Шағын қаланың даму қарқыны жақсы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев журналистерге қаланың индустриалды-инновациялық дамуы жайында баяндады.

Қала басшысының хабарламасына қарағанда, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы бірқатар жобалардың арқасында қарқын алуда. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айында облыстағы өнеркәсіптік өндірістегі үлесі 17 па-йызды құрады. 66 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Қалада инновациялық белсенді 12 кәсіпорын бар. Индустриалды-инновациялық даму шеңберінде республикалық Индустрияландыру картасына және облыстың кәсіпкерлікті дамыту картасына 16 жоба енгізілді. Жалпы құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба пайдалануға беріліп, 900-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Жыл соңына дейін тағы екі инвестициялық жоба іске қосылады деп күтілуде. Олар «BIOTRON GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құтырма ауруына қарсы вакцина өндірісін кеңейту жобасы және «Қазақалтын Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақсу, Бестөбе кеніштерінде техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасын салуға арналған ауқымды жоба.
Сонымен қатар, қала әкімі өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатқанын айтты. Жыл басынан бері 151 адам сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру үшін қысқа мерзімді курстардан өткен. Жұмыссыздық мәселесі де бірте-бірте шешіліп келеді. Ал, аймақта мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді бала бақшамен қамту мәселесі толығымен шешімін тапқан. Қазіргі таңда негізгі проблема тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі болып отыр. Бүгінде мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.
–«Тұрғын үй коммуналдық шаруа-шылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында біздің қалаға мемлекеттік бюджеттен 450 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Осы қаражатқа 36 көпқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, соның ішінде қараусыз қалған екі үйді қайта қалпына келтірдік. Қазір қалада қараусыз қалған үш көпқабатты тұрғын үй бар. Жыл сайын құрылыс материалдарының қымбаттап жатқанын ескерсек, 143 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру үшін шамамен 130 миллион теңге қаржы жұмсалады. Осылай қаңырап тұрған ғимараттарды ретке келтірсек әрі қаражатымызды үнемдейміз, әрі қала келбетіне көрік береміз, – деген қала әкімі Степногорскіде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын, осы қарқынмен жалғастыра берсе, бірер жылда баспана мәселесі біршама шешілетінін тілге тиек етті. Брифингте журналистер толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар