Өнердің шырқау биігінде

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры татардың жас драматургы Ильгиз Зайниевтің «Люстра» деп аталатын лирикалық комедиясын сахналады. Қойылымның режиссері Фархадбек Қанафин. Ал, басты рөлде дәл осы күндері 75 жасқа толып отырған Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жібек Бағысова.

Ежелден өнер дарыған, қасиет біткен көрікті Көкше өңірінде жарық дүние есігін ашқан толайым талант иесі ең алғаш «Ботагөз» фильмінде ойнап, мазмұнды да мағыналы 56 жылын сахна төріндегі жарқын өнерімен жарқыратып келеді. Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзінен» бастап, Шекспирдің «Король Лиріндегі» Реганаға дейінгі жүздеген, бір-бірін қайталамайтын көркем образдарды сомдап, көрермен көңілінде ұзақ уақытқа жатталып қалатын тамаша қойылымдарға жан бітіріп, тұтас бір аналар галереясын жасап келеді. Ана тақырыбы – Жібек апайдың жан жүрегінің қалауы. Мерейтойына орайластырылған қойылымда да ана рөлін сомдады.
Қарап отырсаңыз шығарманың өн бойында сомдалған бейнелер біз үшін тым бейтаныс емес. Күнделікті көріп жүрген адамдар. Демек, шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы, орын алған оқиғалардың өрістеуі тақа жаңалық  емес. Жаңалығы біздің бір-бірімізге көңіл аудара бермейтіндігімізде. Оны өзіміз де білеміз. Тек күнделікті қым-қуыт қарбалас мүмкіндік бермейді. Жанашырлықтың көзін қарбалас тұмшалаған, адамшылықтың пейілін уақыттың тапшылығы, әйтпесе, немқұрайлық тарылтқан.
Ұзын-сонар көрерменді жалықтырып жіберетін монологтардан ада, диалогтары шымыр. Есесіне, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі құпия-сыр іс-қимыл арқылы, әрекет мәнерінде көрініс табады. Ананың тебіренісі, «кәрі қыздың» қыр астындағы өлі қаудың көктем шуағымен қайтадан бүр жарғаны тәрізді жарқырай құлпыруы. Осындай ішкі тебіреніс, әрідегі қуаныштың қалқып шыққан лебі тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Солай бола тұрса да күдік басым, сезім секемшіл.
Егер шынымен жақсы азамат болса, екі әйелімен неге ажырасты екен деп ойлайды қыз. Жап-жақсы қыз тәрізді, шынымен тал бойында бір міні жоқ жан болса, осы уақытқа дейін неге тұрмыс құрмады екен деп ойлайды жігіт. Қызды қайдам жігіт бұған дейін екі рет жаза басып, таңдайына татыған. Содан соң барып әр нәрсеге әсіре сақтықпен, күмәнмен қарауға дағдыланған. Тіпті, кез-келген әйел адамның бойында бір кемшіліктің бұқпантайлап, тұмшаланып жатқан құпиясы, яки жаман қылығы  бардай болып көрінеді.
Ал, ана жүрегі ұрпағының болашағын ойлап алаң. Күлкісі де кермек татитындай, жымиысында да запыран бардай. Көріп отырып, қайран ана жүрегі, ана пейілі-ай дейсің, шіркін!
Қаншама жыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Жібек апайдың көл-көсір еңбегін толайым айтып шығу мүмкін еместей. Өйткені, әуел баста маңдайына жазылған талайлы тағдыр – өнер жолы болғандықтан, осы жолда әлі де еңбек ете беретіндігін жанарынан үйірілген жасты жасыра алмай тұрып айтып берді.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева облыс әкімі Сергей Кулагиннің құттықтау хатын оқыды. Сондай-ақ, жалпы театр қауымдастығының облыстық ішкі саясат басқармасының, қаумалаған қалың көрерменнің таңның мөлдір шығындай тап-таза ізгі ниеті ортаға салынды. Құшағы гүлге толған Жібек апайдың мейірім-нұрға толы жүзі алаулап, шырқау бір биікке көтеріліп бара жатқандай.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар