Ана тілі – егемен еліміздің мәңгілік мұраты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатын оқып шықтым, ондағы ана тілі мәселесіне қатысты айтылған ойлары өте орынды және қазіргі таңда аса маңызды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам бойын сыздауықша сыздатып келген мәселені дөп басып айтыпты. Шынтуайтында тіл мәселесі, оның ішінде тыңның эпицентрі атанған солтүстік өңірдегі ана тіліміздің мәселесі әлмисақтан өте өзекті. Күні кеше орыс тілін білмесең өрге баса алмайсың дейтұғын қағиданың қалыптасқандығын көзімізбен көрген ұрпақпыз. Иә, біз шынында да орыс тілін орыстың өзінен артық білуге ұмтылдық. Әйтпесе, келешек жоқ еді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін мұндай мәселе жойылуға тиісті еді. Бірақ, өкінішке орай, әлі күнге дейін қасіреті мол қасаң көзқарастан арыла алмай келеміз. Оның салқыны ана тіліміздің кеңінен қанат жаюына, ғылым мен білім саласында, өнеркәсіп пен өндірісте, өнер мен мәдениетте дамуына тұсау болып келе жатқандығы да ащы шындық.
Бір қуанарлығы, соңғы жылдары тіл тұтқырлығы тігісін жазып, әр перзентке ананың сүтімен жөргегінен даритын ана тілінің мәйегі жақсарып келеді. Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде ана тілін оқытуға айрықша көңіл бөлінуде. Себебі, колледж түлектері күні ертең халықпен жұмыс істейді. Біздің түлектеріміз өз облысымызда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде замандастарымыздың рухани байлығын еселеуге қал-хадірінше үлестерін қосуда. Олар өнер мен мәдениет арқылы ғана емес, сол байлықтың нәрін ел бойына сіңіруде маңызы мықты құрал ретінде ана тілін пайдалануда. Ана тілінің ажарлы да әсем күш-қуаты арқылы сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлттық мұраның мәйегін замандастарымыздың болмысына, жан дүниесіне шымшымдап енгізу арқылы ұлтқа деген, ұлттың рухани байлығына деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсуде. Колледжде күнделікті пәннен басқа мазмұны терең, мағынасы мол мәдени шаралар ана тілінде өткізіледі. Оқу жылы ішінде өңірдегі төл өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету жолында талмай еңбек етіп келе жатқан алдыңғы буын өкілдерін шақырып, талапты білім алушылармен кездесу ұйымдастырып, өнер мен мәдениеттің мәнін арттыру ең алдымен өз тіліміз арқылы жасалатынын айтудан жалыққан емеспіз.
«Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» дейді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Шынында да бүгін рухани әлемнің шымылдығын қымтап, шырайын келтірмесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Сондықтан, баршамыз Президент айтып отырған аталы сөзге ар ісі деп қарасақ артық емес.
Мемлекет басшысының «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн» деген пікіріне қос қолымды көтеріп қосыламын. Күні кеше қазақ баласы орыс тілін білім алу үшін, жұмыс істеу үшін, тіпті, кез-келген мекеме, кәсіпорында өз шаруасын айта алуы үшін үйренді. Ол шындық. Енді ешкімді үгіттеудің қажеті жоқ. Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік артса, Алтайдан Атырауға дейінгі иен даланы жайлаған жүз сан ұлттың баласы жергілікті ұлт тілін өздері-ақ үйреніп алады.
Аты жаман індетпен, яғни, пандемия белең алған тұста ел Президентінің тіл мәселесіне тікелей назар аударуы тегін емес. Себебі тіл – егемен еліміздің мәңгілік мұраттарының бірі.

Құралай ЫДЫРЫСОВА,
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *