Қысқы жылу маусымының алаңдайтын бір мәселесі

Қысқы жылу маусымының  алаңдайтын бір мәселесі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Советов қысқы жылу беру маусымы кезінде тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау жөнінде айтты.

Жыл сайын жылу беру маусымы басталғанда облысымыздың аумағында тұрғын үй секторында өрт саны бірден өсетіні белгілі. Оның себебі пеш пен электр жылытқыш аспаптарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талабын сақтамаудан болып табылады. Сондай-ақ, адамдар иістен уланып жарақат алады, өмірден өтеді. Департамент бастығының айтуынша, облыс аумағында 1 қыркүйектен бері 76 өрт болып, материалдық шығын 12 миллион 560 теңгені құраған екен. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өрт саны 26,3 пайызға көбейіпті. Өрттің негізгі себебі тұрғындардың от жаққанда абайсыздық танытуынан болып отыр. Мұндай 50 оқиға орын алған. Оның 12 оқиғасында пешті, 13 оқиғасында тұрмыстық электр аспабын пайдалану кезінде, өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған. 1 оқиға масаң күйде төсекте темекі шегуден болған. Осындай оқиғалар барысында иістен уланған адамдардың өлуі мен жарақаттануы алаңдатады. Тұрғын үй секторындағы өрттің көп бөлігі және адамдардың өлімі әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар арасында байқалады екен.
–Биылғы жылдың ақпанында Атбасар ауданының Покровка селосында жеке меншік тұрғын үйде өрт шығып, 3 адам, оның ішінде 1 бала қайтыс болды. Өрт төсекте темекі шегуден шыққан. Баланың спирттік ішімдікке құмар ата-анасы ішкі істер органында есепте тұрыпты. 2000 жылдан бері мемлекеттік өртті бақылау органының тұрғын үйлерді тексеруіне тиым салынған. Дегенмен, жыл сайын жылу беру маусымында облыстың тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмысы жүргізіледі. Бүгінгі күні департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен, волонтерлермен және аудиторлық ұйымдармен бірге өрт қауіпсіздігі бойынша 282 280 адам тұратын 92 175 тұрғын үйді тексерді. Пешті, газ баллоны қондырғысы мен электр жүйесін дұрыс пайдаланбауға байланысты өртке қарсы талаптардың 12292 рет бұзылғаны анықталды,–деді департамент бастығы.
Мұның 42 пайызы жылу беру жүйесінің жөнделмегенінен, 33 пайызы электротехникалық жүйе мен электр қондырғыларды дұрыс пайдаланбаудан орын алып отыр. 25 пайызы тұрмыста өртке қарсы талаптарды сақтамаудың салдары. Сондай-ақ, 1406 оқиғада жер үйлердің иелері мамандарға есік ашпаған екен. Жыл сайын өрт оқиғасы санының өсуіне тез жанатын әрі улы түтін шығаратын материалдар себепкер болуда. Осыған байланысты, өртті болдырмаудың тиімді әдісі тұрғын үйлерде түтін мен улы газды анықтайтын автономдық аспап орнату болып табылады.
–Биылғы жылы облыста улы газ бен түтіннің 653 датчигі орнатылды. Жылу беру маусымының соңына дейін 770 датчик орнату жоспарланып отыр. Бұл бағытта жүргізілген жұмыс өз жемісін берді. Өткен жылғы жылу беру маусымында Есіл ауданында улы газ датчигі іске қосылып, 4 адам улы газдан аман қалды. Мұндай оқиғалар жетерлік. Биылғы жылу беру маусымына дайындық кезінде тұрғын үйді өрттен сақтауға бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Биылғы жылдың 3 қазанында департамент жылу беру мау-сымы кезінде өрт қауіпсіздігі мәселесін тұрғындар санасына енгізуге бағытталған «Әр үйге – қауіпсіздік» ауқымды акциясын өткізді.
Бұл шараға азаматтық қорғау, әлеуметтік қорғау, жергілікті полиция қызметі органдарының мамандары мен волонтерлер, БАҚ өкілдері қатысты,–деген Алексей Советов өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау талаптары жөнінде айтып берді.
Бірінші кезекте тұрғындар электр сымдарының жағдайына назар аударып, жылу беретін пеш пен қондырғыны жөндеуден өткізуі керек. Сондай-ақ, пештің мұржасын 3 айда бір рет күйеден тазалау қажет. Пешті пайдалану кезінде оның жанында жиһаз бен тез жанатын заттар қоюға болмайды. Пеш жаққанда жанар-жағар майды, қолдан жасалған электр жылытқыш аспаптарды қолданбаған жөн. Бір жүйеге бірнеше электр аспабын қосуға болмайды. Бұл электр жүйесінің жануына себепкер болады. Электр сымдарының, ток қосқыш пен розеткалардың дұрыстығын қарау керек. Ең бастысы балалардың тұрмыстық жылытқыш аспапты өз еркімен пайдалануына рұқсат бермеу қажет. Сіреңкені балалардың қолы жетпейтін орынға қою қажет. Балаларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдыруға мүлдем болмайды. Осы қарапайым талаптардың барлығын сақтағанда ғана жоғарыдағы ауыр жағдайлар айналып өтеді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *