Ауыл тұрғындарының тілегі ескерілмей отыр

Көрер көз, тыңдар құлақ болғанда, бәлкім, осы мақаланы жазуға отырмас та едім. Қолға еріксіз қалам алғызған сол баяғы жол қатынасы. Ел игілігі үшін іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орталық-Шығыс бағытындағы Астана-Өскемен тас жолының (автобан) Астана-Шідерті тұсынан ауылымыз Ажыға бұрылатын жол қиылысы қарастырылмаған.

Осы түйткілді мәселе туралы берісі аудан, облыс әкімдеріне, әрісі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевқа жаздық. Әуелі аудандық, одан облыстық, орталық газеттерде бірнеше мақалалар жарық көрді. Көкшетау-Қазақстан телеарнасынан сюжет көрсетілді. Бірақ, «жаны ашымағанның басы ауырмайдының» кері ме, біздің жанайқайымызға құлақ түрген жан болсайшы.
Өркениет дамуының күретамыры жол екенін ескерсек, осы бейқамдықтың кесірінен біздің ауыл жылдың үш айында сыртқы дүниемен байланысын үзіп алайын деп отыр. Автобан құрылысы енді аз уақытта аяқталады. Бізге керекті бұрылыс тұсында осы күнге дейін өлі тыныштық. Салынатын өткелдің нышаны да байқалмайды. Халықтың мұң-зарына құлақ қояды деген жауапты басшылар бір-біріне сілтеумен уақыт өткізуде. Тұшымды жауап естімей екіұдай сезімде біз жүрміз.
Біздің Ажы ауылы облыс орталығы Көкшетау қаласынан 500 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан. Павлодар облысымен дәл шекарада тұрған, төрт жүзге жуық тұрғыны бар елді мекен. Географиялық орналасуы бойынша екі облыстың арасындағы Өлеңті өзенінің оң жағасында қоныс тепкен. Салынып жатқан автобан осы Өлеңті өзенінің үстімен көпір арқылы жалғасады. Сол көпірден Ажыға тура қатынайтын он жеті шақырымдық дала жолы бар. Айта кететін бір ерекшелік, Ажы ауылы Ақмола облысына қарағанымен, осы дала жолы Павлодар облысының аумағында. Автобан құрылысын жобалап, сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде бұл ерекшелік ескерілмеген. Соның кесірінен жоқ жерден қиындықтар туындауда.
Рас, автобан бойында бір жағы Өлеңті, Бозтал ауылдарына, екінші жағы Қойтас, Ажы ауылдарына қатынау үшін жол айрығы бар. Бірақ, көктемде қар еріп, өзен арнасынан асып тасығанда өзеннің сол жақ бетіндегі Қойтас ауылы мен оң жағалаудағы Ажы ауылының арасында көпірдің жоқтығынан ара қатынас наурыздың басынан мамырдың ортасына дейін үзіледі. Бұл уақытта ешқандай көлік тасыған өзеннен өте алмайды. Тіпті, кей жылдары нөсерлеп жауған жаңбырдан соң, тамылжыған жаздың ортасында өзеннің өткел бермегенін көзіміз көрді. Боранды-шашынды қысты күндері өзен бойындағы тал-қамысқа қар тоқтап, өткелдер бітеледі. Мұндай кездері ажылықтар өзеннің ық жағындағы жаңағы дала жолымен барып, автобандағы көпір арқылы сыртқы дүниемен байланысады. Көпірден өтіп, түсер тұстағы жол бойында кафе-кемпинг орналасқан. Автобустан түскен жолаушылар осы кафеде аялдап, ауылдан көлік күтеді. Жаяулап-жалпылап жүрген ажылықтарға бұл жер жауын-шашыннан, аяз-бораннан үлкен қорған. Сондықтан, өмір жолы іспеттес дала жолы ажылықтар үшін аса қажет.
Жазушы Оралхан Бөкеев Кеңес заманындағы өмір шыңдығын бір әңгімесінде өте өткір жазып еді. Студент қыз қаладағы оқуынан туған ауылына демалысқа келе жатады. Қысты күні екен. Орта жолда тас жолдың бойынан ауылына жету үшін автобустан түсіп қалады. Себебі, бұл елді мекен автобустың маршрутына кірмейді. Қалай барсаң, олай бар. Арақашықтық біршама екен, жаяулап тартқан әлгі қыз баланы бір қалтарыста үйірлі қасқыр қамап, жеп қояды. Жолаушылардың басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болғандықтан автобус соларға жүреді. Ал, жолдан қиыс жатқан қазақ ауылдарына деген көзқарас жоғарыдағыдай екенін ашынып әңгімелеп еді, марқұм жазушы ағамыз. Сол көзқарас осы күнге дейін өзгермеген бе деп ойлайсың біз де басымыздан кешіп отырған жағдайдан кейін.
Өйткені, автобан бойындағы жол айрықта Өлеңті – 8, Бозтал – 20 шақырым оң жаққа, Қойтас – 18 шақырым мына жаққа деген жол белгілері бар. Ал, арасын өзен бөліп тұрған Қойтастан бес шақырым жердегі Ажы ауылы осы бағытта, осынша шақырым деген белгі де, жазу да жоқ. Тарихы сонау патша заманынан басталатын Ажыға алдағы жылы 160 жыл толады. Осындай ертеден келе жатқан ауыл бар-ау, оған да бір белгі керек-ау деп, қаперіне алған адамның болмауы өкінішті.
Қазір автобан құрылысы аяқталуға жақын. Тас жол екі бағыттағы автокөліктердің қауіпсіздігі үшін ортадан темір бағандармен құрсауланып бөлінген. Әр жерден бейсауат жайылған мал, жүрген техника шыға келмеуі үшін екі жағы темір тормен қоршалуда. Бәрін көзіміз көріп, біліп отыр. Көпірден Ажыға қатынайтын дала жолы жабылса не істейміз? «Қазавтожол ҰК» АҚ басшылары, жергілікті билік тармақтары біздің жанайқайымызға неге құлақ түрмейді?!.
Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ,
Ажы ауылының тұрғыны.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар