Биылғы жылдың 15 қазанында «Нұр Отан» партиясының есеп беру-сайлау науқаны бастау алмақшы. Бұл тұтастай партияның, сонымен бірге, оның бастауыш ұйымдарының қызметіндегі маңызды кезең болып табылады.
Еліміздегі жетекші партияның есеп беру-сайлау науқаны қалай өтеді және болашақ жоспарлары қандай деген сауал төңірегінде «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастырушылық-бақылау жұмыстары бөлімінің басшысы Азамат Біржанов газет тілшісімен ой бөліседі.
–Азамат Дулатұлы, алдағы есеп беру-сайлау науқаны қандай мақсаттар мен міндеттерді көздеп отыр?
–Бұл науқанның негізгі мақсаты партиямыздың сайланбалы органдары – саяси кеңес, бастауыш партия ұйымдары, саяси кеңес бюросының 2013-2014 жылдарға арналған жұмыстарын нақтылау болып табылады. Сонымен бірге, осы жылдар ішінде жүргізілген жұмыс қорытындылары шығарылып, әр бастауыш ұйым, аумақтық филиалдар және тұтастай облыстық партия ұйымы өзінің Саяси доктрина, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Қазақстан. Мақсат 2017. Ұлттық іс-әрекет жоспары» сайлауалды тұғырнамасының негізгі құжаттарына сәйкес алдағы стратегиясы мен міндеттерін анықтап алатын болады. Себебі, біз партияның сайлауалды тұғырнамаларын жүзеге асырудың кезеңдік нәтижелеріне жауапты тұлғалардың есебін тыңдамақпыз. Әр партия ұйымының өзінің істеген жұмыстарына баға беріп, алдына қойған нақтылы міндеттерін тағы бір айқындап алса, бұдан ұтарымыз айқын.
Сонымен қатар, партия тұғырнамасын қолдау бағытында біз ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында жүзеге асырыла бастаған 12 әлеуметтік жобамен жұмыс істей бастадық. Жалпы, мен өткен кезеңнің аса айшықты оқиғаларға толы болғанын атап өтер едім. Мысалы, Мемлекет басшысы, партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен партияның кезектен тыс ХV съезі өтті. Мұнда нұротандықтардың алдына ауқымды міндеттер қойылды. Ағымдағы жылы 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлық іс-әрекеттерге қарсы бағдарламаның жобасы кең талқылауға түсіп, қолдау тапты. Партияның бұдан басқа келелі мәселелері де жан-жақты талқыланып, партия ұйымының жұмысын соған сәйкес бағалау жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы алдында қарапайым да, нақтылы мақсаттар тұрғанын атап өтуіміз керек. Осының бәрі уақыттың өміршең талаптарына назар аудару, қоғамдағы көшбасшылықты және тұрақты бағытымызды сақтап қалуға деген ұмтылыстан туып отыр. Осы бағыттардың барлығы партияның құжаттарында жан-жақты көрініс тауып, күнделікті өмірде қолданылып отыр. Партия беделін нығайту, оның тұрғындарға сенім деңгейін көтеру, ашықтықты қамтамасыз ету және кадрлар, партия оқуларымен жұмыс істеу жақсара түскені анық. Әйтсе де, қол жеткен табыстарға қарамастан, партияның бағдарламалық негіздері, мақсаттары мен міндеттері әлі де толық көлемінде шешімін тауып болған жоқ. Мәселелер де жетерлік. Бұл жерде партиялық тәртіп пен оның мүшелерінің ар тазалығы, партиямыздың сапалық құрамын жақсарту жайлы әңгіме болып отырғанын еске салғым келеді.
–Есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізудің тәртібі қандай?
–Әрине, есеп беру-сайлау науқаны алдымен партияның бастауыш ұйымдарында бастау алып, олардың жұмыс қорытындылары шығарылатын болады. Осы жылдың 15 қазаны мен 5 қарашасы аралығындағы кезеңде облыстың 325 бастауыш партия ұйымында осындай жиналыстар өткізіледі. Осыдан кейін 15 қарашаға дейін партияның аудандық және қалалық филиалдары конференциялары өткізіледі деп күтіліп отыр. Партияның облыстық филиалының саяси кеңесі бюросы мүшелері партияның аумақтық филиалдарының конференцияларының әрқайсысына бекітіліп, солардың жұмыстарына қатысатын болады.
Егер конференциялар жайлы айтатын болсақ, олардың жұмысына делегаттардан басқа мемлекеттік құрылымдар, өкілетті органдар өкілдері, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары өкілдері де қатыспақшы. Ең алғашқы есеп-беру сайлау жиналысы Целиноград ауданының Қосшы ауылдық округінде өткелі отыр. Барлық партия ұйымдарында жаңа басқару құрамы сайланып, есеп беру-сайлау конференцияларына делегаттар ұсынылатын болады. Яғни, партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында олардың қызметі туралы есеп ұсынылып, қазірге дейін жұмыс істеп келе жатқан аумақтық филиалдарының саяси кеңестері мен саяси кеңес бюролары – сайланбалы партия органдары қайта сайланбақшы. Демек, қатарымызға өзін өндірістік немесе басқа қызметте көрсете білген, белсенді өмірлік ұстанымды ұстанған, партия мүшелері арасында беделі бар және партия қатарын нығайту мәселелерімен тығыз айналысып жүрген жаңа тұлғалар келеді деген сөз. Бұл науқанның соңғы нүктесін партияның өңірлік конференциясы қоятын болады. Оны біз осы жылдың қараша айының үшінші онкүндігінде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Менің ойымша, биылғы саяси науқан ерекше жағдайда өтпекші. Өйткені, бастауыш ұйымдар төрағаларына партия беделін қалыптастыруда үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан, бұл құрылымдардың бастауында қандай адамдар тұрады? Бұл да біз үшін аса маңызды. Осыған байланысты нақтылы көшбасшыларға сенім көрсетілетін болады. Жалпы, нұротандықтар есеп беру мен сайлауды жоғары ұйымшылдықпен және жауапкершілікпен өткізуді мақсат етіп отыр.
–Партия басшылығы бастауыш ұйымдар мүшелерін белсенді саяси жұмысқа тарту міндетін қойғаны белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Бүгінгі таңда партиямыздың Төрағасы қойып отырған міндеттер аса маңызды болып табылады. Өйткені, бастауыш ұйымдар белсенді саяси жұмыстардың ошағына айналуы керек. Партияның беделі мен тұрғындардың сенім деңгейі өз кезегінде бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарымен анықталатынын еске ұстаған жөн. Қазіргі кезде облыста 17 аудандық, қалалық филиал бар болса, олардың екеуі Степногорск қаласы мен облыс орталығында жұмыс істейді. Ал, 325 бастауыш партия ұйымының қатарын толықтыратын тағы бір филиал Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы кәсіпорында құрылды. Әрине, ең ірі партия ұйымдары Көкшетау (4048 адам), Степногорск (3382), Атбасар (2625) филиалдары болып табылады. Партияның облыстық филиалы мүшелерінің саны 36 мың адамды құрайды. Біздің міндетіміз – партияға лайықты және жауапты адамдарды тарту. Партия мүшелерінің тазалығы, тәртіптілігі, әсіресе, ішкі партиялық тәртіп пен жеке тәртіп қағидасы еш бұзылмауы тиіс.
Негізінен, бүгінгі күні партияның бастауыш ұйымдарының идеологиялық жұмыстарға қатысуы күшейе түсті. Нұротандықтар пікірталас клубтарының, дөңгелек үстелдердің, ақпараттық үгіт-насихат шараларына белсене қатысады. Қоғамдық пікір көшбасшылары, скиперлер де партия жұмысына жиі тартыла бастады. Осыған байланысты нақтылы азаматтар санаттарын қолдауға бағытталған 12 жоба тиісінше партияның тұтастай беделін арттыруға ықпал ететін болады. Аталған жобалар аясында жүргізілетін іс-шаралар облыстағыдай, республика аумағында да оң пікір туғызды. Сондықтан, партия беделін күшейту үшін әр нұротандық халыққа бағыттап жатқан істерімізден жақсы хабардар болуы аса қажет. Бастауыш партия ұйымдары қандай жұмыстар жүргізеді, оның мүшелерінің белсенділігін арттыру бойынша қандай шаралар қабылдайды, партиялық тәртіпті қалай сақтайды, осының барлығы біздің жұмысымыздың қорытындысы әрі айнасы болмақ.
–Партия құрылғаннан бергі 15 жыл ішінде қоғамдық ұйымның тұрақтылығы жайлы айтып қана қоймай, оның кейбір қорытындыларын да шығарып жүрміз. Сіздің ойыңызша, осы орайда, алға қойған жоспар өз мақсатына жетті ме?
–Менің ойымша, бұрынғы сайлаулар барысында партияға көрсетілген жоғары сенім деңгейі ең алдымен, партияның өз міндетін орындап, сөзінде тұрғанын көрсетеді. Бұл бүгінгі экономикалық тұрақсыздық жағдайында да аса маңызды мәселе. Біз адамдардың мәселелерін сайлауалды науқандар кезінде ғана шешіп қоймаймыз, мүмкіндіктерді іздестіріп, жүйелі қарастыруға тырысамыз. Партия алдында қойылған стратегиялық жоспарлы міндеттер жоғарыда айтып өткенімдей, біздің нақты сайлауалды бағдарламамыз болып табылады.
Осы орайда, мысалдармен сөйлесек, «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыруда белгілі жетістіктерге қол жеткізілді. Аталған жоба қазір денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру және олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшелері ретінде сезінуі, инклюзивті білім беру жүйелерін кеңейтуге кең жол ашып отыр. Бұған қоса, өткен есепті кезеңде облыстық партия ұйымымен бірқатар іс-тәжірибелік шаралар жүзеге асырылды. Осының барлығы партияның өңірлік және аумақтық филиалдарын, әсіресе, бастауыш ұйымдарды нығайтуға бағытталған істер. Филиалдардың материалдық-техникалық базалары жақсартылып, жергілікті жерлерде партиялық қызметкерлердің кадрлық құрамы жаңартылуда. Алғаш рет өңірлік деңгейде қызметкерлерді аттес-тациялау өтіп, барлық филиалдар дербес ғимараттармен және автокөліктермен қамтамасыз етілді. Бейнеконференция жүйесі арқылы филиал қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдары төрағалары үшін онлайн-лекциялар мен дистанциялық оқыту шаралары өткізіліп тұрады. Көшбасшылар пулы мен кадрлық резерв қалыптасты, «Партияның 50 жаңа тұлғасы» жобасы бастау алды.
Ғаламторда партияны дамыту стратегиясы әзірленіп, «Электронды партия» жобасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізетін сайт жүйелі түрде жаңартылып, партияның жаңа нышаны мен оның жобалары бірлесіп насихатталуда. Осының бәрін қорыта келгенде, өткен есепті кезеңде қаншама іс-шаралар атқарылғанын байқаймыз. Алда әлі де келелі міндеттер тұрғаны айқын. Әрине, белгілі қол жеткізілген табыстарға тоқмейілсіп қарауға болмайды. Партияның Ақмола облыстық филиалының алдында да бұл бағытта көп жұмыс тұр. Басталғалы отырған есеп беру-сайлау науқаны осы игі істерге жаңа серпін береді деген сенім мол.
–Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Бақыт СМАҒҰЛ.