ОТРЯД БАСТЫҒЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Қаладан тысқары, жұртшылық «Шанхай» атап кеткен мөлтек ауданда бостандығынан айырылып, еңбекпен түзеу лагеріне тап болған жандардың ЕЦ 166/24 мекемесі орналасқан. Бұл адамдар абайсызда қылмыс жасағандар. Әуелде тіксініп қаласың. Бірақ, өмір, тіршілік дегеннің әуені осынау сұр ғимараттың арғы жағында да әсте толастамайтыны анық…

Жуырда кабинетіме гүлжазира кейіптегі келіншек келді. «Танымадыңыз ба?» дейді. «Танымадым» деп айта алмадым. «Жоғары шық» деп жатырмын. Жүзіме жымия қарады да осыдан екі жыл бұрынғы газетті үстеліме қойды. Айналасын қызыл қаламмен айшықтаған, мен жазған шағын ғана мақала. «Мен сені күтемін, жаным!» деп тақырып қойыппыз. Алдымда тұрған Айнұр екен. «Айналайын» деп жатырмын. «Айналайын» дейтіндей жөні бар. Біз істі болған Кенжебек пен оны ауылдан іздеп келген Айнұрдың неке қию рәсіміне қатысқанбыз. Осынау қарапайымдау салтанаттың қуанышы мен наласы жас жұбайлар мен ата-аналардың, тілектес жамағаттың жүрегін шымырлатып еді. Жанардан үзіліп түскен жасты, үміт боп жарқыраған отты көрудің өзі оңай болмаған.
Көкшетау қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Жанат Тәшенова неке куәлігін тапсырып, «шынайы махаббат шекара мен шектеулерге қарамайды» десе, мекеме бастығы, майор Руслан Мұқажанов жас жұбайлардың бір-біріне сүйеу болып, діңгегі берік шаңырақ құруларына тілектестігін білдірген. Осы сәтте Кенжебек пен Айнұр отряд бастығы, аға лейтенант Әсемгүл Есмағамбетоваға иіле тағзым етіп, қолдарындағы гүл шоғын ұсынған. Той рәсімінің еркіндікте өтпегені өкінішті, әрине. Бірақ, жастар жанарындағы жалын сол еркіндікке ұмтылысты байқатып тұрғанына қуанып едік.
…Айнұр отряд бастығы Әсемгүлге бара жатқанын айтты. Ішіне түйіп қалған өтінішін айтпады. Түсіндік. Келесі күні «Шанхайға» өзіміз бардық. Әсемгүл бірден таныды, құрақ ұшып жүр. Көктемнің жұпарындай шырай шашатын Әсемнің мұндай мекемеде қызмет атқаратыны да әрі-сәрі ойға қалдырады екен. Сезімтал ғой, «жаңылғанға демеу болсам деуші едім» дейді. Осынау ізгі жүректің жібі Талшықтағы мектепті бітірісімен Қостанай қаласындағы
ҚР Әділет министрлігінің академиясына бастаған екен. Өмірін ерлерге лайықты қызметке бағыштау да оңай емес-ау. Осындайда полиция мен қылмыстық атқару жүйесінде қызмет жасайтын өзінің офицер ағалары Жанат пен Самат ақыл қосып, қанаттандырып жіберген.
Дипломды қолға ұстаған 2011 жылы қылмыстық атқару жүйесіне инспектор болып қабылданды. Осы инспекцияда болашақ жары Есенболат Есмағамбетовпен қол ұстасқан. Аға лейтенант шеніндегі Есенболат та Гранитный кентіндегі ЕЦ 166/25 айрықша режімдегі қылмыстық түзеу мекемесінде отряд бастығы қызметін атқарады.
Әсемгүлдің №3 отрядында сотталған 26 әйел бар. Мұнда қызметтің негізгі діңгегі сан-салалы тәрбие жұмысына құрылып, оларды бостандықтағы өмірге, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге бейімдеуге бағытталады. Істі болғандардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, мекеменің ішкі ережелерін қамтамасыз ету ыждаһаттылық пен төзімділікті талап ететінін айтып жату артық. Мекеме бастығы Руслан Мұқажанов Әсемгүлдің отрядында тәртіп бұзушылық, төтенше жағдайлар кездеспегендігін ризалықпен тілге тиек етті. Керісінше, №3 отряд Жаңа жыл, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының ынтымақ күні, Тәуелсіздік мейрамдарындағы жүрек жібітер мәдени шараларымен еңбекпен түзеу мекемесінің абыройын көтеріп жүрген көрінеді…
– Аға, бізде той көбейді, – дейді Әсемгүл қуанышын айтып қалуға асығып. Кенжебек пен Айнұрдан кейін іле-шала, осында мерзімін өтеп жүрген Алмагүл мен Ермектің некеге отырғанын атап өткенбіз. Қазір қолдарында бір жасар сәбиі бар. Жуырда біздің ресми хатымызды қараған Көкшетау қалалық соты оларды шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығарды. Телефонмен хабарласып тұрады. Астанада тұрып жатыр, Ермек жұмысқа орналасыпты…

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар