Тағы бір көп қабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды

Аудан орталығында «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 21 пәтерлі тұрғын үй құрылысы қолға алынды.

Аудандық баспасөз қызметінің мәліметі бойынша аталмыш нысанды 2021 жылдың күзінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 1 940 шаршы метрді құрайды. Бұл бағдарлама аясындағы ауданда салынып жатқан екінші үй. Осыған ұқсас тұрғын үй бұрнағы жылы пайдалануға берілген.
Сондай-ақ, өткен жылдың желтоқсан айында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Аңғал батыр ауылында «Су құбыры желілерін қайта құру» жобасы жүзеге асырылды. Жобаның бас мердігері – «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы. Осы бағдарламаға сәйкес су құбыры желілері қайта жаңартылып, екінші көтермелі автоматтандырылған сорғы станциясының құрылысы жүргізілді. Су құбыры көшеге тартылып, елді мекеннің 12 үйіне қосылған. Жаңа су құбыры ауыз судың сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *