Өмір жолы өнеге

Менің замандастарымның өмірі екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі, кеңес үкіметі дәуірі де, екіншісі, еліміздің тәуелсіздік алып, егемен ел болып, нарық заңымен өмір сүріп жатқан қазіргі кезең. Біздің тәрбиеміз анамыздың ақ сүтімен, әке-шеше тәрбиесімен өрбіп, оған қоса, кеңес үкіметі заманында коммунистік тәрбиені көріп өстік.

Біз өмірімізді атақ-данқ, дүние үшін емес, халқымызға, елге арнадық. Коммунистік партия қайда жұмсаса, сонда еңбек еттік. Тағдырдың маған берген сыйы, өмірімде үлгілі, парасатты, жақсы адамдармен кездесіп, солармен қызметтес болдым, солардан үлгі алдым, үйрендім, соларға ұқсауға тырыстым. Олардың ішінде ел басқарған, елге тұлға болған ағалар: Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Қаратай Тұрысов, Оразбек Қуанышев, В.Демиденко, Кенжебек Укин, Н.Князев, В.Двуреченский, Кеңес Әубәкіров, тағы басқа да асыл азаматтар өмірлерін ел болашағына арнап, барлық білімі мен тәжірибесін ел үшін аянбай еңбек етуге жұмсады. Олардың сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын және қойылған мақсатқа жетер жолда өзін де, өзгені де аямайтын.   

Жастық шағымнан бастап есейгенге дейінгі біраз өмірім өткен Торғай өңірін ыстық сезіммен жиі еске алып отырамын. Бауырмал, еңбекқор, құшағы ашық елге Қазақстанның барлық облыстарынан аптал азаматтар келіп, адал қызмет жасап,  кәрі Торғайды түлетуге ерекше еңбек сіңіріп, тер төгіп, өшпес із қалдырып жатты. Сондай естен кетпес абзал  азаматтың бірі – Кеңес Аманұлы Әубәкіров еді. Ол 1934 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданы Сілеті ауылдық округінің «Бірлік» ұжымшарында ферма басқарушысының отбасында дүниеге келді. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын алып, туған өлкесінде әртүрлі қызметте болды.  1970 жылдың соңында Торғай облысы құрылып, сол тұста Алматының Жоғары партия мектебін бітіріп жатқан 26 жас кадр осы облысқа келді. Оларды Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаев  «Торғайдың 26 комиссары» деп атап, бұл сөз елге жайылып, кең тарап кеткен еді. Олар шын мәнінде комиссар деген атқа лайық қызмет жасады. Солардың бірі – Кеңес Аманұлы болатын. Ол кісі астықты Октябрь ауданына аупарткомның екінші хатшысы қызметіне сайланды. Сол кезден бастап, Кеңес ағамыздың әрбір бастамасы, баянды істері көз алдымыздан өтіп, бізге темірқазық секілді бағыт-бағдар болды, кейін бізге қамқоршы, ақылшы  болып жүрді. Жаңа құрылып жатқан аумағы үлкен, халқының саны аз облыстың әлеуетін көтеріп әкетуге жаңа кадрлар көп үлес қосты. Октябрь ауданында Кеңес ағаның жарқын істері жиі ауызға алынып, озық тәжірибесі үлгі етіліп жүрді. Бір жарым жыл өтпей, ол кісі Арқалық ауданына атқару комитетінің төрағасы қызметіне  ауысты. Мұнда да іскер, жаңашыл басшы аудан экономикасын көтеріп, облыс орталығындағы ауданның абыройын арттырып, өзінің іскер, қабілетті басшы екендігін дәлелдеді.
Торғай облысындағы көлемі жөнінен ең ауқымды, шаруашылықтары облыс орталығынан шалғай орналасқан,  шешілмеген проблемасы көп, жолы салынбаған, су мәселесі шешілмеген, бірыңғай мал өсірумен айналысатын Жангелдин ауданын көтеру үшін күн тәртібінде ауыл шаруашылығын жетік білетін  сенімді басшы табу мәселесі тұрды. Облыс басшылығының таңдауы Кеңес Аманұлына түсті. Ол Жангелдин  аупарткомының бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. 
Бұл жерде де жаңа басшының іскерлік қабілеті, білімі мен біліктілігі, мол тәжірибесі  аудан экономикасын көтеруге қызмет жасады. Кеңес Аманұлы осы елде жеті жыл қызмет істеп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы жағына қарай өзгертіп, жылдар бойы кенжелеп қалған көптеген мәселелерді шешті. Жангелдин  ауданының экономикасын өркендетіп, облыстағы жері құнарлы, темір жол бойына жақын орналасқан, алдыңғы қатарлы аудандармен иық тірестіретін жағдайға жеткізді. Ауданның топырағы құнарлы аймақтарынан астық өндірумен айналысатын «Юбилейный», «Бидайық», Ы.Алтынсарин атындағы кеңшарлар құрып, азық-түлік, малға жемшөп дайындау мәселелерін тиімді шешті. Сонымен қатар, аудан орталығынан мал өнімдерін өндіретін қасапхана салғызды.  Емхана, мектеп, монша, дүкен, кеңшарлар арасында және облыс орталығына дейін тас жол салу, әр ауылға электр қуатын жеткізу мәселесін толық шешіп, халықтың алғысын арқалап, артынан өшпес із қалдырып кетті. Кейін Жангелдин ауданынан Торғай облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарлатылған. Кеңес Аманұлы «Елім – мектебім, халқым – ұстазым» атты кітабында былай дейді: «Сағдиев Мақтай Рамазанұлы республикамызға Балық шаруашылығы министрі болып кетті. Ол кісінің орнын Еркін Нұржанұлы маған ұсынды. Мен әлі де болса игермеген көптеген жоспарлар бар екенін айтып, әзірше қозғамауын өтініп едім, келіспеді. Сөйтіп, Торғайға қиналып барып, қимай айырылысуға тура келді. Бірақ, ең алғаш ел басқаруға араластырып, есейтіп, бұғанамды қатырып, ел ағасы дәрежесіне көтерген Торғай халқымен, үзеңгілес, сыйлас болған азаматтармен әлі де арамыз алшақтаған жоқ. Көңілімізге көлеңке де түспеді» Кеңес Аманұлы жас Торғай облысы іргесін жаңа қалап жатса да, алғашқы күнінен Амангелді, Жангелдин аудандарынан қамқорлығы мен көмегін аямады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Сақан Құсайынұлы, кейін Еркін Нұржанұлы Әуелбеков те облыс басшыларының бәріне Торғай облысы негізінен, Жангелдин, Амангелді аудандарының облыс үшін орны ерекше екенін атап көрсетіп, соларға көмектесуге шақырып отыратын. Облыс құрылған алғашқы күннен бастап  1988 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласын басқарған екі асыл азаматты атап өтер едім. Олар Мақтай Сағдиев және Кеңес Әубәкіров. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім, кезекті бір келгенде Еркін Нұржанұлы мен Кеңес Аманұлына ел басынан кешіп отырған бір қиындық туралы «Қараторғай  кеңшарының орталығы тұрған жер – үш өзеннің қиылысы. Жазғытұрым су тасығанда жылда аудан, облыс орталықтарымен қатынас екі-үш айға тоқтап қалады. Ауырған адамдарды, аяғы ауыр әйелдерді аудан орталығына жеткізу өте қиындыққа түседі» деп едім. Арада екі ай өткесін бір күні облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары К.А.Әубәкіров телефон шалып, «Сенбі-жексенбі күндері  келемін, жанымда екі министр болады» деді. Айтқан мерзімде Кеңес Аманұлы Автомобиль жолдары министрі Шәміл Бекболатов пен Азаматтық авиация министрі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Г.Кузнецовты көмекшілерімен алып келіпті.    
Шаруашылықты екі күн мұқият аралап, кетерінде айтылған мәселелерге кірісеміз деп уәде беріп кетті. Артынан көп ұзамай, кеңшар орталығына бір мезгіл ұшақ келіп тұратын болды. Екі жылдың шамасында Қараторғай, Қайыңды, Саба өзендерінің үстінен көпір салынып, аудан, облыс орталықтарына көтерме жол тұрғызылды. Бұл бір ғана мысал. Басшының халқына жанашыр болып, ел алғысына бөленген мұндай жағдайларын көптеп келтіруге болады. 1988 жылы Торғай облысы таратылуына байланысты Кеңес Аманұлы Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Соңғы жылдары Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысында басшылық қызметтерде болды.
Кеңес ағамыздың өмір жолы ізін басып келе жатқан артындағы біз секілді бауырларына әрқашанда үлгі-өнеге. Торғайда Орал Мұхамеджанов, В.Брынкин, Р.Сариева, А.Сейітжанов, Н.Исләмиев, М.Қасымов, Ж.Өмірбеков, Н.Сейітжанова, тағы басқа бірге қызметтес болған адамдар Кеңес ағаның әрбір қадамы мен бастаған істеріне терең мән беріп, үлкен өнеге алғандарын  айтып отыратын. Ал, мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов Кеңес ағаның қарамағында қызмет жасап, тәлім-тәрбие алып, ағаның өнегесімен зор биіктерге көтерілді. Рухы асқақ, ұлтжанды азамат зейнеткерлікке шыққаннан кейін де кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық, сауабы мол иманды істер тындырды. Туған ауылы Сілетіде халықтың игілігі үшін, өз қаражатына 90 адамдық мешіт және қатым өткеретін асхана салып, пайдалануға берді. Сондай-ақ, елін қорғаған  тарихи тұлға Түгел батырға ескерткіш орнатуға және оның есімін тарихта қалдыруға көп еңбек жасады.
Кеңес ағаның еліне сіңірген еңбегі үнемі мемлекеттік наградалармен аталып отырды. Ол үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, он бір  медальмен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Ресейдің «Петр Великий» орденімен марапатталды. 1974 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, 1994 жылы Қазақстан Республикасының ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты және өзі жауапты қызметтер атқарған облыстардың бірнеше мәрте депутаты болып сайланды. Павлодар облысы Ертіс ауданының және Қостанай облысы Жангелдин ауданының «Құрметті азаматы» атақтары берілді.
Кеңес Аманұлы «Елім – мектебім, халқым – ұстазым» және «Теңізден терген маржандар» атты кітаптар жазып, халықтың жүрегіне имандылық нұрын сеуіп, өнегелі өмір жолымен жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі еңбек сіңірді.
Кеңес аға Қазақ ҚСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, аяулы Сағила жеңгеміз екеуі төрт бала өсіріп, оларды ұядан жақсы азамат етіп, тәрбиелеп ұшырды. Биыл ардақты аға  80 жасқа жетіп отыр. Ағамызға еліміз тәуелсіздік алған жаңа заманда әулетінің ортасында бақытты, ұзақ ғұмыр тілейміз.     
Амангелді САДЫРБЕКОВ,
зейнеткер.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар