«Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжінде «Рухани жаңғыру» тақырыптық кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Облыстық білім басқармасы мен «Зиятқор» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, осы білім ордасында жұмыс істеген еңбек ардагерлері мен «Жас өркен» жастар ұйымының көшбасшылары қатысқан салтанат кабинеттің көк лентасын қиюдан басталды. Бұдан соң дөңгелек үстелде колледж директоры Любовь Дробышева құттықтау сөз сөйлеп, бағдарламалық мақаланың басты мақсаты халықтың рухын, азаматтық белсенділігін арттыру, бағдарламадағы арнайы жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өтті.
–Білім шаңырағында еліміздің өскелең ұрпағына көп үміт артылады. Олар мемлекетіміздің ілгерлеуіне колледж қабырғасында дайын болуы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекет алдында ауқымды жоспарлар тұр. Еліміз экономиканы жаңғыртуға көшіп, жедел түрде барлық сала бойынша әлемдік кеңістікпен араласа бастады. Осы орайда, колледж оқытушылары шәкірттерінің бойына білімнің ең маңыздыларын сіңіруге тырысуда. Өз отбасының, оқу орнының патриоты болмағандар өз Отанының патриоты бола алмайтынын түсінген жөн. Адамның барлық ісі алғашқы ұмтылыстан басталады. Бұған кәсіптік-техникалық білім алып, өз еңбек жолын жұмысшыдан бастаған Елбасымыздың өмірі мен қызметі үлгі-өнеге. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің барлық бағдарламалық құжаттарын орындауға міндеттіміз. Өткен жылы білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, оқу кабинеттері жаңартылды. Мемлекет шебер қолды мамандар даярлау үшін барлық жағдайды жасап жатыр,–деді колледж директоры.
Шара барысында сөз сөйлеген білім саласының ардагері Ғалия Бекмурзина мен «Зиятқор» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ыбыраев сөз сөйлеп, жүрекжарды сөздерін айтты. Бұдан кейін қатысушылар «Рухани жаңғыру» тақырыптық кабинетін аралап көрді. Бұл кабинет Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен өңірдегі ескерткіштерді қорғау және пайдалану орталығының бастамашылық көмегімен ашылып отыр. Мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барлық маңызды шаралар, турнирлер мен сынып сағаттары өткізілетін болады. Кабинетте Қазақстан мен Ақмола облысының киелі жерлерінің картасы, ұлт пен ұлыстардың мәдениет көрмесі орналасқан. Ұлттық киімдер, сувенирлер, киіз өнімдері тәрізді өзге де жәдігерлер алты мамандық бойынша оқитын колледж оқушыларының өз қолымен жасалған. Алдағы уақытта өлкетану бойынша жасалған жәдігерлер саны одан әрі көбеймекші. Білім шаңырағында өлкетану жөнінде факультативтік сабақ жүргізіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін тану бағытында шығармашылық тапсырмалар беріліп отырады. Сондай-ақ, оқушылар отбасының, өлке, қала мен ауылдардың тарихын зерттеуде. 563 оқушы дәріс алатын колледжде туристік клуб жұмыс істейді. Оқушылар биыл археологиялық қазбаларға қатыспақшы. Сондай-ақ, жоғары курстың оқушылары «Қамқор», «Армада», «Диас», «Арман» тәрізді кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп жүр. Келешекте еліміздің дамуына өз үлестерін қосатын жас толқын мемлекет тарапынан тегін оқытылып, басқа да жағдайлар жасалып, алаңсыз білім алуда.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар