Атбасардан шыққан өлкетанушы

Соңында өнегелі із қалдырып, халқына еңбегін сіңірген Атбасар өңірінен шыққан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – өлкетанушы, қаламгер публицист Клара Әмірова. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі Клара Әмірқызы Әмірова 1925 жылы 13 наурызда Атбасар ауданына қарасты Ерікті ауылында дүниеге келген. Ол кісінің жастық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келеді. 1944 жылы Көкшетау педагогикалық техникумын бітірген соң туып-өскен ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып балаларға дәріс береді.

К.Әмірова 1963 жылдан бастап мәдениет саласындағы жұмысқа ауысады. Біраз жыл Атбасар қаласында орталық кітапхананың кітапханашысы болды. Туған өлкесінің тарихын зерттеп, «Ауылым – атамекенім», «Аза тұтар ардағымыз», «Қиылған ғұмырлар», «Атақоныс – аманат», «Атақоныс ақиқаты» кітаптарын жазды. Алғашқыда кітапхананың бір бөлмесінде музей ашу үшін жәдігерлерді жинап, оны музейге айналдырған еді. Кейін ол орын кеңейтіліп, 1978 жылдың 5 қарашасында жеке ғимарат берілді. Сөйтіп, Атбасар тарихи-өлкетану музейі бой көтерді.
Міне, осылайша өңіріміздің шежіресін айшықтайтын өлкетану музейінің іргетасы қалыптасты. Осындай үлкен шаруалардың басында Клара Әмірқызы жүрді. Ол кісі көлікті өзі жүргізіп, ел арасынан көне жәдігерлерді жинаудан жалықпады. Клара Әмірқызының өлкеміздің тарихы мен белгілі азаматтары туралы жазған еңбектері өскелең ұрпақ, біздер үшін қалдырған өшпес мұра. Клара Әмірованың ұзақ жылдардағы еңбегі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», тағы да басқа көптеген медальдармен марапатталды. Есімі «Қазақ ССР-інің Алтын кітабына» жазылды және 1995 жылы 17 ақпанда «Атбасар қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Төрт бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асыл ана 2002 жылы 77 жасында өмірден өтті.
Клара Әмірованың еңбегі тек аудандық тарихи-өлкетану музейін ашумен ғана шектелмейді. Ол 1999 жылы Атбасар қаласында ұлы жазушы І.Есенберлин әдеби музейінің ашылуына да атсалысып, оны ұйымдастырушылардың бірі болды. Атбасар өңірінің тарихы мен шежіресіне байланыс-
ты көптеген мақалалар жазып, кітаптарын шығарды. Оның «Ауылым – атамекенім» кітабында осы өңірдің ежелгі тарихы мен жер-су атауларына, өмір сүрген атақты адамдарға қатысты бай мәліметтер бар. Кейінірек бір кезде жаппай бұрмаланып кеткен жер-су, елді мекен атауларын қалпына келтіруде өлкетанушының осы кітабы көп көмегін тигізгенін атап өткен артық болмас.
Халқы құрметтеп, айтулы өлкетанушының 80 жылдық мерейтойында шаһарымыздағы бір көшеге оның есімін берді. Клара апамыздың ізін басқан шәкірті Сәулет Шақайұлы Балғазин оның ісін жалғастырып, тарихи-өлкетану музейінде бірнеше жылдар бойы басшылық жасаған болатын. Бүгінгі таңда музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып, халыққа одан әрі қызмет көрсетуде. Атбасар тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі директоры Анар Әлкешқызы Ілиясова ұжым мүшелерімен бірлесе отырып, айтарлықтай шаруалар атқарып жатыр. Музейде өлкенің бірнеше ғасырлық тарихын баяндайтын құнды жәдігерлер көп және олардың саны уақыт өткен сайын молая түсуде. Сондай-ақ, музей ұжымы ауданда өтетін түрлі мәдени-көпшілік шараларға әрдайым белсене қатысып отырады. Осындай шежірелі өңірдің өлкетану музейінің іргесін қалаған Клара Әмірованың есімі осы музейге берілсе, белгілі өлкетанушыға көрсетілген лайықты құрмет болар еді.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ,
Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар