті жұқтыруды азайту мақсатында қолға алынып отырған қатаң шаралар екенін ұққанымыз абзал.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар