Хамбо-ламаның құпиясына таңдай қаққандар Мәшһүр-Жүсіптің жұмбағын неге білмейді?

Кейiнгi оншақты жыл бойы Ресей баспасөзiнде 75 жыл жер астында жатып, қайтадан қазылып алынған Будда дiндары Хамбо-Лама Даши-Доржи Итигэлов жайлы үзбей жазылып келедi. Кезiнде сенсация iздеген елдi бiр шу еткiзген, Бурятияның Иволга дацанында болған бұл оқиға әлi де жұрт аузынан түсер емес.
1927 жылы 15 маусымда 75 жастағы Хамбо-Лама медитация жасап отырып, ешбiр ауырып-сырқамастан о дүниеге аттанып жүре бередi. Буддашыларға тән лотос күйiнде отырған ол шәкiрттерiне өлiм аузында жатқан адамға арналған «Һуга Намши» дұғасын оқуды бұйырады. Бiрақ, шәкiрттерi тiрi отырған ұстазының алдында ол дұғаны оқуға дәттерi бармайды. Сосын дұғаны Хамбо-Ламаның өзi бастап, оны шәкiрттерi қостап, ұлы ұстаз бiржола мәңгiлiктiң әлемiне аттанып жүре бередi. Ламаның денесi өзiнiң өсиетi бойынша майқарағайдан жасалған қорапқа салынып, оған тұз толтырылып, содан соң 1,5 метрлiк тереңдiкке көмiледi.
Ұлы Лама көз жұмғасын бiрер жылдан кейiн Бурятияда дiн иелерiн қудалау науқаны басталады да, шәкiрттерi жаңа өкiмет бүлдiрiп жүрер деген қауiппен, оның зиратын жермен-жексен етiп тастайды. Тек 1955 және 1977 жылдары Хамбо-Ламаның денесi бүлiнбегенiне көз жеткiзу үшiн өздерi құпия түрде екi мәрте қазып алып көрiптi. Кеңес билiгi құлағасын Итигэловтiң тағы бiр өсиетi табылады. Онда ол өз мәйiтiн 2002 жылы бiржола қазып алуды тапсырған екен. Сөйтiп, оның бұл өсиетi орындалып, Ресей буддашыларының бүгiнгi басшысы Пандито хамбо-лама ХХIV Дамба Аюшеевтың рұқсатымен қазылып алынып, жалпы жұртшылықтың назарына ұсынылады. Таңғаларлығы, 75 жыл жер астында жатқан ламаның денесi ешбiр бүлiнбеген көрiнедi. Бүлiнбегенi сол, терiсi тiрi адамдiкiндей қызғылт түстi, буындары жеңiл қозғалады дейдi. Ал, ғибадатхананың iшiнде дiни рәсiм жүрiп жатқан уақытта оның денесi кәдiмгiдей жылынып, қызуы 36-37 градусқа дейiн көтерiлiп, қатты терлейтiнi соншалық, жiбек желбегейден өтiп кетедi екен.
Бiр өкiнiштiсi, Ресей басылымдары бұл секiлдi бұзылмай сақталған мәйiттер Азия аумағында тек Қытай мен Жапонияда, Вьетнамда ғана кездеседi, бiрақ олар жансыз мумиелер, iшкi құрылыстары алынып, бальзамдалып тасталған дейді. Тiптi, ресейлiк кейбiр ақпарат құралдарының: «Ғалымдар осыған ұқсас мысалды дүние жүзiнен iздеп, таба алмады» деп жазғанын оқығанда, апырмау, мыналар iргесiнде тұрған қазақ жерiнде дәл осындай жағдайда өмiрден озып, ешбiр бальзамдаусыз 21 жыл ашық қабiрде жатқан Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлы деген адамның болғанын шынымен бiлмей ме деп ойлайсың.
Бiр айта кетерлiгi, Мәшһүр-Жүсiп пен Хамбо-Лама–замандас адамдар. Лама 1852 туса, Мәшһүр-Жүсiп 1858 жылы дүниеге келген. Будда ламасы 1927 жылы 75 жасында өмiрден озса, Мәшһүр бабамыз 1931 жылы күз айларының соңына қарай 73 жасында бақилыққа аттанады.
Бүгiнде Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлының әдеби мұралары жан-жақты зерттелiп, том-том кiтап болып шығып жатыр. Республика жұртшылығы ол кiсiнi көбiнесе ақын, тарихшы, философ, этнограф, фольклоршы, аудармашы, шежiрешi, дiн қайраткерi ретiнде бiледi. Ал, оның ерекше қасиет иесi болғаны жөнiнде осы төңiректегi аймақтық басылымдарда болмаса, көп жазыла қойған жоқ. Шындығында, Мәшһүрдi кезiнде халыққа сонша танымал еткен ақындығы, ғұламалығынан басқа, оның әулиелiгi, елден ерек қасиетi екенi даусыз. Мәшһүр-Жүсiптiң көзi тiрiсiнде жасаған талай кереметтерiн айтпағанда, оның ешқандай бальзамдаусыз, тұзға салынбай-ақ, 21 жыл бетi ашық қабiрде ешбiр бүлiнбестен жатқанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi!
Өзiнiң өмiрден өтер мезгiлiн алдын ала болжаған Мәшекең жарықтық: «73-ке келгенше балталасаң да өлмеймiн, 73-ке келген соң майға бөлесең де, одан әрi өмiр сүрмеймiн!» –дейдi екен.
Бұл жайдан-жай айтылмаған. Бес жасында-ақ әкесi Көпей сопы дiн жолына бағыттаған Мәшһүрдiң бар саналы ғұмыры исламның игi жолынан аумай, оқу-бiлiм iздеумен, шығармашылықпен өткен. Жас уағында елдегi Байжан молла, Нәжмеддин хазiрет, Қамараддин ахон секiлдi адамдардан дiни бiлiмiн ашқан Мәшһүр кемелiне келген шағында ислам iлiмiнiң ордасы атанған Ташкент, Бұхара секiлдi шаһарларда білім алады.
«Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұқар, Ташкент бәрiн кезген,
Жасында бiр кем отыз тәңiрiм айдап», – дейдi өзi бұл сапары жөнiнде.
Осы Бұхара шаһарында оқып жүрген Мәшһүр бабамыз бiрде жұма намазынан шығып келе жатса, үстiнде қара шапаны, қолында аса таяғы бар ақсақал адам алдын кес-кестей бередi. Үлкен кiсi ғой, жолын кеспейiн деп, Мәшекең бөгелiп, қол қусырып сәлем бередi. Әлгi ақсақал сәлем аларда қолындағы аса таяғын жерге шанша салады. Басында темiрi жоқ жаңағы таяқ жерге қадала кiрiп, дiрiлдеп тұра қалса керек. Кенет таяғын қайтадан қолға алған қария Мәшһүрдi үш айналып, о жер, бұ жерiнен таяғымен түрткiлеп, «жетпiс екi, жетпiс үш» деп керi айналып жүре бередi. Аң-таң болған Мәшекең мына кiсi маған 72-73 сағатта өлесiң деп кеттi ме деп айран-асыр болады. Үйге келiп ұйқыға жатқан соң, түсiне аруақтар кiрiп, мазасын алып шығады. Сөйтiп, шалдың айтқан 72-73 сағатынан аман-сау өтедi. Ендi 72-73 күнде дәмiм таусыла ма деп, күн санауға айналады. Бұдан да сау-саламат өткесiн, ғұмырының 73 жыл боларына сенген екен.
Мәшһүр-Жүсiпке ерекше қасиет қонуына байланысты мынадай тағы бiр әңгiме бар. Бұхарада шәкiрт болып жүрген кезi екен. Бiрде монша iздеп көшеге шықса, алдынан бiр ақсақал адам кез болып:
– Жүр, балам, мына жерде монша бар,–деп бастай жөнеледi. Сәл жүрген соң шағындау, көзге қораш бiр моншаға әкелiп кiргiзiп, Мәшекеңдi шешiндiрiп, арқа-басын ысып, кәдiмгiдей жуындырады.
«Е, осындайды кәсiп етiп жүрген бiр мүсәпiр екен ғой» деп ойлаған Мәшһүр атамыз қызметi үшiн деп шалға ақша ұсынса, ол алмайды. Iшiнен: «Апырмай, шайхы адам екен ғой!» – деп ойлаған Мәшекең рахметiн айтып, былай ұзай бере, артына қараса, монша да, жаңағы шал да жоқ. Бұның не керемет екенiн түсiне алмаған ол ертеңiнде медреседегi ұстазына баян етедi. Ол қуана тыңдап: «Балам, құдай жарылқаған екен, сенiң барғаның Қожа Бахауеддиннiң моншасының орны едi. Саған назары түсiп, шомылдырған өзi болар, сiрә. Ендi саған қасиет қонды, аузыңнан шыққан сөздiң бәрi лепес, қабыл болады!» – деп, қолын жайып, батасын берiптi.
Кезiнде қазақ даласын барынша аралап, Орталық Азия елдерiне бiрнеше мәрте сапарлап барған Мәшһүр-Жүсiп бабамыздың бар ғұмыры шығармашылыққа бағышталған дедiк. Сондай-ақ, тiрiсiнде әулие атанып, халық пiр тұтып, жалғыз ауыз сөзiн жерге тастамаған ерекше қасиет иесi болған. Оның осындай әулиелiгi мен көрiпкелдiгi, басқадай ерекше қасиеттерi жөнiнде адам нанғысыз талай-талай әңгiмелер бар.
Баянауыл-Қызылтау төңiрегiндегi Сүйіндік елінен, оның ішінде Мәшһүрдің өзімен рулас Құлболды-Күлiктен шыққан, Абылай заманында жасаған Жанақ әулие Жаңабатырұлы деген адам болған. Заманында «Қаһарлы Жанақ», «Дұғалы оқ Жанақ» атанып, қасиет дарыған бұл кiсiнiң «Аттым!» дегенi адам болсын, мал болсын мұрттай ұшып, өледi екен. 1914 жылы Мәшһүр-Жүсiп Сiлетi бойында жерленген Жанақ әулиенiң зиратын әдейi iздеп барып, басына түнеп, осы «дұғалы оғын» алып қайтады. Кейiн бұндай қасиет Мәшекеңе де қонып, ел iшiнде басбұзарлық жасаған бiрер адамға оны қолданған да екен.
Ендi жоғарыда айтылған жағдайға оралсақ. Мәшекең жасы 73-ке жеткен соң, Ескелдi деген қыстаудағы қазiр өзiнiң кесенесi тұрған төбенiң басын таңдап, сол жерден қабiрiн қаздырып, үстiнен қос бөлмелi үй салдырады. Екібастұздық өлкетанушы Серік Жақсыбаевтың айтуынша, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ресейдегі Свердловск (Екатеринбург) обсерваториясынан бір топ ғалымдар Павлодар облысына келеді. Оның себебі свердловскілік астрономдар космостан түсетін сәулелердің бірі Қазақстанға, оның ішінде Павлодар облысының аумағына бағытталғанын анықтаған екен. Ғалымдар облыстық партия комитетіне келіп рұхсат алып, жаңағы сәуле түскен жерді іздеп тапса, ол Мәшһүр-Жүсіп жатқан Ескелдінің төбесі болып шығады. Бұл да қазір ешкім түсіндіріп бере алмайтын жұмбақ.
Әулиенiң немересi, марқұм Сүйiндiк Шарапиденұлының ертеде жазылған бiр естелiгiнде бұл жөнiнде былай делiнiптi: «Жатар орнын (қабiрiн) үлкен келiнi Зейнептiң iнiсi Дұсжанға қаздырып, өзi үнемi қасында отырып, дұға жасап, енiн, ұзындығын, биiктiгiн екi жарым кез қылып алдырады. Ол бiткесiн әлi де көңiлi толмағандай, тағы бiраз тереңдету керегiн айтады. Бiраз қазған соң күрек-қайла бiр ақ күлгiн түстi жалпақ тасқа тiреледi. Дұсжан:
– Моллеке, мына жалпақ тасты бөлектеп уақтайын ба?–деп сұрайды.
– Жоқ, Дұсжан, менiң де күткенiм сол едi, қиратпай тұтас ал, – деп, тағы бiр дұға оқиды. Кейiн биiктiгi бiр жарым, енi бiр кезге жуық, қалыңдығы 20-30 сантиметр осы тасқа аты-жөнiн жаздырып, басына белгi етiп қойғызады. Салынған зират үйдiң төргi бөлмесiндегi қабiрге өзiн ашық қоюды өсиет етедi.
Ауызғы бөлмеге өзiнiң күнделiктi пайдаланатын кiтап-құрандарын, ыдыс-аяқ, ер-тұрман, насыбай үккiш, т.б. заттарын қойғызады. Және насыбай шақшасында әрдайым насыбай болуын да тапсырады.
– Қысы бар, жазы бар, әрi-берi өткен жолаушылар түнер болса, барлық мүлкiмдi пайдалансын, бiрақ, жуып, тазалап, қайтадан орнына қойып кететiн болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып, ешкiмге бассалмаймын. Мен өлген соң, 40 жылға дейiн денем бұзылмайды, тiрi адам көзi көредi. Тек жаздың ыстық айларында ақыретiмдi айырбастап отырыңдар, қыста қажетi жоқ. Сонда көздерiң жетедi, – деп өсиет айтыпты.
Шынында да, өзi айтқандай, соңынан кейбiр адамдар әулиенiң қабiрiне түскенде, әрдайым бiр хош иiс аңқып тұрады екен.
Сүйiндiк марқұм былай деп жазады: –1946 жылы Сәбит Мұқанов келiп, қабiрдiң iшiне түскен едi. 1950 жылы өзiм де түсiп, денесiн сипаған едiм, сонда жадағай жерде жатса да, бiртүрлi хош иiс шығып тұрды. Ешбiр құрт-құмырсқа, көрдi жайлап алатын сасық күзен, тышқанның iзi бiлiнбедi.
Әулие Мәшһүр тiрiсiнде өзiнiң жаназа дұғасын да оқытады.
– Құдай алам деп отыр, Шәрәпиден мен Зейнеп бермеймiн деп отыр. Көпейұлы Жүсiпке құдай рақмет айласын!–деп сақ-сақ күледi екен жарықтық.
– Мен өлген соң келiп, бата жасамақ түгiлi, әркiм өз бас қайғысымен кететiн «тұрымтай тұсына» деген заман болады. Оны мен көрмеймiн, сендер көресiңдер, көресiңдер де, көнесiңдер,– дейдi екен.
Соңынан Мәшекеңнiң айтқанындай, 1931-32-нiң ашаршылығы, 1935-37-нiң қуғын-сүргiнi келiп, арты Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа ұласқанын бiлемiз.
Сөйтiп, Мәшһүр әулие 1931 жылы күзде мүриттерiн бiр апта бұрын шақыртып алып, әңгiме-дүкен құрып отырып, ауырмай-сырқамай дүниеден өтедi. Бүгiнде Мәшекең есiмi қайтадан әспеттелiп, әдеби мұрасы зерттелiп, зерделенiп жатқанымен, ол барлық жұмбағын өзiмен бiрге ала кеттi. Тiрлiгiндегi әулиелiк, көрiпкелдiк қасиеттерiн айтпағанда, денесі қалайша ешбiр бүлiнбестен 21 жыл бетi ашық қабiрде жатты? Егер зираты бұзылып, қиратылмағанда, әлi де неше жыл жатар едi? Және қабiрiн қаздыру үшiн басқа жер емес, Ескелдiдегi аталмыш төбенiң басын таңдауына не себеп? Егер әлi күнге дейiн қабiрiнiң бетi ашық жатқанда, Мәшһүр-Жүсiп жұмбағы шешiлер ме едi? Тiптi, кейде қабiрiн қазып көрсе, қандай күйде екен деген пенделiк ойға да берiлесiң.
Бiрақ, барлығы да Жаратушының билiгiндегi шаруа. Дегенмен, қазiргi ақпараттық технологияның дәуiрлеп тұрған шағында, Азия құрлығында дәл осындай қасиетке ие болған жалғыз Хамбо-Лама Итигэлов қана емес, дәл сол уақытта қазақ жерiнде Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлы деген әулие болған деп Ресей БАҚ-тарына екi ауыз сөз жариялау ойымызға келмей жүр.

Сайлау БАЙБОСЫН,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар