Ломбардтар, көбейіп барасыңдар, сенде біраз тұрмыстың наласы бар…

Кейінгі кезде қалалық жерде ломбард деген көбейіп кетті. «Супер ломбард», «Астана ломбард», «Астра ломбард», «Қарыз+Ломбард», «Альфа ломбард», «Пегас ломбард», «Салют Ломбард». Қайсыбірін айтарсың. Толып жатыр, онымен қоймай, ашылған үстіне ашылып жатыр. Қаланы былай қойып, қазір ол аудандарда да таңсық емес. Көбінің әр жерде жұмыс істеп тұрған тұтастай желілері бар.

Бұрын мұндайды кім естіп, кім білген?! Арғы жылдары бірен-саран ғана еді, бұл күнде әйтеуір, көп. Осы тақырыпты аздап зерттемек болып, «бұл қалай?» деп көзтаныстарымнан сыр тарттым.
–Халықтың кедейленуінен,–деді біреуі.
–Қазір бизнестің түр-түрі көп, бұл да соның бірі,–деді екіншісі.
–Ақшасы бар ашады, ақшасы жоқ барып қарыз алады. Көзімізді ашқаннан белгілі жағдай ғой. Бұл – үшіншісінің пікірі. Әрқайсысы өз қырынан келген бұл сөздердің бәрінің де жаны бар-ау деп ойладым сосын.
Сонда ломбард өзінің иесі үшін шынымен пайдалы ма? Бүгінгінің тілімен айтсақ, әлгі респонденттеріме екінші сұрағым осы болды.
–Әрине, пайдалы,–деді бәрі де бірауыздан. –Бұл күнделікті құйылып жатқан тегін ақша ғой. Сен затыңды тапсырасың, олар пайызымен ақшасын береді. Түк шығын шығармай, түк өндірмей, пайданы қалтасына басады да отырады.
Аңқау басым, «ә» деппін мен ломбард атаулының неге көбейіп жатқанының сырын енді білгендей.
Жалпы өзі осы күні құлағымыз үйреніп алған «ломбард» дегеніміз не? Оған әлеуметтік желілерде мынадай түсінік беріледі:
«Ломбард – азаматтардың жылжымалы мүліктері мен заттарын кепілдікке қойып, қысқа мерзімді несие беретін арнайы мамандандырылған коммерциялық ұйым. Мамандандырылуына қарай ломбардтар қымбат металл, тұрмыстық заттар мен автокөліктерді қабылдайды. Заттардың құны екі жақтың келісімі бойынша белгіленеді».
Әрине, бұл заттарды қабылдап, орнына сол заттың құнына сай ақшасын бергенде, ломбардтар саған әлдебір жақсылық жасайын демейді. Сол берген күндеріне, қайтарып алатын ақшасына қоса, пайызын алады. Ол шамамен қалай болады деген оймен осы ломбардқа алтынын тапсырып жүрген адамдарды сөзге тарттық. Оның өзі оңай емес. Кедейшіліктің шегінде жүрсе де сырт көзден ұялып, жөнін айта қоймайды. Әйтеуір:
–Аты-жөніңіздің қажеті жоқ, бізге тек жөн-жобасын айтсаңыз болды,–деп бері қараттық-ау біреуін.
–Ертеде бірінен соң бірі үш қыз туып, одан кейін бір ұл көргенде, ағаларыңның алып берген алтын алқасы еді. Салмағы әжептәуір, тұп-тура 10 грамм. Сол оңды болып тұр. Қысылғанда тапсыра қоямыз. Қазақты білесіз ғой. Келім-кетім кісі, омыртқа, ойын-той, әртүрлі жағдай. Осы ломбардтан шықпайтын болды өзі. Амалсыз тағы да ақша керек болып, бір айға өткізіп тұрмын. Біреуіміздің зейнетақымыз осымен кетеді. Пайызы да бақандай 7 мың…
–Сонда өскені ме?
–Қымбаттамай жатқан нәрсе жоқ. Бұл да көтерілген шығар (Әй, аңқау қазақ-ай, оның пайызын да сұрап жатпайды).
–Ал, енді сіздің ойыңызша, банктен несие алған тиімді ме, әлде, осы ломбардқа затыңызды өткізіп, бір жөні болғанша күніңізді көре тұрған дұрыс па? Қанша айтқанмен, бұл істе «стажыңыз» бар ғой,–деп сөзіміздің аяғын әзілге айналдырып күлдік.
Ойын көтеретін кісі екен. Бірге күліп, ол сауалымызды да екі етпей жатыр.
–Өз басымызға қысылғанда осы ломбард ыңғайлы сияқты. Қайтарып ала алмай жатсаң, бес-он күндеп ұзартып тұрасың. Банктердің де пайызы оңып тұрған жоқ, удай. Соған қарағанда, ломбардтың жарасы жеңілдеу ме деймін.
Алайда, бұл жөнінен де пікір екіге жарылады. Ломбардқа ақшасын төлей алмай, пайызын қайтарумен әбден запы болып, банктен несие алып, жауып жатқандар да жоқ емес. Бірді бірге әзер жалғап отырған қара халыққа қайбір жеңіл болсын. Әйтеуір, тұйықтан шығып жүрген соң оңай көрінеді де. Әйтпесе, бір күн мерзімінен асырып алсаң, өсімпұлының (пеня) өзі бір уайым. Бір күн емес, соны бәлен күн төлей алмай жүретіндер де қаншама. Оны да бізге осы ломбардтардың құдайға қараған бір қызметкері айтты. Жалпы, мұнда істейтіндерге өз жұмыстары, оның ұңғыл-шұңғылы туралы жақ ашуға болмайды. Былайша айтқанда, конфиденциальность, құпиялылық. Қожайынынан нұсқау солай. Дегенмен, мән-жайды түсінетін, қазақы мінезді кейбір қызметкерлер ептеп мәселенің бер жағын айтып беруге бар.
Солай демекші, жаңағы өсе түскен өсімпұлдың өзі кез-келген ломбард үшін айтарлықтай қосымша кіріс көзі екен. Сосын қазір бұрынғы жылдармен салыстырғанда, біреу алтыны, біреу компьютері, біреу бағалы тонымен дегендей, ломбардқа келушілер қатары да көбейіпті. Адам психологиясы әртүрлі ғой. Біреулер ертеңгі күніне сеніп, аз күнге өткізетін көрінеді. Содан ол ойы бола қоймай, тағы ұзартады. Осылай пайыздық өсімін ғана төлеумен айдан-айға созып алады немесе қайтарып алуға мүлдем шамасы келмей, әлгі затынан айырылады. Яғни, белгілі бір мерзімі өткеннен кейін берген ақшасының орнына ломбард оны сатуға қояды. Ал, енді жуыр маңда ақша болмайтынын біліп, бір-екі айға бір-ақ өткізетіндер пайыздық мөлшерлемесін артық төлесе де, ептеп көңілі тыныш болады.
–Сонда сіздерге келетіндер кімдер?
–Мемлекеттік қызметшілерден бастап студенттерге дейін бәрі келеді. Зейнеткерлер өз алдына. Кейінгі кездегі әлемдік дағдарыс пен елдегі қымбатшылықтың салдарынан халықтың тұрмыс деңгейі төмендегенін мен өзім осыдан-ақ байқаймын. Кейде кәдімгідей кезек те болып қалады. Басқа амалы жоқ шығар, студент қыздар да қолындағы грамы аз, арзанқол бір-екі жүзіктерін осында өткізуге әуес. Нансаңыз, бізде біраздан бері сондай заттардың алынбай талайы жатыр.
Халық құтқарушыдай көріп, тым әуестеніп алған бұл ломбардтар туралы тағы не айтуға болады? Ойлап-ойлап, «осындай орындар бізге керек пе?» деген сауал төңірегінде де оқырман сыңайын байқап көргенді жөн көргенбіз. Біздікі жай қоғам пікірін білу ғой. Әйтпесе, ол ломбардтар бізден ақыл сұрайтын емес, таңның атысы, күннің батысы есіктерін қара халыққа қарата айқара ашып тастаған.
–Әрине, ақшасы көп байлар, айлығы жоғарылар оған бас сұқпайды. Ал, азын-аулақ тапқан-таянғаны былай тартсаң былай, олай тартса олай жетпейтін біздей пенделеріңізге ол керек. Өзімнің көзім жеткені, қазір екі туып, бір қалғаның да саған қажетінде бес-он мың ауыса алмайды. Өйткені, оның да басында сенікіндей жағдай. Осындайда алтыныңды өткізіп, ың-шыңсыз керек ақшаңды қайдан ала қоясың? Ломбардтан. Ал, оны шамаң жетіп, қайтару әрине, басқа мәселе,–деп базар басындағы кәкір-шүкірмен отырған қос келіншек анадай жердегі «ломбард» деген жазуға «елжірей» қарағандай көрінді.
–Ал, бұл жөнінде менің пікірім басқаша. Ломбард дегенің болмаса да ештеңеміз кетпес еді. Қазір оны көре тұрып, екінің бірі қолындағы жылтыраған бірер жүзігін осылай қарай тапсырғанша алып-ұшады. Үйіңе де шыр бітірмей, нағыз берекені кетіретіннің өзі. Одан да сол ломбардқа жем болмай, бірді екі етіп, тапқан-таянғаныңды ұқыптап жұмса. Ақша дегенде көз бар ма? Бір алдың екен, солай үйреніп аласың. Мына қыздарға да ылғи осыны айтамын.
Бала-шаға деп, қыстың суығы, жаздың ыстығында әр күні базарда өтіп жатқан, көпті көрген бұл кісінің де сөзінің жаны бар-ау. Мұндайда діннің де ықпалы оң. Аздап қаржы жинап, өз ісімді ашамын деген қырықтағы жігітпен сөйлесіп отырмын. Бизнесінің түрін әлі дөп басып, таңдай қоймаған секілді. Сонда да сөзден сөз шығып:
–Басқасын ашсам да, ешуақытта ломбард ашпас едім,–дейді.
–Неге?
–Ешкімге қиянат жасауға болмайды деп құранда да айтылған. Ал, ломбардыңыз нағыз қиянат, біреуге жапа шектіру ғой.
Иә, біреудің ақысын жеу болса, жеу шығар. Бірақ, әркім оған өз еркімен барады ғой. Осыны көлденең тартып едім, жігітім болмайды. Яғни, дін жолындағы иманды азаматтың бұл мәселеде өз орнықты көзқарасы бар.
Бұл екі ортада шет елдегі деректер не дейді? Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд сияқты дамыған мемлекеттерге туристік сапармен барған жерлестеріміздің айтуынша, ол жақта ломбард дегенді кездестірмеген. Себебі, халқының тұрмыс деңгейі жоғары. Тапқан-таянғаны ломбардқа алтынын, басқа да құнды заттарын тапсырмай-ақ, өздеріне жететін болуы керек. Ал, бізде амалсыз банктерден алған несиең өз алдына, ломбардсыз тағы күнелте алмайтын болдық. Әрі бұл тенденция ұлғайып отыр. Осы орайда, «ФЦК Ломбард» сияқты автокөлік ломбардтары да мен мұндалап «кепілдікке көлік сізден, ақша бізден» деп қояды. Әрине, белгілі бір пайызымен. Демек, «ломбардтар неге көп ашылып жатыр?» дейсіз. Сұраныс бар. Ақшаға деген зәрушілік бар күнкөрісі көңіл көншітпейтін халықта. Оны ашып жатқандар да осыны біледі, яғни, басы артық шығын шықпайтын пайдалы бизнес қызықтырмай, өзіне тартпай қоймайды. Әйтпесе, ломбардтар осынша қаптап кетер ме еді. Облыс орталығындағы Горький көшесінің бойында бір кварталда ғана оның төртеуін көзіміз көріп жүр.
Ломбардтар, көбейіп барасыңдар,
Сенде біраз тұрмыстың наласы бар.
Біреу әкеп тапсырса алтындарын,
Пайда ғой деп қуанып қаласыңдар.
Иә, бұрын мына елдің өңі түгілі, түсіне де кіріп шықпаған нарық әуселесі осы.
P.S. Осы мақаланы жазу барысында мемлекеттік кірістер департаментінен облыстағы ломбардтардың нақты санын білейік деп едік, ондай деректерді ала алмадық.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар