Ғалымның дәрісін тыңдады

Облыстағы мектептердің директорлары қатысқан  мәжіліс білім саласын дамытудағы өзекті мәселелерге арналды.

Аталмыш жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасының әлемдік білім беру кеңістігіне енуі педагогикалық қауымдастықтан жаңа көзқарастар мен кәсіби міндеттерді шешуде жаңашылдық пен өзгерістерді талап етеді. Оқу процесінде мұғалімдер жеке кәсіби жағдайды сараптауды үйрену, туындаған мәселелерді шешу жолдарын бағалауды меңгеруі шарт. Осы орайда, облыс педагогтары қауымдастығының  алдына қойған негізгі мақсаты – орта білім беретін білім ұйымдарында білім сапасын арттыру және Ұлттық бірыңғай тестілеуді нәтижелі тапсыру болып табылады.
Мәжілісте Федор Яковлевич Вассерман биоақпараттану және синергетика білім беру технологиясын оқу, даму, тәрбиелеу үрдісінде қолдану тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Федор Яковлевичтің айтуынша, бұл технологияны орта білім беру жүйесіне енгізудің пайдасы зор. Ұстаздардың  шығармашылық қабілетін ояту, дамыту, жас мамандарды шығармашылық әрекетке баулу үшін мектептерде шығармашылық топтар құрудың тәрбиелік мәні орасан.  Айта кету керек, қазақстандық  ғалым Ф.Вассерман көптеген қазақстандық және халықаралық  педагогтардың тәжірибесін оқып зерттеп, «Биоақпараттандыру және синергетика» (БиС) білім беру технологиясын тамаша қарастырып, оқыту сапасының  нормативтік көрсеткішін құрған. «Биоақпараттандыру және синергетика» білім  беру технологиясында оқытылатын пәндердің оқу материалының меңгерілуіне сәйкес келетін қажетті  технологиялық  карталар құрылымын да ұсынған. Түрлі технологиялық карталар арқылы оқушылардың қабылдауы,  есте сақтау қабілеті  өседі,  ойлау-сөйлеу дағдысы қалыптасады, танымдық көзқарасы жетіледі, ең құнды, пайдалы материалды тауып, өз бетінше ізденіспен еңбек етуге талпындырады. Бұл оқушының  уақытты үнемді пайдаланып,  өз ойын  тұжырымдап айтуға дағдыландырып, шығармашылық ізденіске жол ашады. Технологиялардың ерекшеліктерін тілге тиек еткен ғалым білім жүйесіндегі нәтижелер, оның ішінде кемшіліктер мен жетістіктер мұғалімнің өзіне тікелей байланысты екендігін қадап айтты. Жасырары жоқ, соңғы кездері сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға дерт болып жабысқан замана кеселі зиялы қауым өкілдері саналатын педагогтардың да арасында кездесетіні өкінішті. Осындай жайттарды тілге тиек еткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаменттің өкілі Әділхан Тержанов  нақтылы  деректерге сүйене отырып, мазмұнды баяндама жасады.  Оның айтуынша, білім мекемелерінде жүргізілетін «Адал ұрпақ» атты оқушы балалардың патриоттық клубтары көп мектептерде тек қағаз жүзінде ғана. Егерде мұғалімдер  клубтардың жұмыстарын жандандырса, болашақта жемқорлық кеселі өскелең ұрпақ арасында кездесе бермесіне сенім білдірді.
Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Ботагөз Дүйсенова «Үштілділік, қорытынды аттестациялау, ҰБТ-ның жаңа форматы мен білім беру саласындағы жаңартылған жұмыс мазмұны»  туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.  2016-2017 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуде облыс көлемінде көрсетілген негізгі бағыттар жайлы баяндап, білім берудің негізгі бағыттары мен кейбір өзекті мәселелерді ортаға салды. Осылайша білім беру саласындағы  бірқатар басым бағыттар айқындалып, жаңа міндеттер белгіленді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде іс-шаралар жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастыру, мектептердің білім беру қызметінің сапасымен оқушылар мен ата-аналардың қанағаттанарлық дәрежесін жоғарылату, оқушының ҰБТ-ға дайындық кезеңін және кәсіп таңдау  мониторингін 9 сыныптан бастап өткізу және білім саласындағы басқа да өзекті мәселелер ашық айтылып, кеңінен талқыланды. Жиын барысында мемлекеттік аттестациядан өте алмаған бірқатар орта мектептердің  директорлары сынға алынып, кемшілік жіберген басшыларға нақты міндеттер жүктелді.     
Жарыссөзге басқа да лауазымды тұлғалар шығып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәжілісті облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова қорытындылап, жиынға қатысушылар оқу-тәрбие процесін жетілдіруге, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға, сондай-ақ, оқушылардың білім сапасын көтеруге бағытталған ұсынымдарды қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар