Қоғамдық келісім бар жерде имандылық орнығады

Қоғамдық келісім бар жерде имандылық орнығады

Адам қашанда рухани азыққа өте мұқтаж. Тән азығын оңай табуға болар, бірақ, рухани арнадағы құндылықтарға зәрулік кез-келген қоғамның маңызды факторы саналады. Осы тұрғыдан алғанда ислам діні біздің рухани жұтаңдығымыздың орнын толтыруға барынша үлес қосып келеді.

Әрине, ұлттың өркениет биігіне шығуына оның тамырын тереңнен алатын тарихы, әдет-ғұрпы, салт-санасы қандай ықпал етсе, ұстанған дінінің де айрықша орын алатыны бар. Қазақ еліне ислам діні келгелі бірнеше ғасыр болды. Осы аралықта біздің діни тұрғыдағы ұстанымдарымыз ешқашан ұлттың дамуына кері әсерін тигізіп көрген емес. Керісінше, имани арнадағы құндылықтарымызды еселеп, арттыра түсті.
Ал, өз тәуелсіздігімізді алғалы діни саясат жаңаша бағытта даму жолына ден қойды. Бұл ешкімді ұлтына, нәсіліне, діни ұстанымына қатысты қудалауды жоққа шығаратын Ата Заңымыздың қағидаттары негізінде жүзеге асып отыр.
Соңғы ширек ғасыр уақыт кезеңінде қаншама мешіттер бой түзеді. Ата-бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мәзхабы бүгінде асыл дініміздің арқауына айналып отыр. Ел Мүфтиятының мақсат мүдделері де елдікті насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғастыруға негізделеді. Бұл ретте Науан хазірет мешіті осы өңірдегі бірден-бір іргелі рухани орталық ретінде қаншама жұмыстар істеп жатқанын баса айтар едік.
Біз негізгі төрт бағыт, оның ішінде оқу-ағарту саласында жастарды имандылыққа тәрбиелеу шараларына көбірек мән береміз. Ақмола облысы аумағындағы барлық мешіттердегі сауат ашу үйірмелерін былай қойып, бірнеше медреселер мен Құран жаттау орталықтары сапалы діни білім беріп отыр.
Ал, ислам дініндегі басты мақсаттың бірі – қайырымдылық жұмыстар саналады. Биылғы пандемия дертінің өршуіне қарамастан, біз ондаған миллион теңгенің ізгілік шараларын жүзеге асырдық. Мәселен, әрқайсысы 180 мың теңге көлеміндегі екі жүзден аса оттегімен демалдыру қондырғыларын өңірдегі барлық ауруханаларға тараттық.
Бұдан басқа мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында өте көп жұмыстар тындырылды. Мешіттеріміздің есігі діни рәсімдер өткізуге жабылғанымен, қайырымдылық шараларға ешқашан жабылған емес. Бір ғана мысал, осы өткен айларда «Мектепке жол» акциясы аясында алпысқа тарта бүлдіршінге планшеттер сатылып әперілді. Бұған жергілікті кәсіпкер азаматтар демеушілік жасады.
Міне, қоғамымыздағы татулықты сақтау, этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында да ұдайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Басқа ұлт өкілдерімен достық кездесулер өткізілді. Себебі, ислам діні адамды ұлтына бөліп, жармайды. Тіліне, нәсіліне қарап та алаламайды.
Сондықтан ислам діні ұлттың тұтастығына, дінішілік бірлігіне айтарлықтай үлес қосады. Қазақтың туы асқақ биіктен желбіреуі үшін дін ішіндегі ағым-ағымға бөлінушіліктің тамырына балта шабылуы керек. Ата-бабаларымыз ұстанған жол ешкімді адастырмайды.
Бүгінгі қоғамдық келісім күні барша қауымға еліміздің тыныштығын тілеймін. Маңайдағы елдердегі қырғи-қабақ оқиғалар біздің елімізді айналып өтсін дейміз. Елдің ынтымағы жарасып, бірлігі шуақ шашқанда ғана адамдар тыныш өмір сүреді.
Лайым, қазақ елі еңселі биіктерге құлаш сермеп, сол асқаралы асуларды ала берсін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, бірлігіміз бекем болғай.
Қуаныш қажы Сәбит,
Ақмола облысының бас имамы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *